20 Желтоқсан, 2016

Биыл Қазақстанда дайын өнім экспорты артты

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Биыл Қазақстанда дайын өнім экспорты артты. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтты. Сонымен қатар министр сыртқы сауда динамикасында жақсару байқалғанын баяндады. Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, биылғы жылдың он айы ішіндегі сыртық сауда айналымы 49,3 млрд. АҚШ долларына жетті, төмендеу қарқыны 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтағы 30,4% салыстырғанда 24,4% баяулады. Экспорт 29,1 млрд. АҚШ долларын, импорт – 20,2 млрд. АҚШ долл. құрады. Сыртқы сауда теңгерімінің оң көрсеткіші 8,9 млрд. долларды құрады. Дайын өнім экспортының өсімі жағымды факті болды. Мәселен, қаңтар-қараша айларында 2015 жылдың 11 айымен салыстырғанда дайын өнім экспорты 6,9% , 509,8 млн. АҚШ долларынан 544,9 АҚШ долларына дейін өсті. Ал қорытынды экспорттағы дайын өнім үлесі 1,3%-дан 1,6%-ға дейін артты. Естеріңізге сала кетсек, бүгін Үкімет отырысында 2016 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы сыртқы сауданың негізгі параметрлері талқыланды. Биыл барлық дамушы елдер, оның ішінде Қазақстан да әлемдік экономикадағы бірқатар елеулі қатерлермен және көптеген сыртқы қатерлермен бетпе-бет келді. Бұған қарамастан, дағдарысқа қарсы және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру есебінен Қазақстан экономикасында өсімнің оң беталысы қамтамасыз етілді. Арнұр Асқар, "Егемен Қазақстан".