1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасады. Бұл күні Бүкілхалықтық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл шын мәніндегі халықтық таңдау болды, өйткені, осыған дейінгі конституциялар уәкілетті органдардың шешімімен қабылданған болатын.
Қазақстан Республикасының Конституциясында тек адамның, азаматтың, мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың мәртебесі ғана емес, сонымен бірге, стратегиялық құқықтық идеялар да айқындалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп, ал оның ең басты құндылығы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жариялады.
Еліміздің Ата Заңы адамзат баласының жүздеген жылдар бойы қалыптасқан жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді.
Қазақстан Республикасының конституциясы – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзiнiң «Қазақстан жолы» атты кiтабында: «Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзiмдi қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституциялар, әсiресе ХХ ғасырдың екiншi жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткiзiлдi. 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшiн бұрыннан жинақталған тәжiрибелер, сондай-ақ бiздiң жағдайымызға сәйкес келетiн ең прогресшiл шетелдiк тәжiрибелер барынша толық пайдаланылған едi» деп көрсетті.
Ата Заңымыз – мемлекеттiлiктiң барлық арман-мүддесiн толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры болды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол бермей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашты. Сонымен қатар, еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді.
Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында 16 жыл ішінде қабылданған 1700-ден аса заңдар қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті, экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты. Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда «Адам және азамат» деп аталатын бөлім елдің ең асыл қазынасы – адам және оның құқықтары мен бостандығын қорғауға арналған. Атап айтқанда, 30-бап адамның құқығы мен бостандығы өмірге келген сәтінен бастап, оған тиесілі екенін және оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін бекітеді.
Біз адам болып өмірге келеміз, азамат болып қалыптасамыз. Мемлекетіміздің мәртебесіне, оның қорғауында болатынымызға сенгенде және өз құқықтарымызды біліп қана қоймай, оны қорғай білгенде азамат екенімізді сезінеміз.
Ал Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Атап айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкім қуғындалмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау, сайлану және тағы басқа құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес қорғалады. Яғни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.
Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын бекітіп қана қоймай, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің бүкіл қызметі адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын нақтылы айқындап берді. Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес, әрбір қазақстандық азамат өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Демек, осы конституциялық ережелерді негізге ала отырып, кез келген мүдделі тұлға өздерінің құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің сот арқылы тиімді қорғалуына қол жеткізе алады.
Азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау үшін соттар мен судьялардың тәуелсіз және бейтарап болуы басты шарт. Сондықтан Конституцияның 75-82-баптары судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің қажетті кепілдіктерінің болуын қарастырады.
2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сотқа қатысты конституциялық кепілдіктерді түбегейлі пәрменді етті.
Онда: судьяларға ешкімнің тиіспеушілігі, сотты құрметтемеушілік үшін жауапкершілік енгізу, судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұрудың және тоқтатудың негіздерін орнықтыру, судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылу жағдайларынан басқа кезде мәні бойынша қаралған немесе өндірісінде тұрған істер бойынша қандай да бір түсініктеме беруге міндетті еместігі, судьяға соттан тыс функциялар мен міндеттерді жүктеуге тыйым салу қарастырылған.
Соттардың заң жүзінде осындай мәртебеге ие болуы олардың тәуелсіздігін нығайтып, беделін бекітті.
Азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды тұлғалардың заңға қайшы шешімдері мен іс-әрекеттерін сотта даулауға біржола бет бұруы сотқа деген сенімнің өскенін көрсетеді.
Конституцияның негізгі ұстанымдары мызғымас берік, тұғыры тұрақты болғанымен оны еш өзгеріс енгізілмейтін, толықтырылмайтын догма деп қарауға болмайды. Өйткені, конституциялық саясат мемлекет және қоғамдағы даму мен жаңаруға сәйкес дамуы, жетілуі заңды құбылыс. Яғни, конституциялық құқықтың дамуы қашанда қоғам мен мемлекет дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес келмек. Ал, қоғамдық қатынастардың дамуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайлардың өзгеруі конституциялық ережелерді өмірдің жаңа өзгерістеріне сәйкестендіруді қажет етеді.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 21 мамырдағы Заң қоғамдағы кең де кешенді пікірталастардың нәтижесінде қабылданды және демократиялық, саяси дамудың жаңа кезеңіне жол ашты. Атап айтқанда, Парламенттің құрамы көбейіп, құзыреті елеулі түрде кеңейді, Мәжіліске сайлау тәртібі түбірімен өзгерді, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ, конституциялық новеллалар мен ұлттық заңнаманы конституциялық реформа талаптарына сәйкестендіру үшін Президент, Үкімет, Парламент және депутаттардың мәртебесі, Конституциялық Кеңес, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі, саяси партиялар, сайлау туралы заңдарға түзетулер енгізілді.
Қылмыстық заң да бірқатар өзгерістерге ұшырады. Қылмыстық заңды ізгілендіру, сотқа дейінгі және соттағы қылмыстық іс жүргізу нысандарын теңестіру, прокуратураны тергеу мен ізге түсу органынан тек қадағалау органына айналдыру арқылы оның сотқа дейінгі ықпалын күшейту, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптығы қағидаларын барынша бекіту, сот төрелігін айыптау функциясынан толық босату осы конституциялық реформа аясында жүзеге асты. Сондай-ақ, Негізгі заңның 16-бабына сәйкес, заңда көзделген реттерде және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болатыны бекітілді.
Тұтастай алғанда, конституциялық реформадан бастау алған сот реформасының жетістігі оның қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің әлемдік, демократиялық стандарттарына жақындай түсуі болып табылады. Осы тұста отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылардың кеңес заманынан кейінгі кеңістікте сот-құқықтық реформалар бойынша Қазақстанның алдыңғы орындарға шыққанын мойындап, қазақстандық сот төрелігінің тиімділігін жоғары бағалап отырғанын айтуымыз қажет. Елбасының бастамасымен басталған және жүзеге асырылған сот-құқықтық реформалары еліміздің құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде дамуының сенімді ресурсына айналды.
Мемлекет басшысының 2009 жылғы 24 тамыздағы Жарлығымен мақұлданған 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы сот жүйесінің алдына бірқатар жаңа міндеттер қойып отыр және ол сот жүйесін дамытудың келешектегі негізгі бағыттарын айқындайды.
Қорыта айтқанда, Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең болуды көздеп отыр.
«Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат.
Конституция бойынша өмір сүру – біз үшін міндет қана емес, абыройлы парыз. Конституцияны құрметтеу – өз құқығы мен бостандығын ғана емес, өзгелердің де теңдігі мен тәуелсіздігін құрметтейтін еркін де ерікті адамдардың таңдауы.
Бектас БЕКНАЗАРОВ, Жоғарғы Сот төрағасы.