13 Желтоқсан, 2016

Әдемі сурет әлемі

1285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
photo«Мен іздеймін, мен табамын» деген Пикассо: «Сурет бөлмеңді әлем-жәлем безендіру үшін ғана керек емес» дейді. Бұл ақиқат. Жақсы өнер өміршеңдігімен құнды. Оны өшіре де, өлтіре де алмайсың. Оған кейінгіні қойып, атам заманғы дәуірден әрін бермей, сыр сипатымен жеткен құндылықтар куә. Бабаларымыздан қалған тастағы таңбалар да өнер туындылары екеніне кім шүбә келтіреді. Біз бұл ойларды елордадағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінде жарасым тапқан өнер көрмесінен кейін өрбітіп отырмыз. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұ­рыпты өгейсітпей өркендету, оны сурет әлемінде ажарын ашып бейнелеу таланттың ғана қолынан келеді. Сондай бір өнер шебері, қазақтың еркіндігін сәйгүліктің тұрпатын келістіре беріп жүр­ген, киелі шаңырағымыздың биік­тігін суреттерінде кескін­де­ген, «Халық­аралық шығармашыл жастар фестивалінің» Гран-при жүлдесін еншілеген, Президент стипендиясының иегері Ақтоты Көлке еді. Оның бұл жолғы Аста­надағы көрмесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, 25 суреттен тұратын туындыларын жұрттың назарына ұсынды. Сол суреттердің қатарында ұлттық киім үлгілері, ат әбзелдері, қазақ қызының әдемі бейнесі көрініс тапқан. Мәселен, «Қа­зына» атты ұзындығы 1,5, ені 1 метрдей еңбегінде қазыналы қария, ат тізгінін ұстаған ару, қос қанатын жайып тұрған қыран, ұшқыр тазы, тіпті, күміс үзеңгі, күмістелген тоқым – бәрі де келісті бейнеленген. «Аңшы» атты туындысы да тұғырлы. Мұнда да қазақ халқының бүкіл бітім-болмысы арғымақ үстіндегі түлкі тымақ киген жігіт, тас үстінде тұрған тау тағысы саналатын тауешкілер, ай мүйізді арқар, «әйт» десе ата жөнелетін тазылар – қай-қайсысы да халықтық қа­лыпты көз алдыңа әкеледі. aqtoty-kazyna-80kh100Қазақ қыздарының сурет өнеріндегі көш бастаушысы Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаи­ловалар іргетасын қалап, шаңырағын биікке көтерген киелі өнердің көшіне тәуелсіздік тұсында өз үлесін қосып келе жатқан Ақтоты Көлкенің қай туындысын алсаң да қазақтың бет-бейнесі менмұндалап тұрады. Ұлттық үлгіні, қазақы тағылымды тақырыбына арқау етіп, халықтың ілтипатына бөленген суретші қыздың өнер әлеміндегі өрісі осылайша биіктеп келеді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»