12 Желтоқсан, 2016

Бишімбаев бағаның негізсіз өсуіне жол бермейтін шаралар ұсынды

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҰЭМ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға қоғамды қатыстыруды жоспарлап отыр. Бұл жайында Ұлттық экономика министрі Қуандык Бишімбаев бүгін Үкімет отырысында баяндады. Ол әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермейтін бірқатар шара ұсынды, Ең алдымен тауарларға белгіленетін үстеме бағаның шегін анықтау ұсынылып отыр. Ол аталған нормалар әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарын сататын сатушыларды тәртіпке үйретеді деп есептейді. «Сауда нысандарының санатына байланысты сараланатын бөлшек және көтерме саудадағы ӘМАТ үстеме бағасының шекті мөлшерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз.  Қолданыстағы реттеуден бөлшек және көтерме саудадағы қымбат бағаны бақылау мен мониторинг жасау тетігі түбегейлі түрде алшақ»,  деді Бишімбаев. Үстеме бағаның шекті негізінде ай сайын «ұсынбалы баға» есебі жүргізілетін болады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдардың интернет ресурстарында ашық түрде жарияланады, сондай-ақ, сауда нысандарының ақпараттық тақталарына жазу міндеттеледі. Аталған жаңалық сатушы үшін де, тұтынушы үшін де «түсінікті баға белгілеуді» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ұсынбалы баға» туралы ақпаратқа қолжетімділік қалың көпшілікті бағаларды мониторингтеуге және «ұсынбалы баға» бойынша белгіленген баға мен нақты бағаның сәйкес келмеуін анықтауға тартуға мүмкіндік береді, осылайша ӘМАТ бағасын реттеудің тиімділігін түбегейлі арттыруға ықпал етеді», - деп атап өтті министр. Бұдан басқа, «ұсынбалы баға» есебінің өзектілігі мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін өндірушілер үшін қосымша шығынсыз босатылатын баға туралы ақпаратты жинауға мүмкіндік беретін статистика негізіндегі ақпараттық жүйе құру ұсынылады. «Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасына «ұсынбалы баға» мен шекті үстеме бағаны белгілеу азаматтарға бағаның негізсіз өсу фактілері бойынша тексеріс жасайтын өкілетті органдарға шағым айтуға құқық беретін құқықтық тетік пен бағдар болмақ», - деді Бишімбаев. Динара БІТІКОВА, "Егемен Қазақстан".