30 Тамыз, 2011

Экономикалық өсім болжамы қандай?

542 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өткен сенбіде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалы­ғы­мен қаржы-экономикалық блоктың заң жобалары, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық мәселелері қаралған Үкімет оты­рысы өтті. Онда Экономикалық даму және сауда министрі Қай­рат Келімбетов еліміздің 2012-2016 жылдарға арналған әлеумет­тік-экономикалық дамуының болжамы туралы баяндама жасады. Осы кезеңдегі Үкіметтің эко­но­микалық саясатының басты міндеттері теңдестірілген экономи­ка­лық өсуді жыл сайын 7 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету болып табылады. Қойылған мақ­саттар макроэкономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету, ай­мақ­тардың орнықты дамуы, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, адами капиталдың бәсекеге қабі­леттігін арттыру, сондай-ақ ин­дус­­трия­ландыру арқылы әртарап­тан­ды­руды жеделдету жолымен тұ­рақты экономикалық өсу үшін негіз жасау есебінен жүзеге асады. Экономикалық саясат эко­но­ми­каның шикізаттық емес секторын дамытуды ынталандыруға, ең ал­ды­мен, экономиканың нақты сек­то­ры кәсіпорындарының иннова­ция­лық қызметіне, қолайлы инвес­тициялық ахуал құруға, жеке ин­вес­­тицияларды ынталандыруға ба­ғытталатын болса, мемлекеттік ор­гандардың лицензиялық-рұқсат беру жүйесін және бақылау-қада­ға­лау қызметін жетілдіру арқылы бизнес-ахуалды жақсарту бойын­ша жұмыстар жалғаспақ. Бюджет тапшылығын болжамды ІЖӨ-ге қатысты 2012 жылғы 2,6 пайыздан 2014 жылы 1,3 пайызға дейін немесе 758,5 млрд. теңгеден 460,2 млрд. теңгеге дейінгі қысқарту жоспарланған. Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2012-2014 жылда­ры бюджет шығыстары саяса­ты­ның негізгі басымдықтары индус­трия­ландыру бағдарламасын қар­жы­ландыру, әлеуметтік саланы жаң­ғырту, халықтың тұрмыс жағ­дайын жақсарту мен мемлекеттік қызмет сапасын көтеру, сондай-ақ өсу нүктелерін қалыптастыру (ин­фра­құрылымдарды, әлеуметтік са­ла­ларды дамыту және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жаң­ғырту арқылы аймақтардың бәсе­кеге қабілеттігін арттыруға бағыт­талған жобаларды жүзеге асыру) болып табылады. Берілген тапсырмаларды жү­зе­ге асыру аясында 2012-2014 жыл­дар­ға арналған басымдықты рес­пуб­ликалық бюджеттік инвестициялар тізбесі қалыптасты­рыл­са, 2012 жылы 1066,1 млрд. теңге, 2013 жылы – 866,1 млрд. теңге, ал 2014 жылы 707,4 млрд. теңге қаражат бөлу қарасты­ры­лып отыр. Әлемдік экономикадағы жағ­дай­дың өзгеруін есепке ала оты­рып, орта мерзімді келешекте Ұлт­тық қор қаражаттарын қалыптас­ты­ру мен пайдалану жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, 8 млрд. АҚШ доллары көлемінде кепілдендірілген трансфертті шектеу ар­қылы Ұлттық қорда қаржы қара­жаттарын жинақтау саясаты жал­ға­сатын болады. Ұлттық қордың активтері 2015 жылға қарай 72,5 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі қажет, бұл ІЖӨ-нің 30,4%-нан кем емес бөлікті құрайды. Осыған бай­ланысты 2012-2014 жылдары Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт 1200,0 млрд. теңге көлемінде жоспарланған. Отырыс барысында Қ.Келімбетов ұсынған «Қазақстан Республи­касы Ұлттық қорынан 2012 - 2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жоба­сы бірауыздан мақұлданды. Соны­мен қатар, аталған жиында Қаржы министрі Болат Жәмішев ұсынған «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Елі­міздің макроэкономикалық дамуы­ның базалық сценарийі негізінде 2012-2014 жылдарға арналған рес­публикалық бюджеттің 2012 жылы – 4751 млрд. теңгені (2011 жыл­дың бюджетіне 502 млрд. теңгеге өсе отырып), – 2013 жылы –5031 млрд. теңгені (280 млрд. теңгеге өсе отырып) және 2014 жылы – 5424 млрд. теңгені (387 млрд. теңгеге өсе отырып) құрайтын өлшемдері қалыптастырылған. 2012 жылға арналған респуб­ли­калық бюджет кірістерінің бол­жамы (трансферттердің түсімін есепке алмағанда) ағымдағы жыл түсімдерін бағалаудан 274 млрд. теңгеге арта отырып, 3310 млрд. теңге сомасында анықталған. 2012 жылғы республикалық бюджет кірістерінде салық түсімдері ана­ғұрлым көп үлес салмаққа ие (97,3 %). 2012 жылғы салық түсімдері­нің елеулі үлесі корпоративтік та­быс салығы (37,5%) және қосыл­ған құн салығы бойынша (30,3 %) түсімдерге келеді. 2012 жылы әлеуметтік қамсыз­дандыру және әлеуметтік көмекк­е жұмсалатын шығыстар 134 млрд. теңгеге (12,5 пайызға) өсе оты­рып, 1209 млрд.теңгені құрайды. 2012-2014 жылдары білім мен ғылымға жұмсалатын шығыстар 1 132 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 2012 жылы – 365 млрд. теңге немесе 2011 жылдың жос­пар­лы көрсеткіштерінен 105 млрд. теңгеге жоғары. 2012-2014 жылда­ры денсаулық сақтау жүйесіне шығыстар 1303 млрд. теңгені, оның ішінде 2012 жылы 437 млрд. теңгені құрайды немесе ағымдағы жылға қарағанда 36 млрд. теңгеге өседі. Ал, мәдениет саласындағы шығыстардың жалпы сомасы 61 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы – 30,5 млрд. теңге, 2013 жылы – 17 млрд. теңге және 2014 жылға – 13,5 млрд. теңге болмақ. Жиын барысында «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да талқыланды. Со­нымен қатар, Премьер-Министр­дің орынбасары Ербол Орынбаев­тың Экономикалық ынтымақ­тас­тық және даму ұйымымен өзара ықпалдастық жөніндегі ұсыныс­тары да қолдау тапты. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.