Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 2020 жылға дейiн елiмiздегi әлеуметтiк маңызы бар нысандардың барлығы мүмкiндiгi шектеулi азаматтар үшiн қолжетiмдi болуы керектігі айтылды. Еліміз 150 мемлекеттiң қатарында «Мүмкiндiгi шектеулi азаматтардың құқықтарын қорғау жөнiндегi» конвенцияға қол қойғаны белгілі.
Ал, конвенцияның басты мәселесі мүмкiндiгi шектеулі азаматтарға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету болып табылады. Облыс орталығында 2015 жылы еліміздің VI паралимпиадалық ойындар да өтті.
– Жалпы, мүгедектер мәселесінде өңірлер үшін тәжірибе алмасу бойынша республикалық семинар өткізуге Павлодар облысы таңдап алынды. Себебі, мүгедектердің қандай жағдайда болмасын өмір сүруге бейімделулері бойынша мониторинг нәтижесінде облыс бірінші орында тұр. Мұны біз қызмет көрсетуді ұйымдастырумен, медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысқан кезде де көрдік. Семинар-кеңес тәжірибенің басқа өңірлерде сәтті жүзеге асырылуына оң әсер етеді деген ойдамын, − деді Светлана Жақыпова.
Вице-министр айтқан тәжірибе мен еліміздің барлық өңірлерінен келген делегация мүшелері облыс орталығындағы «Profimed» медициналық кешеніне келгенде көріп, танысқан-ды. Кешеннің кіреберісінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, сондай-ақ, арбамен жүретін аналарға арналған сыйымдылығы 500 келі көтеретін құрылғы орналасқан.
− Біз пандустардан бас тарттық, − дейді кешен директоры Гүлбану Сейтенова. – Өйткені, бұл үйде лифті бар, есіктері кең, табалдырығы жоқ. Мүгедектерге қызмет жасайтын арнайы санитарлық торап бар. Орталықтан шықпай-ақ басқа бір көтеретін құрылғының көмегімен дәріханаға барып, кері қайтуларына болады. Бұл құрылғыны орнатпас бұрын сарапшылар ретінде мүгедектердің өздері шақырылады.
Семинарға келген топ жұмыс сапары барысында Ерекше білім беруді талап ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығында болып, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу, дефектология, психология, логопед кабинеттері және Монтессори бөлмесі, емдік дене шынықтыру залдарымен танысты. Орталыққа есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар келеді. Бұл жерде қызмет жасайтын әр маман кабинеттерінің қызметі жайлы айтып, жабдықтар мен әдістемелік әдебиетті көрсетті. Семинарға келушілерді топырақ терапиясы, «Дэльфа» құрылғысы, логопедиялық аумақтар, Монтессори жабдықтары қызықтырды.
− Ал түзету-дамыту сабақтарында балалар күн сайын 70 минут шұғылданады. Біз туғаннан бастап жеті жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейміз. Орталыққа келген қонақтардың бірі церебралды сал ауруына шалдыққан 6 жасар Дмитрий Казимцовтің қасына аялдады. Сол екен, Дима салған суретін сыйға тартып, қолтаңба ретінде Д әрпін жазды. Бұл біздер үшін толқынысты сәт, − дейді орталық қызметкері Динара Қайсина.
Бұл күні семинар жиынмен қатар С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте «ТОМ: Kazakhstan» жобасын жүзеге асыру бойынша алғашқы шара өткізілді.
− «ТОМ: Kazakhstan» – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған. 2014 жылдан бері АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания, Израиль, Бразилия, Канада, Австралия мен Вьетнамда ұйымдастырылып келді, − дейді Тель-Авив университеті кәсіпкерлік орталығының директоры Елена Донец.
«TOM: Kazakhstan» жобасын Павлодар облысында іске асыру», еліміздегі Тель-Авив университеті «Достар» қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапованың айтуынша, жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті түйткілді мәселелерін шешуге бағытталған. Мұнда шеберлер мен мүгедек жандар жұмыс істейді. Мысалы, мүгедектердің облыстық ерікті қоғамдық бірлестігінің басшысы Георгий Четвериков бастамасымен мүгедек жандар шағын автобустарға орнатылған мүгедектерге арналған арбадан түсіп-шығудың өзіндік жүйесін жасап шыққан. Вице-министр С.Жақыпова бастаған делегация келген кезде осы құрылғының алғашқы рет іске қосылып, жүргенін көрсетті. Арбада отырған мүгедектер көлікті енді өздері жүргізе алады.
− Бұл жаңалық емес шығар. Кеңес өкіметі кезінде мүгедектерге көліктер берілетін. Қазір де мүгедектер жасайтын жобаларды жүзеге асыруға жеңілдіктер берілгені қажет-ақ , − дейді Г.Четвериков.
Облыс орталығындағы «Самал» сауықтыру орталығы сал ауруына шалдыққан балаларды емдеумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Орталықта 54 қызметкер жұмыс істейді, 180-дей бала бар, олардың 105-і мүмкіндігі шектеулі жеткіншек, 75 балғын шағын орталыққа барады. Осы жылдар ішінде орталық 4,6 мыңнан астам бала денсаулығын сауықтырды.
− Сіздер өте үлкен қайырымды жұмыс жасап жатырсыздар, − деді Светлана Жақыпова орталық қызметкерлеріне.
Өткен жылы облыстық әкімдіктің қолдауымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қаладағы қажетті ғимараттарға 37,5 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазір бұл жерлерде Аутист балалар ата-аналарының ассоциациясы мен «Алтын Бата» қоры жұмыс істеуде. Балалар орталықта артикуляциялық жаттығумен оқытылады.
− Баламен үнемі қарым-қатынаста болу керек. Көп нәрсе ата-аналарға байланысты. Балаларды аутизм жағдайынан шығару үшін еңбектенудеміз,–дейді павлодарлық аутист балалар ата-аналары ассоциациясының құрылтайшы-директоры Дамира Абдрахманова.
Облыстық үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың айтуынша, облыста 28 мыңнан астам мүгедек тұрады. Негізінен барлық мемлекеттік мекемелердің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін есіктері ашық. Жеке меншік нысандардың иелері де бұл мақсатты іске қосылатындығына сенімді. Облыс бюджетінен мүгедектерді оңалтуға биыл 2748 9 теңге бөлініпті. Мүгедектерге әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Былтыр облыстық бюджет қаражаты есебінен Шарбақты ауданы, Шалдай ауылында жүйке ауруларын емдейтін, Май ауданында аудандық аурухана негізінде аяқ-қолдарының кемтарлығы бар жандарға арналған оңалту орталығы ашылды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен жоғары оқу орындары мен колледждерде мүмкіндігі шектеулі 135 студент білім алады. Өздігімен оқу орнына бара алмайтын 440 бала үйде оқиды. Оларға тоқсан сайынғы 6 АЕК мөлшерінде жәрдемақы беріледі. Қосымша қаражатқа 467 арба сатып алынды. Көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып келеді.
Семинарға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына кедергісіз орта жасау, жергілікті билік орындарының мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуы, инклюзивті білім беруді дамыту, үйде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету, сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған адамдарды жазасын өтеп жүрген жерлерінде жұмысқа орналастыру сияқты мәселелерді талқылап, үкіметтік емес ұйымдармен серіктестікте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде оңалту бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы