30 Тамыз, 2011

Ұлттың асыл қазынасы

436 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Таяуда орталық басылымдардың бірінен мынадай бір ақпаратқа кезіктім. Екі жүз жылдық тарихы бар АҚШ конституциясының қолмен жазылған нұсқасы әр қалада 1952 жылға дейін сақталып келген екен. Қолжазбаны Пенсильвания Бас ассамблеясының қатардағы қызметкері Джейкоб Шаллус дайындап, ол үшін оған бар-жоғы 30 доллар көлемінде сыйақы берілген көрінеді. Бұл құжат сәл кейін Вашингтондағы ұлттық мұрағатқа орналастырылған әрі барынша мұқият қадағалауға алынған. Жай күндері бұл қолжазба қазынаның бірінші және төртінші беттері оқ өтпейтін арнайы шыны қорапқа салынып көпшіліктің назарына шығары­лып отырады. Қағаздың сапасын сақтау үшін қо­рап­ша іші гелий және су буымен толтырылған. Түн­де қағаз беттері жерасты қоймасына түсіріліп, оларды атом жа­рылысына төтеп бере алатындай шамада жасалынған бес тонналық есіктің ар­жа­ғында сақтайды. Конс­ти­ту­цияның толық мә­ті­ні­мен дүйім ел тек жылына бір рет – 17 қыркүйекте, яғни осынау құжатты құрас­ты­рушылардың қол қой­ған күніне орай таныса алады. Әрине, біз өз Конституциямызға мұндай жо­рал­ғы жасап отырғанымыз жоқ. Алайда, бұл қа­зақ­стан­дық­тар елдің Ата Заңына сыйластықпен әрі зор құр­мет­пен қара­майды дегенді әсте білдірмейді. Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Оразақын Асқардың «Ата Заңым» атты өлеңінің мына бір шумағында айтылғандай: «Әлемге ел пейілін таныстырған, Заңым – ең адамгершіл, халықшыл заң. Тілім тұр онда айтыста әділ жеңіп, Мәртебе мемлекеттік алып тынған. Қорғалар елім тұтас, жерім бүтін, Қол сұғып ешкім сырттан айтпас үкім. Заңда айқын міндеттерім, құқықтарым, Ақтайтын ел үмітін, ана сүтін». Сайып келгенде, 1995 жылы қабылданған елі­міздің ең басты құжаты Отанымыздың тарихында Қазақ­стан­ды жаңаша бір даму сатысына көтеретін айрықша да айтулы оқиға болды. Қоғам мен жеке адам мүдделерін барынша жақындататын, біріктіретін демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеу­мет­тік ерікті қоғам құруға толықтай жол ашылды. Эконо­ми­када нарықтық қарым-қатынастарды, саясатта саяси-идеологиялық әралуа­н­ды­лық­ты орны­қ­тыруға мүм­кін­дік туды. Мемлекеттің негізгі әрі бірден-бір құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқы және бостандығы заңдылық тұрғыдан толық мойындалды. Маңыздысы сол, Конституция айқындаған мақ­сат­тар­дың көпшілігіне бүгіндері Қазақстан қол жеткізіп отыр. Айталық, еліміздің зайырлы мемлекет ұста­ны­мына деген беріктігі Қазақстанда діннің мемлекеттен бөлектен­ге­ні­мен ғана емес, сондай-ақ қо­ғамдық қаты­настарды реттеуде ұлттық ізгіліктермен, дәстүрлермен және заңдылық­тармен қатар діни құн­дылықтардың да маңызды орын ала­т­ынымен ерекшеленеді. Қазір елімізде 130 этнос пен 40-тан астам конфессия бейбіт қа­тар өмір сүруде. Осындай ымы­ра-біршіліктің, тыным­сыз тіршіліктің арқа­сын­да Қазақстанда бейбітшілік, қалыптылық нық ор­нығып, экономикада әлем таң­қаларлық оң өзгер­іс­тер ор­ын алуда. Нақтырақ айт­сақ, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары кезіккен қи­ын­дықтарды абы­ро­й­мен еңсере алдық. Бәрімізге белгілі, қазір Батыс елдерінің кейбір мемлекеттерінде дефолт жағдайы орын алып, ең­бекақы мен зейнетақы азаюда, зауыттар тоқтауда, кә­сіпорындар жа­бы­луда, мемлекеттік шығыстар қыс­қаруда. Ал, Қазақстанда 2010 жылдан бері Үде­ме­лі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ла­ма­сы жүзеге асырылып келеді. Сол жылы 152 ны­сан беріліп, 25 мың жұмыс орны құрылды. Биыл ал­ғашқы жартыжылдықта 114 млрд. теңгені құ­рай­тын 75 инвестициялық жоба іске асырылды. Жыл со­ңы­на дейін тағы 129 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Жалпы, ішкі және сыртқы саясатымызды са­уат­ты жүргізе келе қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты жаңа тәу­елсіз мемлекетті дүние жүзіне паш еттік, сөйтіп, күл­лі әлемге таныта білдік. Соның нәти­же­сінде, алпауыт мем­лекеттер Қазақстанды пост­ке­ңес­тік ау­мақ­та бірінші болып нарықтық эконо­ми­касы бар мемлекет деп мой­ындаумен қатар біздің елдің тәу­елсіздігіне, шек­ара­сы­ның тұтастығына, бейбітшілігіне кепілдік беретін құ­жат­қа қол қой­ды. Мұнан соң Қазақстан қазба және өзге бай­лық­тарды экспорттауға халықаралық деңгейде шек қоятын «Джексон-Венс» қара тізімінен сызылды, сөйтіп, өзінің әлемдік рынокқа кедергісіз шығуы­на мүмкіндік алды. Сөз жоқ, кез келген қоғамдағы сияқты біздің жас мем­лекетімізде де өз шешімін күтіп жатқан өзекті мәсе­ле­лер жеткілікті. Жұмыссыздықпен кү­ре­су, инфля­цияны тежеу, еңбек өнімділігін артты­ру, шикізаттан гөрі қайта өңдеуге ден қоя отырып отандық бәсекелестікті күшейту, тарифтерді реттеп бағаның шектен тыс өсіп кетуіне тосқауыл қою – солардың бір парасы ғана. Сонымен қа­тар, қоғамдағы орын алып отырған жемқорлық, пара­қор­лық, жағымпаз­дық, көзбояушылық, тамыр-таныстық тәрізді кеселдерді түбегейлі жою да бү­гінгі күн тәртібінің мін­деттерінің бірі. Осы орайда, кемшіліктерімізді термелеп, бір-бірлерімізге түр­лі айыптар тағып жатат­ы­нымыз, істің байы­бы­на бармай тұрып қызбалыққа салынаты­ны­мыз жасырын емес. Иә, осындай көңіл-күйге берілген кі­сілердің туған елінің болашағына, балаларының ертеңіне шын жүректерімен алаң­дай­тындықтарын білдіретіндері түсінікті жәйт. Дегенмен, туындаған мәсе­ле­ні дабырмен емес, сабырмен шешуге және ол тек заң­дылық шеңбе­рін­де атқары­луы тиіс. Ең мәде­ниетті қоғам – заңмен өмір сү­ретін қоғам десек, Эммануил Канттың «Мемлекет дегеніміз – құ­қыққа бағынған адамдар ұйымы» деген сөзі ойға оралады. Ендеше, құқықтық тәрбиенің күшей­тілуі қажет. Неге америкалықтар өз елінің негізгі заңына аса ыждағаттылықпен әрі мақтанышпен қарайды? Себебі, сәби туғаннан бастап отбасында, балабақшада, мек­тепте оның бойына құқықтық мәде­ниет­ті қалып­тас­тыру басты міндет болып сана­ла­ды. Америкалық фильмдерде: «Сіз адвокат шақы­ру­ға құқылысыз, еш нәрсе айтпау­ға құқылысыз. Әр айтқан сөзіңіз өзіңізге қарсы қол­да­ны­луы мүм­кін...», деген сөздердің айты­латыны әрбірі­міз­ге етене таныс. Негізгі заң оларда АҚШ мемлекетінің қарқынды дамуының бірден-бір кепілі ретінде таны­с­ты­рылады. Ал, Америка аза­маттығын алар тұста: «Сіз Аме­рика конституциясына сенесіз бе?», деген сұрақ қойылады. Яғни, конституция Америкада құтты бір екінші Библия тәрізді күйге көшкен. Олай болса біздер де өзіміздің әрбір қи­мы­лымызды конституция талап­та­ры шеңбе­рін­де жүзеге асыра отырып, заңдылықтары мүлтіксіз сақталатын құқықтық мемлекетті орнатуға атса­лы­суы­мыз қажет. Сонда ғана біздер Ата Заңымызда анықталған биік межелерді бағындыра аламыз. Ең асыл мұратымыз еңселі ел болу еді. Кейінгі, тек екі ғасыр ішінде қазақтың өз бостандығы жо­лында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтеріліске шық­қаны соның дәлелі. Мұнан 20 жыл бұрын қа­зақ жерінде атқан тәу­елсіздік таңы Алтай мен Аты­рау және байтақ Сарыарқа арасын алып жат­қан дархан дала­ның төсін қанымен, терімен суар­ған ата-бабамыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі емес пе? Сондықтан да, тәу­елсіздіктің біздің бә­рі­міз­ге артар міндеті мол. Енді ең­се­лі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әу­ле­тіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолы­мыз­да. Оған Ата Заңымыз кепіл. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы. Астана.