Бұл адамзат тарихында орын алған әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апат болатын. Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысқан 32 мың қазақстандықтың қазір 6797-сі ғана жер басып жүр. Солардың қатарында болған 2 мың ақтөбеліктің 278-і ғана аман-есен. Олардың 218-і мүгедек. Үстіміздегі жылғы 26 сәуірде сол бір күрделі кезеңде апатты залалсыздандыруға атсалысқан жерлестерімізге орнатылатын ескерткіш-белгінің тұғыртасы қойылған-ды.
Конституция күні қарсаңында осы ескерткіш-белгінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған Чернобыль атом электр стансасында болған апатты залалсыздандыруға қатысушылар, соғыс және еңбек ардагерлері, қалалықтар қатысты. Чернобыльдіктерге орнатылған ескерткіш-белгінің салтанатты ашылуында сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев апатты залалсыздандыруға қатысушылардың азаматтық парызын адал атқарғанын, олардың ерлік істері ешқашан ұмытылмайтынын, бұл тақсыреттің ұрпақтар жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Жастарға патриоттық тәрбие берудегі чернобыльдіктердің өнегелі істеріне тоқталды.
Осы шараға арнайы келген Чернобыль ардагерлері одағы үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев, Павлодар облыстық «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарбек Айтжанов Чернобыль атом электр стансасында болған техногендік апатты ауыздықтаудағы қазақстандықтардың ерен ерлігін кеңінен әңгімеледі. Денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жалпыадамзаттық аждаһаны залалсыздандырудағы ерлік істері қандай да құрметке лайық екенін еске салды. Соғыс және еңбек мүгедектері облыстық қоғамының төрағасы Федор Чемоданов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде жергілікті биліктің ардагерлерге, ауғандықтарға және чернобыльдіктерге әлеуметтік қолдау көрсетуді жүйелі жүргізіп келе жатқаны үшін алғыс сезімін жеткізді. «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сатов чернобыльдіктерге тұрмыстық жеңілдіктер қарастырып, осы ескерткіш-белгіні қоюға қолдау-көмек көрсеткен облыстық және қалалық әкімдіктерге шексіз ризашылығын білдірді.
Ескерткіштің тұғыртасында «1986-1990 жылдары Чернобыль АЭС апатын залалсыздандыруға қатысқан ақтөбеліктерге тағзым етеміз» деп жазылған. Шараға қатысушылар өмірден озған чернобыльдіктерді бір минөт үнсіздікпен еске алды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.