Қазақстан • 24 Мамыр, 2017

Бұқаралық сананы өзгерту – заман талабы

598 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында еліміздің рухани және интеллектуалды дамуының негізгі бағыты белгіленген еді. Қысқа мерзімде жүргізілген әлеуметтік сауалдамалардың нәтижесі көрсеткендей, халқымыздың басым бөлігі бізге осындай стратегиялық ойлардың қажеттілігін және болашақ бағдарымыздың дұрыстығын қуаттайды.

Бұқаралық сананы өзгерту – заман талабы

Кез келген ауқымды реформаларды іске асыру үшін алдымен қоғамдық санаға сілкініс керек. Сіз бен бізден тұратын қоғам неғұрлым рухани жағынан түлеп, оның ішкі мазмұны жаңғыртылып отырса, жаңғырту үдерісінен де соғұрлым жеңіл өтуге болады.

 Тарихқа көз жүгіртсеңіз, әлемде модернизациялауды сәтті өткізген бірқатар елдерді көруге болады. Атап айтқанда, Батыс Еуропадан – Ұлыбритания, Фран­ция, Германия, Шығыс Азиядан – Жа­по­ния, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия даму жолындағы биік шыңдарға, алдымен өздерінің рухани-мәдени мұрасын жаң­ғырту арқылы жеткен. Басқаша айт­қан­да дәстүрлі мәдениеті мен тамыры терең тарихи тәжірибені басшылыққа алған.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» де­мекші, жалпы, модернизациялауға ұлт бо­лып ұйысқан жағдайда және ел болып күш біріктіргенде ғана қол жеткізуге болады, тек сол кезде ғана әлемнің алпауыт елдерімен қатарласа аламыз.

* * *

 Модернизациялауды сәтті іске асыру үшін ойлаудың нақтылығы, ұтымдылығы және прагматизм қажет. Бұған төл тарихымыздан мысалдар жеткілікті. Қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақ­жайлылығы, тарих толқынымен қазақ жеріне тұрақтанған өзге ұлт өкіл­дерін жатсынбай, бауырына тарта білу қасиеті жаңа тұрпатты Қазақстан Респуб­ли­ка­сының қалыптасуы мен нығаюына ір­гетас болды. Қазақстан соғыс қар­саңын­да Қиыр Шығыс, Еділ, Қырым және Кавказдан күшпен көшірілген миллион­даған ұлт өкілдеріне ортақ шаңырақ, достық мекені болды.

Біздің қазіргі қоғамдағы шынайы мәдениеттің белгісі – байлықпен, орынсыз сән-салтанатпен мақтану емес, кері­сінше, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі қара­пайымдылық, ұстамдылық, қанағат­шылдық, рақымшылық болуы керек. Бар болсаң барыңды адамзат игілігіне жұмсау, мұқтаж адамдарға қолұшын беру – көрегенділіктің айқын көрінісі. Елбасы бұл турасында «Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге ба­сымдық бере отырып, осы жолда әр нәр­сені ұтымды пайдалану – мінез-құлық­тың прагматизмі деген осы» – деп ерекше атап көрсетті.

Кез келген қоғам және оның көш­бас­шылары озық тәжірибелерге сүйенбеген жағдайда жалпы адамзат қоғамын апатқа апаратын, популистік идеологияға жол ашылады. «Күллі ХХ ғасыр револю­циялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Әр­бір жұрт тарихтан өзінше тағлым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа... Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасі­ретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» дей келіп, «бүтіндей ұлт жүзеге аспайтын идеологиялардың жетегінде, жеңіліске ұшырады. Біз өткен ғасырда басты үш идеологияның күйреуін көрдік: коммунизм, фашизм және либерализм. Радикалды идеологиялар ғасыры өткенін» айтқан Н.Ә.Назарбаев бізге болашаққа бағытталған түсінікті, айқын нұсқаулардың қажеттілігін жеткізеді.

Тарихқа қарап отырсақ, кез келген мемлекеттің сая­си құрылысы мен эконо­ми­калық негіздерін өзгерту аса қиын болмаған. Ең қиы­ны – адамның санасын, әсі­ресе, ұзақ мерзім тотали­тар­лық жүйеде өмір сүрген адам­дардың санасын өзгерту десек, артық айтқандық емес. Жалпы, адамдардың жа­ңа өмірге бейімделуі бір басқа да, жаңа қоғамды бүкіл ішкі жан дүние­сімен сезінуі бір басқа. Кезінде «дү­ниені дүр сілкіндірген» социалистік революцияның нәтижесінде билікке келген большевиктер одақтас республикалар үшін қайғы-қасіретімен қатар шектеулі көлемдегі әлеуметтік табыс­тар, тегін емдеу мен оқыту және т.б. игіліктерімен де тарихта қалды. Алайда, сталиндік қуғын-сүргін, концлагерлер, сұранысқа негізделген «капиталистік елдер» экономикасының биік табыстары халықтан жасырылды. Кеңес халқы жетпіс жылдан астам уақыт бойы сырт әлемнен оқшауланды, «жабық есік» жағдайындағы темір торда өмір сүрді.

Ең сорақысы, кеңес халқынан «ком­му­нистік қоғам» құру мифі жолындағы миллиондардың қасіреті де жасырын күйінде қалды. КСРО-дағы коммунизм құру идеясының жалаң аңыз бол­ға­ны, халықты алдау-арбау болғаны тари­хи шындық. Н.Хрущевтің 1961 жылғы КОКП-ның XXII съезінде «1970-1980-жылдары КСРО-да коммунизм ор­натылады» деген мәлімдемесі аға буын­ның есінде болар. Алайда, нақ сол жыл­дары, кеңес халқы жейтін наны мен сүтін, еті мен майын, күнделікті тұтыну тауар­ларын алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрған-ды.

 К.Маркс, Ф.Энгельс, В.Ленин және олардың серіктестерінің қиялынан туған идеялардың нәтижесінде КСРО-да жеке меншік жойылды, есесіне мем­лекеттік және колхозды-кооперативтік меншіктің қожайынына айналған пролетариат диктатурасы, яғни кеңестік бюрократияға жол ашылды. Марксизм-ленинизм классиктерінің түсінігінде тарихтың қозғаушы күші – өндіріс пен ғылымның дамуы емес, мәңгілік тап күресі болды.

Бірпартиялық жүйе қалыптасты, коммунистік партиядан өзге партия­лар­дың қызметіне қатаң тыйым салын­ды, бейбіт шерулерге де шек қойыл­ды. Бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіп­одақтар, жастар ұйымдары жаппай бақылауда болды. Сырт көзге жағымды көрінетін бауырластық, достық, әлеу­меттік теңдік ұрандары социалистік үгіт-насихат мақсатында қолданылды.

Әлемдік діндерді (ислам, хрис­тиан, иудей) ысырып тастап, дінсіздікті уағыздаған большевизм «атеизм» теория­сын «жеңімпаз ілім» ретінде көрсеткісі келді, Жаратушыны да жоққа шығарды, мектеп оқулықтарына «дарвинизм» теориясын енгізді. Кеңестік билік дін жолындағы әулиелердің мазарларын қиратып, оның орнына большевик кө­семдеріне, «наркомдарға» бір типтегі ескерткіштер тұрғызумен әлек болғанына куә болдық.

Кеңес үкіметінің «коммунизм» идеясы ең алдымен социалистік даму жолына түскен Польша, Болгария, Въетнам, Моңғолия сияқты елдерге таратылды. Алайда, Кеңес одағының ыдырауынан кейін, көп ұзамай бұл мемлекеттер социализм идеяларынан бас тартып, нарық жолын таңдады.

* * *

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев­тың аталған мақаласында көте­рілген тағы бір маңызды мәселе – ұлттық бірегейлік, руханият, дәстүрлі мәдениетімізді сақтау. Сонымен қатар, меритократиялық басқарудың (лайықтылар билігі) маңыз­дылығына, қоғамның дамуына өзіндік үлес қосқан адамдар еңбегінің әділ бағалануына назар аударады. Тех­нологиялық революциялар заманауи кәсіби мамандарды даярлауды қажет етеді, сол себепті жалпыға білім беру әмбебап болуы шарт.

Н.Ә.Назарбаевтың мақаласындағы «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде қазақ тілінің біртіндеп латын әліпбиіне көшірілетіні де айтылған. Бұл ойын Президентіміз 2012 жылғы «Қа­зақстан-2050» Стратегиясында айт­қан болатын. Содан бергі уақытта латын­ға көшу көпшіліктің назарында.

Біздің ойымызша, қазақ әліпбиінің латынға көшірілуі ұлттық сананы жаң­ғырту жолында қоғамға пайдасын ти­гізбесе, ешқандай кедергі келтірмейді. Бұл бір адамның ғана ойынан шыққан қисынсыз дүние емес, әлемдік көштен қалмаудың зор мүмкіндігі деп есептейміз. Біздің рухани жаңаруымыздың бір саты­сы іспеттес, латын әліпбиіне көшу ар­қы­лы тарихи тамырларымызға қан жүгір­теміз.

Елбасымыз бұл шаруаның оңай емес­тігін, ұзақ мерзімді қамтитынын ес­кертті. Өтпелі кезеңде кириллица мен латын әліпбиі қатар қолданыста болмақ. Осы үдеріс Қазақстан азаматтарының құқықтарына нұқсан келтірмейтіндей, өскелең ұрпақтың да ауанына қарай, кезең-кезеңмен көшірілмек.

 Бетбұрысты жылдарда басталған шетелдік төлқұжаттарды пайдалану, орта және жоғары мектептерде өткен оқу сағаттары, интернет-ресурстар, әлемнің түкпір-түкпіріндегі достармен латын әліпбиін қолдану арқылы ағылшынша тілдесу қазақстандықтар үшін өте тиімді болады. Ағылшын тілін үйренуге бейім, жандары жаңалыққа жақын бүгінгі жас буын өкілдері бұл реформаны толықтай қолдайды.

Келесі маңызды мәселенің бірі – әлемнің 100 үздік оқулығын ана тілі­мізге аудару қажеттілігі. Оны іске асыру мақсатында арнаулы Ұлттық аударма бюросы құрылмақ. Әрине, мұндай игілікті іс оқу орындарының дәрісханаларындағы білім қуған жастар үшін жасалмақ.

Ескеретін жайт, Мемлекет басшы­сы­ның тәуелсіздік жылдарында сәтті жү­зеге асқан ұлттық «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы, содан кейінгі «Ғы­лы­ми қазына», 2013 жылғы «Халық – тарих толқынында» салааралық тарихи зерт­теулер бағдарламасы жалғасын тауып, елдің тарихи санасын одан әрі жетіл­ді­руге зор ықпалын тигізді деуге толық негіз бар.

Осы орайда Елбасымыздың гу­мани­тарлық саланың мамандарына, соның ішінде тарихшыларға «Туған жер» бағ­дарламасын ұсынуы ерекше бір сер­піліс беріп отырғанын айт­қымыз келеді. Бұл бағдарламаның ең бас­ты ныса­ны өлкетану жұмыстарына бағыт­тал­ған. Шын мәнінде, бүгінгі жас ұр­пақ­тың дүниетанымы өзін қорша­ған орта­ның табиғатын, қазбалы байлық­тарын білуден, сол аймақтың тарихи тұлғаларын танудан басталады. Сон­дықтан, аймақтардағы тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қалпына келтіруге және об­лыстық мұражай жұмыстарын жаң­ғыр­туға қоғамдық сұраныс бар деген сөз.

 Кеңес заманында жоғары оқу орын­дарының тарих факультеттерінде «Та­рихи өлкетану» пәнінің жүргізілгені әріптестерімнің есінде болар. Қазақстан тарихы бойынша «Өлкетану» пәні болашақта типтік оқу бағдарламаларына енгізілсе де артық болмайды. Кез келген мемлекеттің тарихы сол аймақтардың тарихынан бастау алады, қазақ қоғамы туралы біртұтас түсінік қалыптасады.

 Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасына деген сұ­ра­­ныс­тың тағы бір аспектісі бар. Мем­лекет басшысы «...туған жерге, оның мә­де­ниеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге деген ерекше көзқарас – бұл патриотизмнің басты белгісі. Бұл кез келген ұлтты ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деген тұжырым жасайды. Басқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасының басты мақсаты – жалпыұлттық, қа­зақ­стандық патриотизм үшін мықты негіз қа­лып­тастыру, бұқараның қоғамдық сана­сын жаңғыртуға қатысты нақты ұсы­ныс болды.

Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор