Кеше Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және 29 тамыз – ядролық сынаққа қарсы қимылдың халықаралық күніне орай Bike for peace Норвегия қоғамдық ұйымының Семей – Алматы – Астана халықаралық веложүрісі Астанаға табан тіреді.
Соған орай Бәйтерек кешенінің түбінде өткен велотурдың жабылу рәсімінде аталмыш ұйымның көшбасшысы Торе Наерланд, өзінің қазақстандықтарды құрметтейтінін айтып, 24 күн ішінде бүкіл мемлекетіміздің біраз өңірін басып өткенін, халқымыздың ерекше сый құрметіне тәнті болғанын тілге тиек етті. Содан соң жиналғандарға төрткүл дүниедегі 110 мемлекетті шарлағанын жеткізіп, достығы жарасқан көп ұлтты Қазақстанның береке-бірлігіне ризалығын білдірді. Ол сонымен қатар Bike for peace ұйымы адамзатқа қатер төндіретін қатерлі қаруды әлемде бірінші болып жоюды ұсынып, оны сөзбен емес ісімен дәйектеген Қазақ елінің Президентін жұртшылық Нобель сыйлығына ұсынып жатса өздерінің қолдайтынын атап айтты.
Осы велотурдың жабылу рәсімінде «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың күніне қарай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін» аталмыш ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов оқып берді. Онда былай делінген: «Біз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының (ЯСЖТШ) тезірек күшіне енуін қолдаймыз. Ол үшін Шартты ратификацияламаған және оған қол қоймаған тоғыз елді жақын арада тиісті қадам жасауға шақырамыз. Біз ЯСЖТШ-ны алапат қаруды таратпау ісіндегі ең тиімді және нақты құралдардың бірі деп білеміз».
Осыдан 66 жыл бұрын Хиросима қаласының талқанын шығарған сұмдықты енді болдырмауды, бейбітшілікті орнықтыруды мақсат еткен норвегиялық азаматтар Семейден Астанаға дейінгі аралықта веложүріс арқылы 20 елді мекенде болыпты. Атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарының аумағын және Астана, Алматы қалаларын қосқанда олар 2 383 шақырымды артқа тастапты. Сөйтіп, адамзаттың жарқын болашағы үшін бейбіт шеруді мұрат тұтқан азаматтар елордаға келіп, Бәйтеректің түбінде Қазақ мемлекетіне деген шынайы ықыластарын білдіріп, Отанымыздың болашағына зор сеніммен қарайтындықтарын атап айтты.
«Егемен-ақпарат».