18 Желтоқсан, 2016

Нетаньяху Қазақстанға сапарын қорытындылады - ВВС

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

_92993153_unnamed-94

Израильде премьер-министр Биньямин Нетаньяхудің Қазақстанға сапары қорытындыланды, деп жазады ВВС.

"Израиль премьер-министрі екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 25 жылдың ішінде алғаш рет Қазақстанға барды. Екіжақты келісімдерден басқа Астанадағы кездесуде Израильге Иран Ислам Республикасының қарым-қатынасы талқыланған болатын", - деп жазады басылым.

"Мен Иран президентіне сұрақ қойғым келеді: Неге сіздер біздің мемлекетке қоқан-лоқы жасайсыздар? Егер  Иран Израильді кішкентай және қорғансыз мемлекет деп ойласа, олар қатты қателеседі. Сондықтан, Иран тарапына қарым-қатынасымызды ушықтырмауға кеңес беремін", деген болатын Нетаньяху Астанадағы баспасөз конференциясында. Нетаньяху Нұрсұлтан Назарбаевтың "Иранның қоқан-лоқысына сенесіздер ме?" деген сұрағына Тегеранның көзқарасы өзгеріп жатса, тек қана қуанатынын жеткізген болатын. Сонымен қатар ол аталған жиында Қазақстан президентіне БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік ету үшін Израильдің кандидатурасын қолдауды сұрады. ВВС-дің жазуынша, Нетаньяхудің Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде көтерген басты тақырыптар арасында экономикалық қарым-қатынас орнату мен Қазақстанның ірі энергетикалық компанияларын Израиль нарығына және газ алу ісіне тарту болды. Сонымен қатар Израиль Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға тартымды салалар қатарында ауыл шаруашылығы, ғылым мен лаңкестікке қарсы күрес бар екенін айтты. Сапарды қорытындылау барысында сарапшылар Нетаньяхудің Орталық Азияға сапары тек экономикалық емес, дипломатилық мақсатта да болған деп отыр. Яғни, Израиль премьер-министрі тек екіжақты келісімшарттарға қол қоюды ғана емес, халықаралық аренада Қазақстан және Әзербайжанның  қолдауына ие болуды мақсат тұтқан. Естеріңізге сала кетсек, Нетаньяху Астанадағы жиында "Біз жүзеге асырмақ тағы бір жоба - Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе рейстерін ашу. Адамдар екі ел арасында еркін қатынауға мүмкіндік алуы керек", деген болатын.