17 Желтоқсан, 2016

Қазақтың қадірін біздің әулет жақсы біледі

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
tyen-fotoАрғы аталарымыз Қазақстанға шамамен өткен ғасырдың 30-жылдарғы қуғын-сүргін кезінде қоныс аударыпты. Атам сол кезде небәрі алты жаста ғана екен. Ол жетімдікті де, жоқшылықты да, әйтеуір өмірдің  бар ауыртпалығын басынан өткізген. Әйтсе де, ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, жақсылықты ұмытпауға баулыды. Анам Қызылордада, әкем Алматы облысындағы Үштөбе қаласында дүниеге келген. Қысқасы, біздің әулеттің үшінші ұрпағы Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алған сәтте «Алдағы тағдырымыз қалай болады?» деп алаңдағанымыз рас. Дегенмен, қазақ жерінде біржола  қалуға бекіндік Өйткені, туған-туыстарымыздың бәрі осында, ата-бабаларымыз да осында жерленген. Оның үстіне біз басқа жерден бақыт таппасымызды бұрынан да білетін едік. Оның қысқаша тарихы төмендегідей. Біз Қызылордада өте жақсы тұрдық. Атам совхоз директоры, әкем әскери журналист еді. Менің туылғаныма бір ай толғанда әкемнің қызмет бабымен Тамбов қаласына көшуіне тура келіпті. Туыстарымыз  әкеме қоныс аудармауға ақыл-кеңестерін айтқанымен, ол тыңдамапты. Сонымен не керек, аттай алты жыл Ресейде тұрдық. Бірақ өте қиын болды. Қалың қазақтың ортасында өсіп-өнгендіктен, әке-шешем жаңа ортаға көндіге алмапты. Анам тіпті шыдамаған, оның үстіне төркіні де Қазақстанда. Олар өздерін Ресейде бөтен адам сияқты сезінеді. Мінез-құлқы, іс-әрекеті түгел дерлік қазақтардан аумайтын әке-шешем 1980 жылы Қазақстанға қайта оралды. Қазақстанға алғаш қоныс аударғанда қазақ халқы көмектеспеген болса, өмір сүруіміз тіпті қиын болар еді. Ата-әжеміз балаларының аузынан тамағын жырып берген жергілікті халыққа ылғи да алғыс жаудырып отыратын. қазақстандық әрбір корей қазақ жеріне келу тарихын жақсы біледі. Сол үшін шүкіршілігін айтып отырады. Президент Назарбаев 1 наурызды Алғыс айту күні деп белгіледі ғой. Бұл Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген ризалығының белгісі. Шығармашылық адамы ретінде 20 жылдан астам музыкамен айналысып келемін. Түрлі музыкалық стильдерді, стандарттарды зерттеп жүрмін. Сессиялық музыкант ретінде түрлі жобаларда және топтарда өнер көрсетемін. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет етемін. Уақытым болған сәттерде табиғат аясына шыққанды қатты ұнатамын. Туризмді жаным сүйеді. Елімізде табиғаты сұлу жерлер көп. Бурабайды жақсы көремін.  Тәуелсіз Қазақстан маған өте ыстық. Өйткені,  ол менің Отаным. Бүгінде шы­ғар­машылығымыз дамып, халқы­мыз өркендеп жатса, ол Тәуел­сіздігіміздің арқасы деп айтар едім. Тәуелсіздіктің қадір-қасие­тін біздің әулет жақсы біледі. Сергей ТЕН, режиссер