17 Желтоқсан, 2016

Еселенген ел мерейі

269 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
baktiyar-smanovҚазақстан халқы биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуде. 25 жыл былай қарағанда, оншалықты көп уақыт емес сияқты. Алайда, тарих таразысына салсақ елімізде осы аз ғана уақытта атқарылған ұлан-ғайыр істер бүтіндей бір ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын байқар едік. Иә, осы 25 жыл сан ғасырлар бойы еркіндік аңсаған қазақ халқы үшін нағыз алтын дәуір болды десек, асыра айтқандық болмас. Өйткені, осы бір жылдар ішінде тәуелсіз Қазақ елі бүкіл әлем таныған мемлекет болды. Барша еліміз түлеп-түрленді, халқымыз өсті, дербес елдігіміз, егемендігіміз нығайды. Әрине, мұндағы барлық жеңістеріміз бен жетістіктеріміз көреген басшы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан қайраткерлігі мен дана саясатына тікелей байланысты болғаны сөзсіз. Президент Н.Назарбаев – халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашыры, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға. Экономиканы қарқынды да­мыту мен халықтың әл-ауқа­тын арттыруда айрықша та­быс­­тарға қол жеткізген кемел қайрат­кер. Ол – бабала­ры­мыз­дан келе жатқан ұлы арман – Тәу­ел­сіздігімізді орнық­тыр­ған, тарих төрінен өзіндік қол­таң­басымен көрінген сарабдал саясаткер. Тәуелсіздік жариялаған ке­зең­де еліміз экономикалық қиыншылықты бастан кешіп жатты. Сол себепті, жасыратыны жоқ, елдің өз алдына түтінін түтетіп, аяғынан тұрып кететініне сенімсіздік білдіргендер аз болмады. Н.Назарбаевтың са­ра саясатының, қажырлы қай­ра­тының арқасында сол кү­мән-күдіктің бәрін жеңіп, бү­гін­де болашағы жарқын мемле­кет­тердің біріне айналдық. Ор­талық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылдық. Әлемнің небір азуын айға білеген ең алып мемлекеттері бізбен санасатын болды. Жиырма жылға жетпейтін уақытта еліміз ішкі тұтастық пен ырысты ынтымақ құндылығын сақтай отырып, жас Қазақстан тыныштық пен тұрақтылықтың берік орнаған мекеніне айналды. Қазіргі таңда республиканың эко­номикалық әлеуеті жыл өт­кен сайын артып келеді. Халық­тың тұрмыс-тіршілігі ауыз тол­тыра айтарлықтай өзгерді. Тәуелсіздіктің туын көтерген Ел­басы еліміздің күре тамырына нәр беріп, қажымай-талмай хал­қын алға бастап келеді. Елімізді бәсекеге қабілетті, қай салада болмасын мойны озық елдердің сана­тына қосуды мақсат еткен Тұңғыш Президентіміз осы жол­да аянбай еңбек етіп, тер тө­гуде. Әлемді шарпыған қаржылық-экономикалық дағ­дарыстың бірнеше легін еңсер­дік. Дағдарыстан кейінгі да­му бағдарын жасап, елдің эко­но­микасын тоқтаусыз өсіруді көздеп отырмыз. Индустриялық-инновациялық даму жоспары жүзеге асырылуда. 2010 жылы дүниенің алпауыт мемлекеттері құр­меттейтін аса беделді Еуро­п­адағы Қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық еттік. Одан кейінгі жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына төр­ағалық етуіміз де еліміздің ха­лықаралық кеңістіктегі абы­рой-беделін асқақтатты. Елбасы өзінің озық ойлы, өміршең қағида-ұстаным­дары­мен, әділ де турашыл мінезімен, кеңпейілімен құрметке бөленген жан екеніне бәріміз де куәміз. Оның бір ғана дәлелі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды қысқартып, әлемде баянды бейбітшілік орнату жөніндегі оның 2016 жылғы манифесі әлемде қошемет пен үлкен қолдауға ие болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының жалпы адамзат қауымына деген ыстық ықыласын, мейірімділігі мен жанашырлығын танытатын адами игі қасиеттерінің бір парасы ғана. Президент Н.Назарбаев ха­лық­ты мыңжылдықтар ауысып, ғасырлар тоғысқан алмағайып заманда бейбітшілік пен ты­ныштықта, ынтымақтастық пен татулықта ұстап тұруды еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап басты нысанасы етті. Соның арқасында Қазақстан бірден бейбіт дамудың дара даңғылына түсті. Елбасы ел ішіндегі өзара түсіністік пен тұрақтылықты сақтаумен қатар, аймақтық текетірестерді болдырмауда да үлкен қажыр-қайрат көрсетті, әлем жұртына өнеге боларлық үлгілі саясат ұстанды. Білім мен тәрбие – егіз, екеуі қарлығаштың қос қанатындай тұтас рухани құндылық. Адам­гер­шілік игіліктері осы екеуі арқылы қалыптасады. Осыны ескерген Елбасы білім мен ғы­лымның, ұлттық тәрбиенің дамуына айрықша мән беріп, халқымыздың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуді мақсат тұтып келеді. Ол мемлекеттің, халықтың болашағы жастарда екенін қаперінде ұстап, жыл сайын мыңдаған ұрпақты өз бас­тамасымен қолға алған респуб­ликалық «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша алыс-жақын шетелдерге оқуға жіберіп оты­рады. Тұңғыш Президенттің ел жастарына білім беруде әлем­нің ең озық саналатын оқу орын­дарына жіберіп оқытып-тәр­биелеуі, өз елімізде білім алу­шы басқа өрендердің де заманауи технологияларды мең­геруіне жағдай жасап отыруы ел ертеңін ойлаған жанашыр­лығының жарқын көрінісі. Қазіргі күнде бұл мәселе біздің ілгері қарай дамуымыздың ше­шуші факторына айналып отыр. Сонымен бірге, жас буын­ның бойында өркендеген Қазақ­станды нығайтуға деген құш­тарлық пен сенім ұялатады. Елбасы егеменді еліміздің болашақ азаматтарын өркениетті өзге халықтардан кем болмасын, солармен терезесі тең болсын деп оқытып отыр. Бұл өз кезегінде жастарға деген үлкен үміттің көрінісі. Әрі оларға жоғары жауапкершілік те жүктейді. Соған орай, ол жастарды туған ел мәртебесінің биік, абыройының асқақ, ар-намысының жоғары болуы үшін жақсы білім алып, адал еңбек етуге шақырады. Президент ел жастарының ашық демократиялық қоғам құн­дылықтары негізінде тәрбие­ленгенін қалайды. Сол үшін жастарымыздың өз отанының патриоты болғанын, әлемдік қоғамдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, терең білімді, бәсекеге қабілетті маман болғанын тілейді. Сондықтан да мемлекетіміз бүгінде бар құн­ды­лықтарымызды игерген, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақ­тастықты нығайтуға, елдің қауіп­сіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті жас­тарды тәрбиелеуді басты на­зарына алып отырғанын аңғарамыз. Әлемдік діндер жетекші­лерінің басын қосып, ислам, христиан, иуда, будда сын­ды іргелі діндердің бағы­тын ұстанушыларды бір шаңы­рақ­­тың астына жинап, қол алыс­тырған, бейбітшілікке үндеген бірден-бір адам тағы да Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Қазір дінбасылардың Ас­та­на қаласындағы жиыны дәс­түр­ге айналып, белгіленген уақытында тұрақты түрде өт­кі­зіліп келеді. Бұған дейін мұндай іс-шараны ешбір ел осын­шама сәтті ұйымдастыра алмаған болатын. Бұл дүние жүзі халқын бейбітшілікке шақы­рудың, олардың бір-бірі­мен жауласпай, сыйластықта өмір сүруіне үндеудің негізіне айнал­ды. Осы тәрізді игі бас­тама­лармен Нұрсұлтан Әбішұлы ха­лық­аралық деңгейде зор құр­метке бөленді. Соның нәтиже­сінде Қазақстанның ішкі тұрақ­ты­лығына барша әлемнің, жер-жаһан жұртының көзін жеткізе білді. Халқымыздың мерейін тасытып, абыройын асырды. Елі­міздегі жарасымды татулық пен берік орнаған бірлікті өзгеге өнеге етіп көрсетті. Өзім білім-ғылым саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқандықтан, оқу-ағар­ту, ғылым саласындағы атқа­рылып жатқан жайттарға үнемі назар аударып келемін. Мұнда Мемлекет басшысының ел ертеңі – балалардың өз заманындағы озық ойлы азамат болуына баса мән беріп келе жатқанын көруге болады. Айталық, жоғарыдағы біз атаған «Болашақ» халықаралық бағдарламасына қоса, еліміздің бірегей жоғары оқу орны – Назарбаев Университеттің ашылуы, республикамыздың талантты өрендеріне арналған физика-математикалық, химия-биологиялық бағыттардағы Назарбаев зияткерлік мектеп­тері­нің ұйымдастырылуы, әлем­дік тәжірибеде теңдесі жоқ жобалар болды. Сонымен қатар, еліміздегі білім ошақтарының саны мен сапасының артуына барлық жағдай жасалды. Мәсе­лен, осы Тәуелсіздік тұсындағы 25 жылда елімізде 1 мыңнан ас­там жаңа мектеп салынып, 6 мыңдай балабақша ашылғаны осы сөзіміздің дәлелі. Бұл шара­лар бүгінгі өскелең өмір тала­бының көшінен қалмай, рухани әлеуетіміздің артуына, эко­номикамыздың дамуына, сөйтіп, еліміздің әрқашан озық болып өркендеуіне мүмкіндік берді. Халқына адалдық, елін, жерін сүю – әрбір адамның пер­зенттік борышын танытатын қа­ғидалар. Президент Н.Назарбаев­тың бойындағы осын­дай биік адамгершілік қа­сиеттерді жастар үлгі тұтуға тиіс. Елбасының әрбір ісінен өнеге алуымыз керек. Сонда ғана елдің келешегіне, мемлекеттің болашағына сеніммен қарайтын, Елбасының үкілі үмітін алға апаратын және сара саясатын жалғастыра алатын білімді де білікті, пайымды да парасатты ұрпақ қалыптасуы мүмкін. Адам өмірі қилы белестерден, қиян асулардан тұратыны белгілі. Сол асуларды еңбекпен еңсеріп, жоғары білім мен біліктің, биік ой мен өршіл өренің, елім деп соққан жүректің арқасында қарапайым шойын құюшыдан Мемлекет басшысына дейін өскен Нұр-ағаның өмірлік тәжірибесінен алар өнеге мол дерлік. Нұрсұлтан Әбішұлының халқын сүйгендігі, салиқалы саясаткерлігі тоталитарлық жүйеден күйреп шыққан Қазақ­стан­ды жиырма бес жылда төрткүл дүние түгел қызыға қарай­тындай қарқынды дамушы және болашағы зор мемлекетке айналдырған ерен еңбегінен байқалады. Бұл – ерлікке пара-пар тірлік. Сондықтан да белгілі ақын Жарылқасын Амановтың: «Сенде сүйдің халқыңды, Бір-бірінен кем көрмей. Халқың сүйді сені де, Ешбір жанға теңгермей», – деген жыр жолдарын арнауы жайдан-жай болмаса керек. Алдағы жылы Астанада өте­тін Экспо-2017 халықаралық көр­месі, Алматыда болатын қыс­қы Универсиада ойындары да жаңа Қазақстанның жарқын кел­бетін танытатыны сөзсіз. Бұл да ел Президентінің тікелей бас­та­масымен жүзеге асырылып жат­қан игі шаралар. Тәуелсіздік және Елбасы. Бұл екі сөз бүгінде біртұтас, бір-бірінен ажырамас егіз ұғымға айналған. Бірін айтсақ, екіншісі ойға оралады. Біріне-бірі нұрлы сәулесін шашып, жарық түсіріп тұрғандай болады. Олай болса, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Елбасымыз ғұмырлы болсын деп тілейік. Бақтияр СМАНОВ, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор