Тәуелсіздік. Осы бір ұлы да қасиетті сөзді тереңнен түсініп, кеңінен ұғынар болсақ өткеннің сағынышы мен бүгіннің қуанышын біріктірген қасиеттің қасиеті дерсің. Себебі, бұл сөзде жері мен елінің еркіндігін аңсап, соның жолында құрбан болған бабаларымыздың рухы мен төрт тарапқа тереземізді теңестіріп, аспанымызда тәуелсіздігіміздің көк туын желбіреткен бүгінгі ағаларымыздың кемелденген ұраны біріккендей.
Тәуелсіздікке әркім әрқалай жетеді. Біреу ұрысып жетеді, біреуі тырысып жетеді. Біреуі байбалам сап соғысып жетсе, енді бірі қырғи-қабақ тіресіп жетеді. Қалай дегенде де бұл жолдың оңайы жоқ.
Ал біз бұл еркіндікке өзіндік «Қазақстандық жолмен» келдік десем, қате айтпаған болар едім. Иә, «Қазақстандық жол». Ол – егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет атанған 1991 жыл және одан кейінгі тәуелсіздікті нығайту жолы. Бұл жолдардың бәрінен халқымыз еркелеп емес, ентелеп өтті. Себебі тәуелсіздіктің сара жолының қыры да, ойы да, сайы да көп.
«Өткенін білмеген, келерін болжай алмас» дейді дана халқымыз. Сондықтан менің сөзді алыстан орағытуымның өз орны бар. Тарих ол өткенге емес, келерге өнеге сыйлайды. Себебі, өткенді ойлап, келерді болжаймыз. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап ол жан-жағынан қаумалаған жаулардан қорғана отырып, дербес, қуатты да тұрақты мемлекет болуға тырысты. Алтайдан бастап Арқа асқан, Алатаудан Жайыққа жеткен ұлан-асыр жеріміз сол күрестің нәтижесі.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» қағидасымен дамуды көздеген бабаларымыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайдыны» алға тартып, дала заңымен, салт заңымен өмір сүргені белгілі. Меніңше, бұл сол кездегі тәуелсіздіктің құқықтық негіздері болды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды дала заңдары осыны меңзейді. Оның үстіне хан жайлаған Қаратауда хандардың осы жарғылары ереже болса, би жайлаған Алатаудағы билердің сөздері өз кезегінде жергілікті жердегі қазіргідей сот билігі бола отырып, күрделі түйіннің шешімін шешіп, алауыздықты ауыздап, тұтастықты сақтап қалуға өз септігін тигізгенін ешкім жоққа шығармас. Одан қалды хан сайлайтын құрылтай жиналыс – бүгінгі біздің өкілді органымыздай. Ал хан өз кезегінде қазіргі тілмен айтқанда атқарушы билік рөлін орындап отырған. Себебі, елдегі саяси-экономикалық жағдайды толықтай бақылауында ұстаған хандар, баж және салық жинау, халықтың әлеуметтік мәселелерін қарастыру, ішкі тәртіп секілді атқарушы билікке тиесілі қызметтерді де атқарып келген.
Бүгінгі биліктің үш тармағы сонау кезеңнен бастау алары хақ дегім келеді. Яғни бізде үш тармақты билігі бар тәуелсіз хандығымыз болғаны рас. Алайда, буыны қатпаған баладай балбыраған елімізді жан-жағынан қаумалаған жау тәуелділікке итермеледі.
Тәуелділік. Жауға айтсаң да, сауға айтсаң да тауға қарататын тәуелділік. Білгеніңді айтсаң, бүлдіресіңнің, көргеніңді айтсаң күлдіресіңнің кебін кигізіп қойған тәуелділік. Ойын айтса ойбай салатын, сезімді айтса сенімнен айырылтқызатын тәуелділік. Ресей империясының құрамына кіруден бастау алып, Кеңес Одағының күшеюімен жалғасын тапқан тәуелділік. Тәуелділіктің кесірінен тәубемізді ұмыттық. Келе-келе дінімізді, тілімізді, керек десеңіз қазақ екенімізді ұмыта бастадық.
Елім деп еңіреген, жерім деп тебіренген талай боздақтар осы жолда өз өмірлерін құрбан етті. Қамшы сабындай қысқа ғұмыры бар Алаш өкіметі де өз кезегінде егемендікті, тәуелсіздікті аңсаған қазақ елін бодандықтан алып шығуға тырысып бақты. Қазақ елінің еркіндігін құқықтық қамтамасыз етпек ниетпен Конституция да қабылдамақ болды. Себебі, Конституция елдің халықаралық деңгейдегі құжаты еді. Алайда, азаттықтың асқақ үні алаш даласында қанша шырқалса да, сәттілік пен жетістік оны айналып өтіп жатты.
Дегенмен де боздағанға басу айтқан, жоқтағанға жоралғы айтқан, адасқанды аластамаған, қателескенді кері итермеген халқымыздың көрері бар еді.
Өткен жебеп, бүгін демегеннің арқасында еліміз тәуелсіз ел атанды.
Тәуелсіздік – таудай талаптың, ерен еңбектің, көзсіз ерліктің, саналы шешімнің жемісі. Тәуелсіздік – арманы асқақтың, мақсаты мәндінің, ұраны азаттың көксегені. Тәуелсіздік – парасатты пайымның, ұлағатты ұстанымның, сергек ойдың нәтижесі. Өткені тартысты болғанымен, келері бағалай білгенге бақ болған, қуана білгенге құт болған үлкен қуаныш, үлкен жауапкершілік бұл. Тәуелсіздік ұзақ уақыт күреспен келетін ұлы жеңіс деп есептесек, сол ұлы жеңісімізді сақтап тұру мәңгілік күрес. Ол күрес ешқашан тоқтаған емес, тоқтамайды да. Сол мәңгілік күрестің басталғанына, міне, 20 жыл.
Тәуелсіздігіміз бастау алған 1990 жыл. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылданған жыл. Бұл Қазақ елінің боданнан босанып, тәуелділіктен арылуының құқықтық алғышарты десек, артық айтпаған болар едік. Дегенмен де одақтас мемлекеттер егемендік жариялағанымен, олар әлі толықтай тәуелсіз емес еді. Себебі қауқары қайтқанымен КСРО әлі де болса тізгінін тартып, тізімін түгендеуге тырысып жүрген кез еді. Алайда алыс басамын деп шалыс басқанның кебін киді ол.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы еліміздің тәуелсіздігін бектіп берген ең алғашқы ресми құжат болып табылады. Аталған Конституциялық заңның 1-бабы былай дейді: «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқылық мемлекет. Ол өз территориясында үкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi».
Тәуелсіздік алдық. Ендігі міндет, ең ауыр міндет – оны нығайту мен күшейту, құқықтық қамтамасыз ету еді. Себебі, кеңес дәуірі ыдырап, 70 жыл өз әмірін жүргізген алып империя күші құлдыраған шақта, қағынғанның қанатына, сұғынғанның тұмсығына жем болмай, жерінің асты байлығымен, үстіндегі халқының жайлылығымен танылған, Алатаудан бастап Арқа асқан, Алтайдан Атырауға дейінгі созыла жатқан, ата-баба мұрасына ие болып қалдық. Алайда, құлауға да шақ қалдық. Себебі, бұғаудан босанып, тәуелділіктен арылып шыққан елімізді үш басты айдаһардай экономикалық, саяси, әлеуметтік дағдарыс үш жақтан қаумалады. Жалпы айтқанда, экономикамыз ерініп, саясатымыз сарылып, әлеуметіміз әлсірген шақта асағанның асында, қармағанның қолында кетуіміз ғажап емес еді.
Дегенмен біз Елбасының салиқалы саясатының, парасатты пайымының арқасында бұғауды бұзып, құрсауды жарып бүгінгі күнге жеттік. Ел егемендігімен оның тәуелсіздігін әлем елдерімен дипломатиялық қатынас арқылы халықаралық құқық деңгейінде, 1993 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын қабылдай отырып, ішкі деңгейде құқықтық қамтамасыз ете түстік.
Көш жүре түзеледі демекші, ыдырау мен құлдыраудан басталған тәуелсіздік күндері, жаңару мен жаңғырудан жалғасын тапты. Уақыт өзгерді, онымен бірге талап өзгерді, талапқа сай қоғам өзгерді. Ал бұл өзгерістердің барлығы Тәуелсіздікті нығайту үшін жаңа құқықтық тетіктердің қажеттілігін тудырды.
Осының негізінде Қазақстан Республикасының бүкілхалықтық референдумда қабылдаған Конституциясын өмірге әкелді. Бүгінде бұл 16 жылдығын тойлағалы отырған, саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген Ата Заңымыз. Себебі, еліміздегі барлық болып жатқан саяси, экономиалық, құқықтық шаралар осы Ата заңымыз негізінен туындайды. Өйткені, барлық қоғамдық қатынастар тиісінше заңдармен реттеледі. Ал заңдар өз кезегінде тікелей Ата Заңнан бастау алады. Конституцияның 4-бабының 2-тармағына сәйкес Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.
Ата Заңымызды қабылдай отырып, біз өз тәуелсіздігімізді одан әрі нақтылай түстік. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан Республикасы – президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi. Міне, осы сында жаңа құқықтық нормалар елдің тәуелсіздігін толықтай құқықтық қамтамасыз етуде.
Мемлекет – бұл Конституцияның түлегі. Себебі, конституция арқылы мемлекет өзін халықаралық және ішкі деңгейдегі құқықтық мәртебесін бекітеді. Сол арқылы ол өз әрекетін құқықтық қамтамасыз етеді. Конституция – мемлекеттіміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан оған үлкен мән берілуде.
Конституция – біздің еркіндігіміздің негізі. Конституция – біздің тәуелсіздігіміздің кепілі. Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік саяси-құқықтық тұрақтылыққа, ауызбірлікке шақырады.
30 тамыз елімізде заңмен бекітілген Мемлекеттік мереке – Конституция күні. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдай отырып, Қазақстан өзінің қандай ел екенін, болашақта қандай болатынын стратегиялық тұрғыда бекітіп алды. Бұл Конституцияның тағы бір ерекшелігі –халық пен оның жекелеген мүшелерінің өте маңызды заң құжатын олардың тікелей қатысуымен қабылдауы Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асырылуында еді. Оған дейінгі Конституциялар болса, өкілді органдар арқылы қабылданған болатын.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарынан құралды. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.
Бүгінде еліміз азаматтардың сөз бостандығымен саяси құқықтық бостандығын бекіткен, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешуді көздейтін демократиялы, дін ісіне араласпаса да әлемнің дәстүрлі діндерін бір дастарқан басына жинаған зайырлы, заң үстемдігін жоғары қойған құқықтық және бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қағидасын ұстанатын әлеуметтiк мемлекет.
Иә, бүгінде Қазақстан әлем таныған, әлеуеті дамыған, халықаралық аренада өз орны бар, айтар сөзі бар, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы зор мемлекет. Аңсағанның арманы орындалған, тілеушінің тілегі қабыл болған киелі кең байтақ жер. Бабалардың байрағы желбіреген, бүгінгінің ұраны дүркіреген ұлы дала – Тәуелсіз Қазақстан.
Ендігі біздегі міндет – мәңгілікке ұмтылу. Мәңгілік Қазақстан. Мәңгілік Тәуелсіздік.
Берік БЕКЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.