30 Тамыз, 2011

Ораза айт мейрамы құтты болсын, жамағат!

4266 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар! Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қи­май қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кез­дескен қиындықтарға сабыр етіп, Жа­ра­ту­шы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстау­ға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақ­та­рына сабырлық таныта алатыны сөзсіз. Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Еңбектеген сәбиден еңкей­ген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мә­ди­на­ға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мей­рамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары», деп осы ислами мейрам­дар­дың мәртебелі екендігін білдірген. Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Ислам шариғатында пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғидул-фитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шек­теулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастарқан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар, бұл күні мұсылмандар өлілерін де еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін ар­найы аралау да ерекше маңызды. Өйткені, Алла тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақ­сы­лыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсыл­мандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. Дәл осы күні балаларды жаңа киім, тәттілер мен сыйлықпен қуантуды дағдыға айналдырсақ, ораза айтты олар да асыға күтетін болады. Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтқан адам екі рет қуанады: бірі – ауыз ашарда, екіншісі – ақіретте ұстаған оразасының сауабын алғанда», – деген екен. Бұл мейрам – он бір айға ауыз ашатын құдды бір үлкен ауызашардай. Сондықтан айт күндерінде ораза ұстауға болмайды. Айтта дүйім жұрт көңіл көтеруі керек. Әрине айт күндерінде де шариғатқа қайшы істерден аулақ болуымыз ләзім. Мүбәрак айдың құрметіне кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жасаған иеміздің разылығын тілеп, азық-түлік нарқын, қо­нақ­үйлер мен қоғамдық қызметтердің баға­сын 10 пайызға жеңілдетуге шақырған едім. Еліміздің барлық аймақтарынан көптеген кәсіпкер азаматтар үндеуіме құлақ түріп, ерекше ықыласпен қолдады. Алла тағала олардың жасаған қайырымдылықтарын сауаптан жазып, кәсіптеріне береке берсін! Отбастарына амандық тілеймін! Биылғы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ел мұсылмандары Қазақстан­ның жүргізіп отырған ішкі және сыртқы сая­сатына қолдау білдірумен қатар, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге мұнан былай да күш-жігерін аямай жұмсай бермек. Қадірменді Елбасы Н.Ә.На­зарбаев пен ел қамындағы асыл азамат­та­ры­мызға Алла тағала жар болсын! Ойға алған іс-жоспарларын жүзеге асыруға және елімізді әділдікпен басқаруға күш-қуат бергей! Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадат­тарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Мүбәрак ораза айт мейрамын отбасы, ошақ қасында, бейбіт аспан астында атап өтулеріңізді, еліміздің бірлік пен татулық құшағында өсіп-өркендеуін, жұрт аман, ырыс түгел, ақ мол болуын Хақ Тағаладан тілеймін! Әумин! Ізгі тілекпен, Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.