17 Желтоқсан, 2016

Шымкентте түсті металл шығаратын өндіріс іске қосылды

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17-12-16-shmkenr

Шымкентте Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, түсті металл орамаларын шығаратын және электр қозғалтқыштар жөндейтін «КазЭлМаш» ЖШС-нің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан жобаның құны 75 млн теңгені құрайды. Отыз адам жұмыспен қамтылған өндіріс орнының жобалық қуаттылығы жылына 12 тонна. Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқарма басшысының орынбасары Ілияс Оспанов пен «Оңтүстік» индустриалды аймағының бас директоры Мұхтар Тұрабеков қатысып, жаңа зауыт жұмысшыларына сәттілік тіледі. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының индустриалды аймақтарында 168 жоба іске асыру көзделіп жатса, соның бүгінде жалпы құны 35,3 млрд теңгені құрайтын 54 жобасы нақты іске асқан. Бұл өз кезегінде 3 705 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. «КазЭлМаш» ЖШС-і электр машиналарына сервистік қызмет көрсетіп, күрделі жөндеуден (тұрақты тоқ электр қозғалтқыштары: асинхронды, синхронды, жоғары кернеулі, жарылыстан қорғалған электр қозғалтқыштарды, трансформаторларды, генераторларды) өткізуге қызмет етпек. Сонымен бірге, негізгі қызмет түрі ретінде жоғары вольтті және төмен вольтті электр машиналарының статор және арматура орамаларын өндіріп, тікбұрышты сымдар, дөңгелек қималы мыс және алюминий жасаумен айналысады. Әзірге, Оңтүстік Казақстанда теңдесі жоқ мұндай кәсіпорын өңірімізде ғана емес, Қызылорда және Жамбыл облыстарында электр вагондарын жөндеу бойынша жетекші өндіріс орны болмақ. Компания клиенттері ірі кен өңдеу кәсіпорындары, цемент зауыттары, мақта өңдеу зауыттары мен ұн тарту комбинаттары және басқа да көптеген ұйымдар.