17 Желтоқсан, 2016

Жаһандық деңгейдегі биік бедел

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
yekspo-2017Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық шежіресінде Қазақ елі ғасырлар керуені жүз жылдап жететін асуларды алды. Осы 25 жыл ішінде Қазақстанның халықаралық сахнада жеткен жетістіктерінің ішіндегі шоқтығы биік бір жеңісі – әлемнің 161 мемлекеті мүше болып табылатын белді ұйымның аламан бәйгесінде қара үздіріп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құрметін жеңіп алуы десек, артық айтқандық емес. Бұл жеңіс – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ауқымдағы салиқалы саясатын, егемен еліміздің «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін, төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын елордамыздың жаһандық орталыққа айналғандығын әлемдік мойындау. Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросының тарихи таңдауы паш етілген 2012 жылғы 22 қарашадағы шешімінен кейін Елбасы Қазақстан халқына Үндеу арнап, бұл жаһандық жеңістің Тәуелсіз еліміз үшін тарихи маңызын ерекше атап өтті. «Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпия ойындары немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен пара-пар шара болып табылады. Оның үстіне бұл Қазақстан экономикасының дамуына үлкен септігін тигізетін, дүниежүзілік тәжірибелерді Қазақстанға алып келетін, елімізге инвестицияны еселеп тартуға ықпал ететін шара», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. ЭКСПО – бүкіләлемдік көр­ме. Оны өткізу мүмкіндігі елге жүз жылда бір рет қана берілуі мүмкін. Кей елдерге жүз жылда да берілмейді. Қазақстан – осын­дай орасан мүмкіндікке тәуелсіз дамуы­ның алғашқы ширек ғасы­рында-ақ қол жеткізген сирек елдің бірі. Иә, ЭКСПО-2017 хал­қы­мыздың қонақжайлығын, айна­лып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін жоба. Сондықтан, Елбасы Халықаралық көрмені өт­кізуге дайындықты және оны өткізуді Ұлттық жоба деп жа­риялаған болатын. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге әзірлік жұмыс­тары басталғаннан бергі уақытта еліміздің барлық өңірлері бұл Ұлттық жобаға ұйымшылдықпен жұмылып, зор жұмыстарды іс жүзіне асырды. Сәні мен сал­та­наты төрткүл дүниені там­сан­дырған ару Астананың орта­сынан тағы бір әсем қала – ЭКСПО қалашығы бой көтерді. Елордада өтетін ЭКСПО көрмесі беделінің жаһандық дәрежеде танылуына оның «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбының да маңызы зор. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бүгінгі таңдағы адамзаттың ең толғақты түйініне айналған дәстүрлі таби­ғи қуат көздеріне жаңғырмалы бала­ма табуды жүзеге асыру бо­лып табылады. Елбасының баламасыз бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жоба аясында адамзатты алаңдатқан энер­гети­калық қауіпсіздік мәселесі бойын­ша жаңа технологиялар мен жаһан­дық ғылыми жетістіктер өмірге жолдама алады. Иә, Астана ЭКСПО-2017-нің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы». Бұл жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Адамзат бүгінде ұрпақ болашағы балама қуат көздеріне тікелей байланысты болатындығын күн тәртібіне барынша батыл қойып отыр. Ендеше, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын энергетикалық қуат көздерінің болашағы шешілмек. Тағы бір ерекше атап көрсете­тін мәселе, ЭКСПО-2017 көрме­сінің халықаралық дәреже­дегі беделінің аса жоғары болып отырғандығы. Қазақ­стан Бүкіл­әлем­дік жетістіктер көрме­сінің қос ғасырлық тарихында қатысу­шы мемлекеттерді ең көп тарта білген үштіктің құрамына кіргелі отыр. Бүгінгі күнге дейін көрмеге қатысатын 140 мемлекетті тартқан Португалия көшбасшы болса, екінші орынды 121 мемлекетті тар­тқан Қытай иеленеді. Бүгін­гі күнге дейін Астанада өте­тін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыса­тындығын әлемнің 112 мемлекеті ресми түрде растады. Әлі де қаты­суға ниет білдіріп отырған елдер баршылық. Бұл да Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік сахнадағы айшықты беделін айғақтаса керек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»