АРМИЯМЫЗ БИЫЛ ҮШІНШІ РЕТ ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ҚАТЫСПАҚ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Конституция күніне арналған әскери шеруге әзірлік шілденің шіліңгір ыстығында басталды. Төгілген тердің текке кетпегенін елордамыз Астанада 30 тамыз күні өтетін әскери шеруде көз жеткіземіз. Оған 2500 әскери қыметкер, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ қатысады.
Конституция күніне арналған әскери шеру биыл осымен үшінші рет «Қазақ елі» монументі алдында өткізілгелі отыр. Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалауын көтеретін әскери шеру биыл да басты оқиғалардың бірі болмақ. Қазақстандық әскери қызметкерлер құрлықта, әуеде күрделі әскери техниканы жоғары кәсіби шеберлікпен басқара алатындықтарын паш етеді.
Бар-жоғы үш жыл болса да дәстүрге айналып келе жатқан мерекемізді қазақстандықтар сағына күтіп, онда болар жаңалықты өз көздерімен көруге асығады. Биылғы шерудің өткен жылғымен салыстырғандағы ерекшеліктері мен жаңалықтарын ауыз толтырып айтуға болады.
Біріншіден – тамыз айының 25-інен бастап Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қарулы Күштерімізде жаңа, жетілдірілген мерекелік және күнделікті киіп жүретін әскери киім үлгіcінің енгізілгендігі. Бір айта кетерлігі, Отан қорғаушылар Конституция күні, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтетін әскерлер шеруінде жаңа киім үлгісін тұңғыш рет киіп шығады. Демек, бұдан былай қазақстандық әскери қызметшілер еліміздегі әйгілі киім дизайнері Құралай Нұрқаділова әзірлеген жаңа мерекелік және күнделікті әскери формаға ауысады.
Әскери киім қазіргі таңда Қазақстан армиясының әскери қызметшілері мен офицерлері киіп жүрген формадан ерекше. Оны әзірлеу кезінде тартымды талдаулар жасалып, бүгінгі күннің талаптары, шетелдердің озық тәжірибелері, сондай-ақ, әскери қызметшілердің тілектері мен ұсыныстары еске алынды.
Қазіргі таңда Қазақстан экономикасының өсуі қазақстандық әскери қызметшілердің формасын ең жоғары халықаралық стандарттарға сай болуына жол ашуда. Біздің тоқыма фабрикаларында аса төзімді мата үлгілері пайда болды. Осы формалардың отандық мекемелерде тігілуі де үлкен жетістіктің белгісі.
Әскери қызметшілердің жаңа киім-кешегінің реңі де өзгеріске ұшырады. Құрлық әскерлерінің салтанатты және күнделікті киім үлгісі үшін «қара жусан» түс, ал Әуе қорғаныс күштері үшін – қара көк түс қолданылса, Әскери-теңіз күштері әскери қызметшілерінің киімі іс жүзінде өзгеріссіз қалып, флоттың көпғасырлық дәстүрлері сақталды.
Бас киімдер де өзгертілді, атап айтқанда фуражкалар. Ол қазіргі заманға сай үлгіге ие болды. Төбесі кішірейтіліп, барлық металдық фурнитура орнына кесте тігілді. Погон мен жең үстіндегі белгілер дизайны жетілдірілді.
Жоғары офицерлік құрамның салтанатты киім-кешегінде қолданылған кестелеу – лавр жапырақтарының ұлттық оюлармен үйлестірілуі киім үлгісіне сәнді сипат берді. Жаңа форманы киіп, сыннан өткізіп үлгерген әскери қызметшілер оның әдемілігі мен ыңғайлылығын, жайлылығын және барлық талаптарға сай екендігін, жаңа келбетке де ие болғанын сезінді.
Екіншіден – қазақстандықтар бұған дейін бұрын-соңды көрмеген жаңа әскери техникалар мен жасақтарды еліміздің бас алаңынан биыл бірінші рет тамашалайды. Механикаландырылған лекке танктерге қолдау көрсететін жауынгерлік машиналар, ауыр оқ ататын жүйелер және жетілдірілген БТР-82 әскери техникасы қосылмақ.
Үшіншіден – әскери шеруге тұңғыш рет мергендер жасағы мен Құрлық әскерлерінің таулы атқыштар бригадасының әскери қызметшілері қатысады. Құрама таулы жағдайда дұрыс ұрыс жүргізуі үшін барлық қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Биылғы әскери шеруге қатысушы лектер әр тектілігімен ерекшеленбек. Әйел әскери қызметшілерден құралған екі колонна – «қорап» көз қызықтырмақ. Мінбер алдынан санитарлық нұсқаушылардың топтастырылған ротасы мен әскери азаматтармен бір сапта қолға қару алып жауынгерлік тапсырма орындауға әзір әйел әскери қызметшілер көпшілікті тамсандырмақ.
Төртіншіден – биыл ангарларды артқа тастап, аспанда атой салатын 60-тан астам авиациялық техникалар: дыбыстан да жылдам ұшатын шабуылдаушы, майдандық, бомбалаушы ұшақтар мен жауынгерлік тікұшақтар көпшіліктің көзайымына айналмақ.
Қанатты техниканың құлағында ойнайтын әскери ұшқыштар жауынгерлік тәртіп бойынша ұшып, «сына», «ромб», «пирамида», «жебе» тәсілдерін көрсетеді. Астана қонақтары мен тұрғындары үшін нағыз сыйлықты «Барыс-Жетісу» ұшу тобы даярлап отыр. Мәселен, «Бәйтерек» деп аталатын тәсілді олар аспанда сағатына 800 шақырым жылдамдықпен ұшып келіп жасайтын болады. Ал «Нестеров тұзағын» Су-27 ұшағы звеносы сағатына 350 шақырым жылдамдықпен ұшу арқылы шеберлікпен орындамақ. Сөйтіп, аспанда өтетін әскери авиа думан әсерлігімен есте қалмақ.
Жүніс ОМАР, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі бөлімінің бастығы, полковник.
–––––––––––––––––
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.