20 Желтоқсан, 2016

Ауыл шаруашылығына инвестиция көлемі өсті

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстанда биыл ауыл шаруашылығына инвестиция артты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов АӨК-тің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндау барысында мәлімдеді. «Ауыл шаруашылығы үстіміздегі жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өсу көрсеткіштерімен сипатталып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4 трлн. теңгені құрап, нақты индекс көлемі бойынша 4,5% өсіп отыр», деді Қ.Айтуғанов. Бірінші вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығының инвестиция көлемі 48%-ға артып, 11 айдың қорытындысы бойынша 228 млрд. теңгені құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 148 млрд. теңге болған. Астықтың жалпы жиыны 23,7 млн. тоннаны құрады, бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 млн. 900 мың тоннаға артық. Орташа түсімділік гектарына 15,4 центнерге жетіп отыр. Сондай-ақ, биыл 3,6 млн. тонна көкөніс пен 2,2 млн. тонна бақша дақылдары жиналды. Бұл былтырғы жылдан 511 мың тоннаға артық. Динара Бітікова, "Егемен Қазақстан".