30 Тамыз, 2011

Арқа сүйерлеріміз бар

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Расын айтқанда, спортпен алаңсыз шұғылдануға, оны тереңдете жалғас­ты­рып, ақырында діттеген мақ­сат­тар­ға жетуге көмек-қолдау­дың ықпал-әсері зор екендігін біз жақсы білеміз. Кейінгі кезде мемлекеттік қамқор­лық­тың күшейе тү­суі­не бай­ланысты оны сүйік­ті серік етушілер үшін жақсы жағдай қалыптасты. Сонымен бірге, жекелеген ұйымдар мен аза­маттардың демеушілік үрдіс қалыптастыруы осы ба­ғыт­тағы талпынысты таудай қы­лып келеді. Өз еркімен, кө­ңіл қалауымен сүйеніш, тірек болуға тілек қуантарлық құ­былыс қазіргі. Сондайлық ниет білдірушілерге разылығымыз ерекше. Сөз орайында ортаға салғанда, қарағандылық спортшылардың жұл­дыздары жарқырап, ел туын жоғары көтеріп, алысқа танылып жатуы бір жағынан солардың кең пейілдері арқасында дер едім. Ал арамызда талапкерлерге жанашырлар аз емес. Мәселен, мен бұл ретте Виктор Лим деген азаматтың есімі мен ісін айрықша атауыма болады. Кезінде өзі де кілем үстінде күш сынасқан, бүгінде белгілі кәсіпкер ол мінеки, бірнеше жылдан бері қазақ күресін дамытуға үлкен үлес қосуда. Жа­рыстардың үлгілі өтуін, оған жер-жерден балуандардың қамтылуын жомарттықпен қолдайтын бірден-бір кісі осы. Маусым айында Қара­ған­дыда ұйымдастырылған қазақ күресінен республикалық спарта­киа­даның есте қаларлықтай болуы­на алдымен Виктор Афана­сье­вич­тің белсенді көмегінің зор септігі тиді. Ол шәкірттерімнің халықаралық ірі сайыстарға қатысуын қамтама­сыз етуден қашанда қалыс қал­май­ды. Былтыр Астанада өткен әлем чемпионатына өз сал­ма­ғы бойынша белдесушілер арасында жүл­делі орын­нан көрінген Олжас Слам­бековтің дайын­дығын, бару­ын көтерді. Бір кезде қолым­нан қанат қағып, атақты самб­ошыға айналған Талғат Байшолақов та ізбасарлары талабын ұштауға әрдайым ынталы азамат. Қазақ қыз­да­ры арасынан алғашқы сам­бошы атанған Келбет Нұр­ға­зина тәрізді мақтанышы­мыз­дың қамқоры екенін көп­шілік біле бермеуі мүмкін. Айта берсе, аймағы­мыз­да осындай спорт демеушілері аз саналмайды. Жаттық­тырушылар, спортшылар, ата-аналар атынан олар­ға ақ алғысымды жеткізгім келеді. Әрқайсысының жақ­сылығы мен қайырымдылығы үлкен спортқа себілген шапағат. Оның шуағына бөленген шәкірт­те­рім өз тараптарынан сенімді ақтауға, намысқа берік. Диқанбай БИТКӨЗОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қарағанды облысы.