Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемдегі дамушы мемлекеттердің қатарынан көре алдық. Тәуелсіздігіміздің арқасында өткен жылы ұлан-байтақ даламызға Керей мен Жәнібек туын тігіп, негізін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын кең көлемде тойладық. «Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі», – деп Елбасымыз айтқандай, оңай келген жоқ.
Тұғырлы көк байрағымызды енді аспанда желбіретіп ұстау – келешегі кемел, білімді ұрпақтарымыздың еншісінде. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен сабақтасады.
Осы орайда, 25 жыл бұрын әлем картасында Қазақстан деп аталатын жаңа мемлекет пайда болды, ал бір ай ішінде Елбасының Жарлығымен алғашқы болып Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері құрылды, ал қазіргі кездегі Ұлттық ұлан әскері. Бұл уақыт ішінде тәуелсіздікпен тұспа-тұс дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны өсіп жетілді. Олардың кейбірі Отан игілігі үшін қызмет атқару ісін таңдады. Бүгінгі таңда Орал шаһарында орналасқан №5517 әскери бөлімінде де Отан алдындағы әскери борыштарын абыроймен атқарып жүрген мақтауға лайықты 1991 жылдың жауынгерлері баршылық. Олардың біршамасы бала кезінен әскери киім киюді және өз тәуелсіз елінің қорғаушылары болуды армандаған кадрлық әскери қызметшілер болып табылады. Бұл ретте осы әскери бөлімде озат қызмет етіп жүрген бірнеше тәуелсіздік құрдасымен жолығып, сөзге тартқан едік.
2-ші арнайы жедел мақсаттағы батальонның рота командирі, аға лейтенант Төлеби Берікбаев:
– Мен – өмірге тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етіп, соған сай азамат болуды армандап жүрген жаспын. Өмірге 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы Қызылту ауылында келдім. Бала кезімде әскери фильмдерді жақсы көретінмін және әскерилер жайлы атамның әңгімелерін ұйып тыңдайтынмын. Әскери киім киюді, Отанымды қорғауды, қасиетті борышымды өтеуді қаладым. Сондықтан мектепті бітірісімен, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтына түстім. Оны 2014 жылы аяқтап, сол жылы Оралға келіп алдымен взвод, сосын рота тізгінін қолға алдым.
Қазір біз сияқты жастарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Еліміздің осы кезге дейін қол жеткізген табыстарын баянды етіп, аға буынның ерлік пен еңбек дәстүрін сақтау – басты мақсатымыз. Әзірге, сол сыналар сәттерден ойдағыдай өтіп келе жатқан сияқтымын. Үш жыл бойы озат жас сардарлардың қатарынан көрініп жүрмін.
Өз басым еліміздің осы тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарына сүйсінемін. Әрине, аға ұрпақ бастаған тарихи жолды жалғастыратын да бүгінгі жастар екенін түсінеміз. Тарих үшін азғантай уақытта, яғни 25 жылда еліміз өткен жолдың өткелекті болғаны да рас. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бір күрделі кезеңде елдің еңсесін тіктейтіндей ауқымды жұмыстарға ұйытқы болды. Егемен елімізді әлем мойындайтындай айбынды мемлекетке айналдырды.
Материалдық-техникалық рота командирінің тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Нұржан Елібаев:
– Тәуелсіздік. Еркіндік. Азаттық. Егемендік. Неткен киелі ұғымдар?! Алайда, бұл еркіндікке қол жеткізу жолында талай-талай боздақтар қанын берді. Олар арман еткен бақытты кезді біз көзімізбен көрдік, дархан даланың төсінде асыр салып ойнадық, еш уайымсыз ұйықтап, арайлап атар таңдарда ояндық. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, иә, біз шексіз бақыттымыз.
Сондықтан, тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке қуанышымның туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа-тұс келуіне деген ризашылықтың әсері дер едім.
2014 жылы Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтын ойдағыдай тәмамдап, Оралдағы 5517 әскери бөлімінде материалдық-техникалық рота командирінің тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының қызметін адал атқарудамын. Жауынгерлік қызметін өзіме өте ұнайды. Маған сенім артқан командирлерімнің үмітін ақтауға тырысамын. Бүкіл еліміз сияқты біздің Ұлттық ұлан әскерлері де Тәуелсіздік мерекесін табыспен қарсы алуға жұмылуда.
Мұның барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көсемдігі мен көрегендігінің нәтижесі, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың өзара тіл табысуы мен достығының айғағы болса керек. Тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзақ, тұғыры берік болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Тәуелсіздік жылдары алған еліміздің бедел-биігі асқақтай берсін. Біз тәуелсіздіктің құрдастары осы бағыттағы қайнаған өмірдің қақ ортасында жүруге әзірміз.
1-атқыштар ротасының взвод командирі, аға лейтенант Дәурен Махамбетов:
– 1991 жылдың 16 желтоқсаны – барша қазақстандықтардың ең бақытты, аңсаған арманына жеткен күні, тәуелсіздіктің таңы атқан күн. Мен осы жылы дүние есігін аштым. Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Мен өзімді егемен елде, тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан бақытты Қазақстанда туғаныма шексіз қуанамын.
Міне, содан бері 25 жыл зырғып өте шықты. Азаттықтың арқасында біз бақытты балалық шақта өсіп, алаңсыз арнайы әскери білім алып, шаттыққа толы курсанттық өмірді көріп, қазір еш уайымсыз ашық аспан астында берекелі де мерекелі ғұмыр кешудеміз. Ата-бабамыз арман еткен «ағаштан бал», «шөптен сүт» ағылып жатқан заманның құрдасымыз, егемендіктің биігінде самғаған еркіндіктің құсымыз. Осының бәрі ата-бабаның қанымен, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келді. Сондықтан да біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз.
Елбасымыз «Болашақ – жастардың қолында» деп жиі айтады, бізге үлкен сенім артады. Сол кемел келешекті жасайтындар – «Тәуелсіздік құрдастары». Жастар саясатын жүзеге асыруда барлық жағдай жасалуда.
Осы жылдары мен көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланның әскери институтын 2013 жылы ойдағыдай аяқтап, қазіргі таңда Орал шаһарындағы 5517 әскери бөлімінде 1-атқыштар ротасынының взвод командирі кызметін атқарудамын. Әскери қызметкер болып, Отан қорғау бала күнгі арманым еді. Қазіргі кезде сол арманым орындалып, егемен еліміздегі Ұлттық ұланның қатары нығайып, айбыны артуына өз үлесімді қосып, келемін.
1-атқыштар ротасының бөлімше командирі, кіші сержант Әмір Нұрманов:
– Қазақ елі егемендігін паш етіп, тәуелсіздік таңы атқанда менің дүние есігін ашқаным пешенеме жазылған бақытты күннің бірі деп білемін. Тәуелсіздіктің құрдасы болғанымды мақтан тұтамын. Бал тілім шығып, аяғымды апыл-тапыл басқан күннен бастап Тәуелсіздікпен бірге өсіп келемін. Содан бері 25 жыл тарих парағына қатталды. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында дүниеге келген тұңғыштарының қуанышы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорығандарын үнемі айтып отырады. Сондықтан да менің тәрбиеме айрықша қарапты. Алғашқыда орыс тілінің артықшылығын сезінген ата-анам мені Орал қаласындағы орыс мектебіне берді. Кейін қазақы салт-дәстүрден қол үзбесін, ана тілін білсін деген болуы керек, қазақ мектебіне ауыстырды.
Бүгінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғанымызға қуанамыз. Егемен еліміздің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамыз. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды әскери перзенттік парызым деп есептеймін.
Міне, осылайша тәуелсіздік жылдары Қазақстан армиясы күрмеуі қиын жолды еңсерді. Осы жылдар ішінде жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен жабдықталған қазақстандық Қарулы Күштердің жаңа бейнесі қалыптасты. Қазақстан еліміздің мүддесіне толыққанды жауап беретін кәсіби армияны құрып, жаңа Әскери доктрина қабылдады. Сөз жоқ, мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы екені анық.
Ерболат СҰЛТАНОВ,
подполковник
ОРАЛ