08 Желтоқсан, 2016

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – Жетісу жерінде

126 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
edm_8026Жақсылыққа үміт артып, күте білу де бір ғанибет. Міне, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Жетісу жеріне де жетті. Алтынкөл бекетіне аялдаған пойызды Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдуллаев пен Еңбек Ері Күләш Ахметова бастаған өңір тұрғындары қарсы алды. Қазақы салт-дәстүрмен ырым да жасалды. Ел шекарасындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен осы өңірдегі Құрғақ порты туралы аудан басшысы қонақтарға қысқаша мағлұмат берген соң, ел анасы К.Ахметова тұрғындардың ынтымағы, татулықты ту еткен достығы туралы мақтана айтты. Елбасы тапсырмасымен ел аралап жүрген пойыздағы денсаулық сақтау, білім беру, азаматтар құ­қығын қорғау секілді салалар бо­йын­ша мамандар уақытты оздырмай бірден елмен етене араласып кетті. Бірнеше сағатта 325 адам талапқа сай тіркеліп, өз мәселелерін ортаға салып та үлгерді. Кәсіби мамандар мүмкіндіктері бойын­ша медициналық көмектерін көрсетумен шектелмей, науқас­тарға тиісті орындарға арнайы барып тексерілу жолдарын да айтып, құнды кеңестерін берді. Сонымен, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 7 желтоқсанда Талдықорған қаласына келіп тоқтады. Темір жол вокзалына 200-ге жуық адам жиналды. Дүйім жұрттың алдына Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар шығып, бұл күнді талдықорғандықтардың көптен күтіп жүргендігін, сондықтан медицина, әлеуметтік мәселелер және заң кеңесін беру, тағы да басқа салалар бойынша өзіндік көмек алу ниеттері бар екенін жеткізді. Келесі кезекте «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Халықаралық қатынастар» кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей ұйымдастыруымен өтіп жатқан республикалық акцияның негізгі мақсатына тоқталды. Жалпы, 7 министрлік пен 3 ұлттық компания­дан барлығы 272 адамнан тұратын делегация құрамында 71 медицина қызметкері бар екен. Мамандар Талдықорған қала­сында үш топқа бөлініп, халыққа қызмет көрсетуге кірісті. Түрлі нау­қастары бойынша зерт­хана­лар қорытындыларын алып, Тал­дықорған қалалық емха­на­сын­дағы дәрігерлерге ағылды.Ем­хана маңында сықасқан көліктің көп­тігі өз алдына, емхананың қос қа­батындағы кабинеттерге бөлінген дәрігерлердің алды бір сәт те босамады. «Тәуелсіз Қазақстан» пойы­зымен келген кәсіби мамандар дұрыс жол сілтеп, құнды кеңестерін айтудан жалыққан жоқ. Білім беру саласы бойынша Талдықорған политехникалық кол­леджі­нің мәжіліс залында семинар-кеңес өтті. Ал 103 этнос өкілінің басын қосқан салтанатты жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ашып, баяндама жасады. Қашанда өзіндік жарасымын таба білетін Ассамблея жиынына әр халық өкілі ұлттық киімдерін малынта киіп келіпті. Делегация жетекшісі Әміржан Әлпейісов басты құндылығымыз – рухани байлығымыз екендігін баса айтып, Елбасының кіндік қа­ны тамған өңірдегі 7 бекетті толық аралап шығу үшін сегіз күн жұмсалатынына ерекше екпін берді. Негізгі мақсат – тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерді халыққа айтып, елдің бірлігін нығайту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көріп, жақсарту, сонымен қатар халықтың құқығының толық қор­ғалуына, нұқсан келмеуіне ық­пал ету екендігі де ортаға салынды. Бір шаңырақтың астында бас­тары қосылған сайын тек жақсы хабарларымен бөлісетін әр ұлт өкілдері достыққа беріктігін бұл күні де көрсете білді. Сөйтіп, Дос­тық үйінде облыстық ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық кеңесі және этномәдени бірлестіктер өкілдері мен ақпараттық-насихат тобының қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәу­елсіздік – тұғырым» атты форум өтті. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы белгіленген кестеге сай түнделетіп Үштөбеге бет алды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы