17 Желтоқсан, 2016

Қ. Хамитов кезекті жеңісін Тәуелсіздік мерекесіне арнады

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17-12-16-kuat

Қазақстандық жекпе-жек шебері, «Найман» деген лақап атпен белгілі Қуат Хамитов кезекті жеңісін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне арнады. Ол жеңістен соң боз кілемде тұрып ән салды. Жекпе-жек шеберінің ән салып тұрған сәтін инстаграм желісінде v_astane атауымен тіркелген азамат та жариялады. Ол Қуат Хамитовтың ресейлік спортшыға қарсы өткізген жекпе-жегінен соң қол жеткізген жеңісін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайтынын жазыпты. Бейнематериалда спортшының сөйлеген сөздері анық естіледі. «Бүгін менің елімде қасиетті мереке. Бүгін Қазақстанның өз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне 25 жыл толып отыр. Сонымен қатар, мен де бүгін өзімнің 25-ші жекпе-жегімді өткіздім. Мен осы жеңісімді еліме, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын», – деді Қ.Хамитов. Осы сөздерден соң ол боз кілемде тұрып микрофонға «Елім менің» әнін шырқата жөнелді. Әнді орындап болған соң, Хамит боз кілемге алып шыққан Қазақстанның туын сүйді. Айта кетейік, қазақстандық танымал жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Мәскеуде өткен Fight Nights Global 57 турнирінің аясындағы жекпе-жегін ресейлік Гаджи Рабадановқа қарсы өткізген болатын. Қуат қарсыласын үшінші раундта буындыру әдісімен жеңді.