17 Желтоқсан, 2016

Азаттықты айшықтаған айтыс

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
aytys-suret1Жақында Екібастұзда қала­лық әкімдіктің қолдауымен, «Атамұра» мәдениет орталы­ғының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Айтысқа жырдың жілігін шағып, майын ішіп жүрген Қазақстан, Қытай, Моңғолия елдерінің 10 ақыны қатысты. Олар – Аспанбек Шұ­ғатаев (Баянауыл), Дидар Қа­миев (Қарағанды), Нұрмат Ман­сұров (Қызылорда), Арзыгүл Қайынбекқызы (Қытай Халық Республикасы), Ерлан Дәулет (Моңғолия), Абзал Қабдраш (Пав­лодар), Рауан Қайдаров (Екі­бастұз), Аякөз Серікқызы (Ал­маты), Нұрқанат Қайрат (Астана), Қуаныш Шарманов (Павлодар). Ел ішінде Павлодар орыс­танған, ақын түгілі қазақ табу қиын деген қаңқу сөздердің бары белгілі. Бірақ бұл жолғы аламан айтыс сол сөздің қисынсыз екенін дәлелдеді. Келген көрерменнің қарасы қалың. Негізгі тақырып Тәуелсіздік болса да, ақындар жа­қында жол апатынан қаза болған, Екібастұздың атын шығарып жүрген ақын қызы Алмагүл Жүгінісованы да тілге тиек етпей өтпеді. Небәрі 34 жасында көз жұмған Алмагүлдің артында өшпес өлеңдері мен ай­шықты айтыстары қалды. Адам­гершілігі бір төбе ақынның сазгерлік қыры да елге енді таныс бола бастаған еді. Десе де, ажал айтып келмейді, өмір қайтып келмейді. Жазмыштан озмыш жоғына еріксіз мойын ұсынамыз. Төрт сағатқа созылған дүбір­лі додада алдына қара салмай, жүй­ріктігін жүйелі сөзімен та­нытқан Дидар Қамиев бас жүл­дені ие­ленді. Бірінші орын Аспанбек Шұға­таевқа бұйырса, екінші орынды Рауан Қайдаров еншіледі. Үшін­ші орын Моңғо­лиядан келген қан­дасымыз Ерлан Дәулетке бұйырды. Сонымен қатар, Жүрсін Бәтен­ұлы атындағы жүлдені – Қуаныш Шарманов, Алмагүл Жүгінісова атындағы жүлдені – Арзыгүл Қайын­бекқызы, Түсіпхан Қасым­жанов атындағы жүлдені Нұрмат Мансұров қанжығасына байлады. «Арқалы ақын» аталымына – Нұрқанат Қайрат, «Озық ойлы, өткір тілді» аталымына – Аякөз Серікқызы, «Азулы ақын» аталымына Абзал Қабдраш лайық деп танылды. Барлық ақындарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан»