12 Желтоқсан, 2016

"Қаржы пирамидасы" қалай алдайды?

1092 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
«Заманың түлкі болса, тазы болып шал». Бір заманның пысықайлары терістеу істерін ақтау үшін айта салған мақал сияқты... Жә, пәлсапа соғып қайтеміз, турасына көшсек. «Қаржы пирамидалары» қараша халықтың қалтасын әлі қағып жүр екен. Қыркүйек айының соңында ғана Қарағандыда осындай бір топ құрықталды. Бұл оқиға біраз ойларға жетеледі, бірнеше сауалға жауап іздетті, оқырман білуге тиіс мағлұматтарды тапқан да сияқтымыз...

Қалта қағушылар дағдарыспен қатар келеді

«Сананы тұрмыс билейтіндігі» рас-ау! Қаржылық дағдарыс аз-маз қыспаққа алса болғаны, қалта қағудың түрлі тәсілдері шығады. Иек астындағы ғасырдың соңғы он жылындағы тұрмыстық ахуал, қоғамның көрінісі, халықтың жағдайы... қай-қайсымыздың да көкірегімізде сайрап тұр. Одан кейін оңалған болдық, дүние түзелді, ой да өзгерді. Дағдарыс (қаржы дағдарысын айтамыз) келмеске кетпейді екен, жеті-сегіз жыл бұрын әлем елдерін, бізді де бір шарпып өтті. Ахуалдың тұрақсыздығын жыл басынан бері тағы байқап жүрміз. Сондай дағдарыстар кезінен нені ұқтық? Әлгі заманның түлкілігін тазы болып шалғысы келетіндер, оп-оңай іспен олжалы болуды көксейтіндер осындай сәттерде, тіпті, жиі бой көрсетеді екен. Мәселен, дәл қазіргі шақта қоғамдық жерлерде қалтаға қол сұғушылықтың, үй, пәтер тонаудың, өзге де ұрлықтардың көбейіп кеткендігін сандармен саралап, дәйектермен дәлелдемей-ақ қоялық. Бұған алматылық тұрғынның мынау сөзі-ақ жеткілікті: «Ойда жоқта үйім тоналып, құзырлы органға арыздандым. Көп ұзамай тергеп-тексеруге келген полиция қызметкерлері дәл менікіндей істі тізімдеп келе жатқандарын айтты. Өкініштісі сол, олар менің үйіме түскен ұрылардың ізін анықтау үстінде, тағы да пәтер тонау бойынша шақырту алды», дейді ол.

«Оптовканың» қылмысы қазақты оятса екен

Қарапайым халықтан қаржы үптеудің «пирамидалық тәсілі» бар екенін де дағдарыс қысқан тұстарда көрдік. Мәселен, 1994 жылдары «Смағұлов және Ко» қаржы пирамидасы елді қалай қан қақсатты?! Мавродидің «МММ» компаниясы ше?.. Бұл «алпауыттар» туралы сәл кейінірек, бір ай бұрын ғана іс-әрекеті әшкереленген «Оптовка» мекемесі де «қаржы пирамидасының» қағидаттарын меңгерген болып шықты. Компания директоры Елена Колесникованың үстінен шағымданғандардың саны алғашқыда 27 адам болса, кейін елуден асып жығылған. Ал, шынтуайтында, алаяқтар Қарағанды аумағында бар-жоғы жарты жылдың ішінде төрт мыңдай адамнан бір миллиард теңгедей пайда қаққан. «Оптовка» компаниясының филиалдары еліміздің бірнеше қаласында болған екен. Алданғандардың айтуынша, олар серіктестік директорымен келісімшартқа отырып, әуелде салған ақшасы есебінен пайыздық пайда тауып отырған. Алайда, тек алғашқы салымшылар ғана табысқа кенелген. Өзгелер жер сипап қалған. Бүгінде ішкі істер органдары мекеменің қызметіне шектеу қойып, Елена Колесникованы ұстады. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияровтың мәліметінше, алаяқтың үстінен Қылмыстық кодекстің 217-бабы, 3-бөлімі, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелу үстінде. Жыл басында Көкшетау қаласында сегіз мың тұрғынды сан соқтырған микронесиелік ұйымның да ісі «қаржы пирамидасы» ретінде қаралғаны есімізде. Ең қызығы, аталған мекемеге жүз мың теңге құйып, пайдаға шаш-етектен «батқысы» келген салымшылардың саны жиырма мыңға жетіпті. Бұған қоса, бірер жыл бұрын Астана қаласында Британияның Корольдік банкі арқылы төмен пайызбен ірі көлемде несие беретін ЖШС құрықталғаны бар. ЖШС иесі 2012 жылдың қыркүйегі мен 2013 жылдың наурызы аралығында 350-ден астам азаматпен консалтингтік қызмет көрсету туралы шарт жасасқан. Ал Ұлттық банк өкілдері «Британияның Корольдік банкі» деген қаржылық ұйым мүлде жоқ екенін айтты.

Орта Азиядағы атақты «пирамидалар»

«Қаржы пирамидасының» не екендігін тәптіштеп түсіндіруді жөн көрмедік, өйткені, бұл жүйенің жалпы сипаттамасы көпшілігімізге мәлім. Енді Орталық Азиядағы осындай әйгілі ұйымдарды тізімдеп көрсек. Алғашқысы, жоғарыда сөз болған – «Смағұлов және Ко». Оның негізін өз елімізде Нұрлан Смағұлов қалапты. Өндірісі де, жылжымайтын мүлкі де болған компания аңғал қазақтың 630 миллион теңгесін сыпырып алған көрінеді. Пирамиданың негізін қалаушы 35 мың адамды алдаған. Ал компанияның меншігіндегі мүлік аукцион арқылы сатылғанымен, одан түскен қаржы қарыздың бестен бір бөлігіне ғана жеткен. Нұрлан Смағұлов болса, қолға түспеген, шетелде жасырынып жүр деседі. «МММ-ге» келсек, ТМД елдеріндегі ең ірі «қаржы пирамидасы» саналатын оның тарихы 1994 жылдан басталады, әлі де аяқталмаған. Оған бір Қазақстанның халқындай адам ақша салып үлгерген. 1997 жылы «МММ» банкрот деп танылып, 1997 жылдан 2003 жылға дейін негізін қалаушы Сергей Мавроди іздеуде болды, тұтқындалды, тіпті, жазасын өтеп шығып, тағы бірнеше қаржы пирамидасын ұйымдастырды. Қазір Мавродидің «пирамидалық» сипаттары бар жобасы Индонезияда, Бангладеште, Үндістанда, Малайзияда, тіпті жазасы қатаң Қытайда да жұмыс істейді екен. Оны айналасындағы жағымсыз пікірлерге қарамастан, әрбір алтыншы ресейлік «қаржы пірі» санайды. Тәжікстан түрмесінде көз жұмған Джамшед Сияевты он екі жыл бұрын сол елдегі әр адам білетін. Ол ұйымдастырған «майда моншақ пирамидасы» табыс табу үшін үйі мен малын сатып, ақшасын құйған 60 мыңға жуық адамды жер сипатып кеткен. 2003 жылы Қырғызстанда пайда болған "Уорлд Интерпрайз" бисер пирамидасы да осыған ұқсас. Ұйымның іргесі сөгілгенде мүшелерінің ондаған мың долларын тонағаны белгілі болды.

Құзырлы органдардың ескертулеріне құлақ асыңыз

«Қаржы пирамидаларының» қауіптілігін кейбір мемлекеттік құзырлы органдар көпшіліктің жетесіне жеткізіп-ақ айтып келеді. Ағымдағы жылдың өзінде үш мекеме ақша ұрлаудың осындай арам тәсілі бар екенін, оларға алданып қалмауға шақырып ресми сайттарына жазба жариялады. Мәселен, Алматы облысының әкімдігі: «Қаржы пирамидалары түрлі салада жұмыс істеуі, түрлі ұйымдық құрылымда болуы мүмкін және жаңа қатысушылар тартудың көптеген әдістерін пайдаланады. Бірақ сізді қаржы пирамидасының негізгі белгілері: ұйым қызметінің бағыты, жарғысының, мемлекеттік тіркеуінің жоқтығы, қаржылық жағдайы, салымның сақталуына кепілдіктің төмендігі алаңдату керек. Сонымен қатар, салынған қаржыдан түсетін кіріс қарыз алу нарығындағы орташа деңгейден негізсіз жоғары болады деп уәде етілетіндігіне сақтықпен қараңыз» дейді. «Алданған салымшыға айналмас үшін қарапайым қырағылықты сақтап, өз ақшаңызды күмәнді компанияларға сеніп бермеңіз. Табысты жобалар туралы дабыра, ашық жарнамалар, аса құпиялылық – сізді қаржылық пирамидаға тартудың белгілері» деп ақыл айтады әкімдік өкілдері. Осындай ескертуді Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі де жасаған. Құзырлы орган аймақтағы «Tulpar888», «Million888» жобаларының «қаржы пирамидасы» екенін жеткізген. Алматы облысы Сарқан ауданы прокуратурасының прокуроры Н.Әлдибекова да қазақстандықтарды маңызды ақпаратпен қамтиды. Ол ғаламтор желісіндегі «HYIP» (ХАЙП) инвестициялық бағдарламасының, "Семь кошельков", «NewPro»  интернет көздерінің нағыз пирамида екенін дәлелдеп, ескертеді. «Мұндай пирамида түрлері бүгінде өте көп. Айырмашылығы – тек қызмет көрсету тарифі мен сату санында ғана», дейді ол. Енді ғана интернетке енген «MoneyTrain» бағдарламасы да «қаржы пирамидасы» екенін ескертеді прокурор.

Кодекстегі бап көңіл көншітпейді

«Қаржы пирамидалары" туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазыбекова бірнеше жыл бұрын Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған. Ол, әсіресе, жоғарыда әңгіме болған ғаламтордағы алаяқтыққа алаңдаған тәрізді. «Қазіргі кезде республика территориясында «қаржы пирамидасы» қағидаттары бойынша жұмыс жасайтын алаяқтықпен айналысушы ұйымдардың белсенділігі артуда. Қоғам «МММ» АҚ қызметінің жағымсыз тәжірибесін де көріп үлгерді» деген ол Көкшетау және Петропавл қалаларында заңсыз жұмыс істеген «Шағын несие ұйымы «КазРосИнвестпроект» ЖШС қызметі тоқтатылғанын хабарлайды. Содан кейін халықты жаппай алдау қауіп-қатері жаңа технологияларды қолданумен күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдіреді. «Қазір республикамызда негізсіз жоғары пайызды виртуалды билеттерге электронды ақша түрінде салым қабылдайтын «МММ-2011» атауымен Сергей Мавродидің қаржы пирамидасы жұмыс істеуде. Бірақ ұйымдастырушылар пирамиданың кез келген уақытта банкротқа ұшырау мүмкіндігін жасырмайды. Қазақстандық заңда қаржы пирамидасының анықтамасы жоқ және «электронды ақшаның заңсыз айналымы» түсінігі де болмай отыр», дейді М.Қазыбекова. Депутаттың айтуынша, «қаржы пирамидалары» туралы арнайы заң дайындау олармен күрестегі ең нақты жалғыз тәсіл болып табылады. Бұл әлемдік тәжірибемен дәлелденген. АҚШ-та «Қаржы пирамидаларын құруға тыйым салу туралы» заң да бар, Ресей мен Украинада барлық анықтамасы берілген, «қаржы пирамидасын» құру қызметі алаяқтыққа теңестірілген заң жобалары дайындалған. Бізде 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 217-бабына қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру мен оған басшылық етудің жазасы енгізілді. Ол – мүлкін тәркілеу мен он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру. Дәл сол тұста еліміздегі қаржылық пирамидаға қатысты 60 іс қозғалған екен. Десе де, мамандардың пікірінше, Қазақстанның «қаржы пирамидаларына» шектеу қоятын заңы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Өйткені, бүгінде қаражат қағудың пирамида тектес бірнеше түрі пайда болған. Ал біздің Қылмыстық кодекстің аталған бабы олардың бәрін қамтуға дәрменсіз көрінеді... Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Табиғат сынағына тосқауыл

Аймақтар • Бүгін, 09:00