12 Желтоқсан, 2016

Жаңа бағдарламада тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие қарастырылған

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасы аясында тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие ала алады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкімет отырысы барысында тұрғын үй сатып алу үшін несиелік мөлшерлемесін субсидиялауды қарастыратын «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасының жобасын талқылау барысында белгілі болды. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ипотекалық несиелендіру нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға бірінші реттік тұрғын үйді сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін мемлекеттің субсидиялауы қарастырылып жатқанын баяндады. Мәселен, 7 жыл бойы банктердің жылына 17% жоғары емес сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылуда. Соңғы қарыз алушының ипотекасын 10% төмендету үшін, мемлекет сыйақы құнының 7% дейін жабуды қамтамасыз ететін болады. Субсидиялар бойынша қаражатты тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларында тұрғындарды несиелендірудің 15 жылға дейін 20 млн. теңгеге дейінгі, ал аймақтарда - 15 млн. теңгеге дейінгі шекті сомасы белгіленетін болады. Осы шарттармен несие бойынша орташа ай сайынғы төлем Астана және Алматы қалаларында – 158 мың, аймақтарда – 116 мың теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар жеке құрылыс салушыларды ынталандыру үшін қолжетімді несиелік ресурстарды пайдалану мақсатында мемлекет банктер беретін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі субсидияланатын болады. Еске салайық, «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі мақсаты жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй құрылысы салымдары жүйесі арқылы көппәтерлі тұрғын үй құрылысын одан әрі салу, ипотекалық несиелендіруді дамыту және жеке құрылыс салушыларды ынталандыру болып табылады. Арнұр АСҚАР, "Егемен Қазақстан".