Дүние Димашпен тыныстап тұрғандай қазір. Әсіресе, миллиард қытайдың ортасына барғаннан бері мерейі мен мәртебесі артып, даңқы мен дақпырты асып, үніне әлем елітіп жатыр. Алты Алаштан шыққан ардақты ұлға алты құрлықты мекен еткен адамзатыңыз таңдай қағып, тамсанып отыр. Интернеттің иіріміне кіре қалсаңыз, Құдай бере салған Құдайбергеновтің өнеріне алақаны қызарғанша қошемет көрсеткен, жағы түсіп қалғанша таңғалған адамға куә боласыз-дүр. Жер жаһанның әр түкпірінен видео редакция жасап жатқан жұртты көріп, көкірегіңді ерекше бір қуаныш билеп алады. Қазақтың сайын даласынан тағы бір сайыпқыранның туғанына кәміл сенесіз. Алаш атын айдай әлемге паш ететін аяулы жанның ән әлемінің көгіне күн болып көтеріліп келе жатқанына имандай иланасыз. Сосын... ойланасыз.
Димаш Құдайбергеновке дейін қазақта мұндай әнші болмап па еді? Болды ғой. Әнеубір күні «Ерік Құрманғалиев тіріліп, ортамызға оралғандай болды» деген бағаны естідік. Ал осы Құрманғалиевті біздің бүгінгі қоғам біле ме? Атыраудың Құлсарысында туып, табаны тілінгенше дала төсінде жалаңаяқ жүгіріп жүріп түйе баққан бала Америкаңызды аузына қаратқан жоқ па? Голландияңыз тікесінен тік тұрып құрмет көрсетіп еді ғой. Қылышынан қан тамған, қаһарынан әлем ыққан Кеңес Одағында жалғыз ғана контртенор болған екен. Ол осы Ерік Құрманғалиев еді.
Контртенор дегенді музыкадан хабары бар кісілер біледі, бұл ер адамның әйелдің дауысымен ән айтуы дегенді білдіреді. Әлемде мұндай әншілер саусақпен ғана санарлықтай. Олардың өзін жастайынан осы бағытта тәрбиелеп, баулып дайындайды. Ал Ерік Құрманғалиев тумысынан, табиғатынан осындай дауысқа ие еді. Жаратқанның өзі солай жаратқан. Айтып-айтпай не керек, қазақтың маңдайына туған дарынды азамат болатын. Сол біздің маңдайымызға сыймады ғой. 2007 жылы ешбір елеусіз ғана о дүниеге аттанып кете барды. Іздеген, жоқтаған адам болмады. Әлемді әнімен ұйытқан таланттың тәлейлі тағдырының соңы өте үлкен өкінішпен аяқталды.
Одан арыда кім бар еді дегенде, біздің есімізге Амангелді Сембин түседі. Миланның «Ла Скаласында» ән айтқан атақты қазақ. Екінің бірі, егіздің сыңарына бұйырмайтын мұндай бақ Әулиеатада мыңғыртып жылқы айдаған Нақып күйшінің баласының еншісіне жазылыпты. Қанша жерден шовинистік пиғылы асқынып тұрса да, сол замандағы Мәскеу Сембиннің өнерін ерекше бағалап, қадірін түсініпті. Амангелді Сембин туралы көп айтылды, көп жазылды. Бірақ өмірден өткеннен кейін. Әсіресе, жазушы-журналист Қали Сәрсенбай Сембиннің өнері мен өмірі жайында дүркін-дүркін қалам тербеп, мәселе көтеріп келеді. Бірақ бар ғой, тірі күнінде көзге шыққан сүйелдей боп түртпек көрген талант өлісінде де аса көп бағаланып жатқан жоқ. Соған қарап отырып, арда қазақтың аруағынан да қорықпайды екенбіз деп ойлайсың кейде. Сосын тума талантын сақтай алмайтын қандай тас маңдай жұрт едік деп өкінесің.
Екі дәуірдегі екі ұлы әнші туралы ғана айттық. Қалғанын термелегеніміз жоқ. Дегенмен, қазақтың алтын құрсақ аналары тек әнші ғана тумайды. Біздің елді әлемге төтесінен танытатын басқа да таланттарды өмірге әкеліп жатыр. Солардың бірі Бекзат Саттарханов еді. Небәрі жиырма жасында жиырма жыл бойына сарыла күткен Олимпиаданың сары алтынын аялап алақанымызға салып еді ғой саңлақ. Үш дүркін Олимп шыңын бағындырамын деген арманы бар болатын. Қайтейік-ай?! Әселхан Қалыбекова апамыз айтпақшы, «құшағы қатты халық екенбіз». «Бекзатты үш ай құшағымызға қатты қыстық» та мәңгілік мекеніне аттандырып сала бердік қой.
Осы ретте жиырмаға жетпей бұ дүниеден көшіп кеткен қарағандылық боксшы Ермек Серіков еске түседі. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыстың бәрін ұтқан жалынды жігіт ересектердің арасына қосылғанында қапияда қаза тапты. Қарағандының түбінде әлдебіреулер пышақтап кетіп, ақыры қансырап өлді. Тірі болғанында осы Ермек еліңнің Көк байрағын нешеме рет көкте желбіретер еді-ау. Жолбарыс-жүрек жігіттен жайбарақат отырып айырылып қалдық қой.
Ойдың өрісі осылай өрілгенде Оразалы Досбосынов тіл ұшына оралады. «Құлманбеттің құлыны», айтыс өнерінде өшпес із қалдырған талантты ақын, тума дарын, төкпе сөздің тарланы отызға жетпей жалғанды тастап кете барды. Сақтай алмадық. Әрине, көзі тірісінде құрмет пен қошеметтен кенде болды дей алмаймыз. Бірақ мына пәнидегі күндерінің өте қысқа болғаны жүрегіңді езіп жібере жаздайды. Қазаққа керек азаматтың бірі еді ғой Ораз.
Әр саладан мұндай азаматтарды терсек, әзір тоқтамасымыз белгілі. Десек те, өксік аралас ентігімізді осы арадан баса тұрайық. Мұны неге айтып отырмыз? Біз осы бағыңды асыратын, мерейіңді тасытатын, атыңды әлемге әйгілейтін талантты адамдарды неге сақтай алмаймыз? Осыншама тасжүрек, безбүйрек, жылусыз, мейірімсіз жұрт па едік? Әлде қадірін білмейтіндей ондай ерекше адамдар қазақ даласында екі күннің бірінде туып жатыр ма еді? Туып жатқан жоқ қой. Ендеше мынау не бейқамдық? Атағы аспандап, дәуірі жүріп, дәурені шалқып тұрғанда ғана керек етіп, тағдыры тайғанақтап кетіп, теперіш көргенде көзіміз бақырайып қарап отыра беретін не әдет? Сонда бізге оның аты мен атағына малдану ғана жазылған ба? Бұлай болмайды ғой.
Әңгіме Димаштан шықты. Бүгін барлығымыз қанымыз қызып жанкүйер болып отырмыз. Енді осы баланы, Димаш секілді таланттарды сақтаудың жолын қарастырғанымыз жөн. Болашақта Амангелді Сембин, Ерік Құрманғалиев, Оразалы Досбосынов, Бекзат Саттарханов, Ермек Серіков сияқты таланттардың тағдырын ендігі ұрпақ кешпеуі керек. Сондықтан мемлекеттік деңгейде таланттарды сақтайтын, оларға қамқорлық көрсететін комиссия құрылуы қажет. Сан сала бойынша олардың тізімі жасақталып, әрбір күні есепке алынып, әрі-беріден соң қайда барып, қайда қоятыны, не ішіп-жейтініне дейін тіркеліп, хатталып отыруы тиіс.
Мұндай таланттардың өміріне тікелей жауапты орган құрмай, біз оларды сақтай алмаймыз. Өйткені, құшағымыз қатты. Қысып тұрып, тұншықтырып аламыз. Аспандатып төбемізге көтеріп тұрып, бір мезетте зау көктен төменге тастай саламыз. Құй мойындаңыз, құй мойындамаңыз: біз сондаймыз. Қапияда айырылып қалғанда «Қолда барда алтынның қадірі» жоқ деп өзімізді өзіміз өтірік жұбатамыз содан соң. Дәл бүгін бізге өтірік жұбаныш пен мезеттік қуаныш керек емес. Жауһардай, жақұттай азаматтарымызды оңды-солды шашып болған шығармыз. Енді оларды сақтаудың жолын қарастырайықшы...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА