Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары.
Н.Ә. НАЗАРБАЕВ.
_____________
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында саясатшылардың, ғалымдардың, сарапшылардың назарын елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы жарқын жетістіктері ғана емес, біздің мемлекетіміздің конституциялық құрылымы да қатты аударып отыр. Соның бір бірегей көрінісі Астана қаласында өтіп жатқан, Конституция күніне арналған «Мемлекет және жеке тұлға: Қазақстанның 20 жылдағы даму қарқыны» атты халықаралық ғылыми-іскерлік конференция. Оның жұмысына көптеген елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
«Мемлекет және тұлға: Қазақстанның өркендеу жолы мен дамуының 20 жылдығы» атты халықаралық форумның тақырыбы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен еліміз Конституциясының күніне арналған жаңа егемен мемлекет құрудың нақты мысалдарын алға тарта отырып, тұлға, Ұлт көшбасшысының тарихи рөлі жайлы кеңінен ой тарқатуға қолайлы мүмкіндік береді.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, оны «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңмен бекітті.
Соның алдында 1 желтоқсанда қазақстандықтар алғашқы жалпыхалықтық еркін сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевты өздерінің Тұңғыш Президенті етіп сайлаған болатын.
Халқымыздың дәл осы бірауыздан жасаған дана таңдауы Қазақстанның келер 20 жыл ішінде мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының тағдырын толық шешті.
О. Бисмарк: «Тарихты жазу емес, жасау маңызды», – деген екен. Бірақ бұл – адамзаттың мыңжылдық тәжірибесі көрсетіп отырғандай, әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Шын мәнінде ұлы тарихты ұлы адамдар жасайды.
Мұндай тұлғалар ерекше қасиеттерге ие: пәрменді және оның тиімді даму жолдарын әріден көру, өміршең парасат және сирек кездесетін есте сақтау қабілеті, жұмыс істеудің қуатты жігері, өз шешімдерінің дұрыстығына мүлтіксіз сену, қайтпас қайсарлық, алдына қойған мақсаттарға жете алатын ерекше сирек қасиет. Оларға қосымша ойлаған ісін жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін орындау шеберлігі тән.
Осы және басқа да қасиеттердің бәрі Алла берген көшбасшылық қабілеті бар Н.Ә.Назарбаевтың бойында бар. Дәл оған ғасырлар тоғысында, жаһандық өзгерістер дәуірінде өз халқы үшін тарихи жауапкершілікті мойнына алып қана қоймай, әлемдік үдерістерге елеулі ықпал ету маңдайына жазылған.
Тәуелсіздікке қол жеткізер алдында Қазақстанның егемен мемлекет ретінде даму мүмкіндігі күмән келтіретіндей болжамдарға негіз болғаны белгілі.
Ел экономикасы Орталықтың шикізат көзі болып, басқа бір бөлігі КСРО-ның әскери-өндірістік кешеніне жұмыс істеді. Республика экономикасының 93 пайызы Одаққа бағынып, тек 7 пайызы ғана өз қажеттіліктерін қамтамасыз етті.
Қолдан жасалған экологиялық апат аймақтары – Арал теңізі мен Семей ядролық полигонының зардаптары қоғамға аса ауыр тиді. Сонымен қатар, сол кезеңде бірқатар бұрынғы кеңестік республикаларда көптеген ұлтаралық қақтығыстар салдарынан халықтың қаны төгіліп жатты. Осы орайда көпұлтты және көп дінді Қазақстан шынында да, болуы мүмкін қауіп-қатердің алдында тұр еді.
«NPQ» журналына 1993 жылы берген сұхбатындағы әйгілі Збигнев Бжезинскийдің Қазақстанда мұсылман және христиан діндері өкілдерінің арасындағы қақтығыс (күрес) югославиялық сценарийдің қайталануына әкеліп соғуы мүмкін екендігі туралы пікірі де кездейсоқтық емес. Америкалық саясаткер Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет ретінде дамуына пессимистік болжам жасаған жалғыз адам емес болатын.
Осындай күрделі жағдайда Президенттің қандай да бір қате жіберуге мүмкіндігі жоқ еді. Ең алдымен, Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етіп, бұл жетістікті 20 жыл ішінде көзінің қарашығындай сақтап келеді.
Президенттің бастамасымен көпұлтты мемлекетте бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің бірегей институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, жұмыс істеп келеді. Осылайша, Н.Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының берік негізін қалады.
Осыған орай Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер өз сөзінде: «Тәуелсіздікке қол жеткізгелі Сіздің үлгілі саясатыңыз халқыңызды бостандыққа жетеледі. Пессимистер этникалық және рухани әркелкілік еліңіздің азаматтарын жақындастыра алмайды, бұл Қазақстанның әлсіреуіне әкеледі деп өз тұжырымдарынан шикі қорытынды жасауы мүмкін. Алайда Қазақстан өз ұлттарының мәдени алуан түрлілігінің арқасында жылдан-жылға гүлденіп келеді. Ал этностардың сан түрлі дәстүрлері мен әртүрлі дінге сенуі мемлекет қуатын оң энергетикамен толықтыруда. Сіз еліктеуге лайық тұлғаға айналдыңыз», – деп әділ атап өткен еді.
Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, халықтың жоғары сеніміне сүйене отырып, Елбасының батыл, жедел экономикалық реформаларға саналы түрде бел буғаны Қазақстанның жоспарлы басқарудан нарықтық экономикаға көшудің күрделі өтпелі сатысынан көршілерінен әлдеқайда ерте және табысты өтуіне мүмкіндік берді. Президент осы жылдар ішінде тәуелсіз Қазақстанның сатылы дамуының «Жол картасы» болып табылатын нақты және тиімді «Қазақстан – 2030» стратегиясын ұсынды.
Бұл конференцияда 1995 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясын дайындау мен қабылдаудағы Ұлтымыздың көшбасшысының үлесі туралы көптеген сөздер айтылатын болар. Мен, сол кезеңнің куәсі ретінде Н.Назарбаевтың Ата Заң жобасы бойынша жұмысы жөнінде өз әсерімді ортаға салғым келеді.
1995 жылдың шілдесі болатын. Президент қысқа мерзімді демалысқа Анталияға келді. Осы аз ғана 10 күн ішінде ол заң жобасы бойынша қауырт жұмыс істеді. Оның ұшан-теңіз, әртүрлі заңнама әдебиеттерді зерттеп, өз ескертпелері мен сілтемелерін жасау қарымы таң қалдырды. Бұған Президенттің табанды каллиграфиялық жазуымен толтырылған блокноттардың үлкен бумасы қосылды. Кейде жобаны дайындаушы жұмыс тобының кейбір мүшелерімен жедел байланыстыру туралы тапсырма беретін. Және конституцияның әр бабын өзі мұқият оқып, тиісті түзетулерін жасап, тіпті кейде тұтас тараулар да қосатын. Бұл әдет және де күн сайын қайталанып жататын.
Жаңа мәтінді дайындау барысында әлдебір елдің конституциясын көшіруді емес, Қазақстанның орны мен жағдайын ескере отырып, басқа мемлекеттер тәжірибесінің негізінде біздің қоғамдық-саяси құндылықтарға, рухани-адамгершілік, жалпыұлттық құндылықтарымызға сай болатын Ата Заңның жобасын әзірлеуді мақсат етті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың басты ұсыныстарының бірі Конституцияның алғашқы бабында мемлекет қызметінің негізін қалаушы ұстанымдарды бекіту болды. Бұл – қоғамды келісім мен саяси тұрақтылық, халық игілігіне бағытталған экономикалық даму, қазақстандық патриотизм. Өркениетті мемлекет, ашық азаматтық қоғамға тән қасиеттердің болуы баста назарда болды.
«Біз билік құрудың жаңа ұстанымдарын бекіткен және азаматтардың негізгі құқықтарын қорғайтын өз Конституциямызды қабылдадық. Және біз басты жетістіктерімізге 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың арқасында жетіп отырмыз», дейді Президент өз сөзінде әділ мақтанышты сезіммен.
1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде өз болашағын таңдады. Бұдан былай 30 тамыз – Конституция күні жалпыұлттық мерекеге айналды.
Осы жылдар ішінде Президент Конституцияның рухына адал түрде, қазақстандықтардың басты құқығы – лайықты өмірге құқығын табандылықпен қамтамасыз етіп келеді. Оның әлеуметтік-экономикалық саясатының тиімділігі, әсіресе, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан тіпті ең дамыған елдерде әлеуметтік шығыстар қысқарып, өнеркәсіптер жабылып, жұмыссыздық өскен соңғы жылдарда айқын көрінді. Ал Қазақстанда, керісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіптер өркендеп, тұрғын үйлер салынып, стипендия, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақылар өсу үстінде. Жастарға арналған білім алу гранттарының саны артуда. Отандық білім алу және денсаулық сақтау салалары қарқынды дамып, олардың деңгейі мен сапасы өсіп келеді. Барлық осы әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді демократияның дамуы мен қоғамымыздың саяси либерализациялануы жан-жақты бекіте көрсетуде.
Бүгінде Еуразияның жүрегінде Президентіміздің түлегі – ару қала Астана бой көтеріп келеді. Жаңа елорда тәуелсіз Қазақстан мен оның Көшбасшысының зор қуатының көрсеткішіне айналды. Астана жылдан жылға көркейіп, әлемге танылуда.
Елбасымыздың өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан лайықты үлесі, белсенді сыртқы саясаты халықаралық қауымдастықта құрмет пен қолдауға ие болып, мәртебесі өсіп келеді. Ол жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп атауға лайық. Солайша, Н.Назарбаевтың даналығы мен ерлігінің арқасында еліміз әлемдегі қуаты бойынша төртінші орындағы ядролық арсеналынан бас тартып, Семей ядролық сынақ аймағын жапты. Семей ядролық сынақ аймағының жабылу күні – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысы Қазақстан мен оның Көшбасшысының ядролық қауіпті таратпау және азайтудың жаһандық үдерісіне қосқан үлесіне берілген жоғары баға болып табылатыны сөзсіз.
Өткен жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етіп, он бір жылдық үзілістен соң Президент Н.Назарбаевтың бастамасы және басшылығымен Астанада осы халықаралық ең беделді ұйымның саммитін жемісті өткізді. Астана Декларациясы ендігі жерде Қазақстанның атын халықаралық қатынастар тарихына алтын әріппен жазды.
Өткен сайлауда Елбасының үстем жеңісі Қазақстан халқының бүгіні мен ертеңін тәуелсіздік жылдарында өз елін бейбітшілік пен өркендеу жолымен тұрақты алып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстыратынын айқын дәлелдеп берді.
Конституцияға сәйкес Президент – халық бірлігі мен мемлекет билігінің, Конституция мызғымастының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының символы және кепілі. Расымен де, сыннан сүрінбей өтіп, халқы мойындаған Ұлт көшбасшысы жаңа тарих кезеңінде қазақстандық қоғамды біріктіруші фактор болып қала беруде.
…Мемлекетті құру үдерісі ешқашан тоқтамақ емес. Қазіргі өмір бізден кейбір, соның ішінде конституциялық өзгерістерді талап етуі мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық – қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы халқымыздың игілігіне, тәуелсіз еліміздің бейбітшілік пен келісіміне, береке және өркендеу жолымен одан әрі дамуына қызмет ете береді.
Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.