Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы Орыс православие шіркеуі Митрополиттік округінің басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Митрополит Александр діндарлар атынан Президентке православие шіркеуіне көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.
– 2011 жыл – Қазақстан үшін ерекше жыл, бұл мерейтойлық жыл, біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы. Қазақстан бүгінде әртүрлі конфессия адамдары, әртүрлі ұлттар бейбіт өмір сүріп жатқан, толеранттылық, транспаренттілік, бейбітшілік пен келісім сақталған ерекше ел, бұл бос сөздер емес, толық мағынасына ие сөздер. Президенттің еңбегі осында. Осыған байланысты кейбір мәселелер біздің Ұлт көшбасшысымен болған кездесуіміз бен бүгінгі талқылауымыздың тақырыбы болды. Адам үшін ашық аспаннан, бейбіт өмірден, берекеге ұмтылудан артық ештеңе жоқ. Адамдар арасындағы жылы, шынайы адами қарым-қатынастарға ештеңе жетпейді. Бейбітшілік пен келісім – бұл ежелден береке символы. Біздің Президентіміз бұл туралы үнемі айтып келеді. Дұрыс пікірдегі адам қоғамдағы келісім тәрізді мұндай адами қарым-қатынастардың пайда болуына байланысты барлық нәрсеге толық қатысып, қолдап отыруы қажет. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі зор. Қазақстан бұл ретте нақты бағыт ұстанып, сенімді қадам жасап келеді. Айналаға қараңызшы – төңірегімізде қан төгілуде, этносаралық және дінаралық қарым-қатынастар жақсы емес, ал бізде – конфессияаралық және ұлтаралық келісім сақталған. Бұл – ислам көшбасшыларының, атап айтқанда, Бас мүфтидің еңбегі, бұл – мемлекеттің дұрыс ұстанымы, бұл – Орыс православие шіркеуінің дұрыс ұстанымы. Тек бірге, тек бірлесе отырып біз Отанымыз бен адамдардың игілігі үшін пайдамызды тигізе аламыз. Бұл мәселелерді біз тағы да елордамыз Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндердің кезекті 4-съезі қарсаңында талқыладық, – деді журналистерге арналған брифинг барысында Митрополит.