20 Желтоқсан, 2016

Аналар кеңесі өрттен зардап шеккен отбасыға үй сатып алып берді

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
kostanay Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы жанындағы аналар кеңесі  өрттен зардап шеккен жас Базаровтар отбасына жаңадан үй сатып алып берді. Биыл қазан айының аяғында Қостанай ауданының Половников селосында тұратын Базаров Ерболдың үйі электр желісінің тұйықталуынан өртеніп кеткен болатын. Бүгінге дейін жас отбасы төрт баласымен көршісінің үйін паналап келді. dsc_0643 Осы хабарды мұғалімдер қауымынан естіген соң Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының жанындағы аналар кеңесі қарап отыруды жөн көрмепті. Себебі, Өзбекстаннан қоныс аударған оралман отбасының облыста жақын туыстары жоқ. Ербол мектепте математикадан сабақ береді, үш баласы және балалар үйінен асырап алған тағы бір қызы бар. «Ең бірінші бізге А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Хұсейін Валеев және осы білім ордасындағы ұстаздар қауымы көмек қолын созды. Олар арнайы шотқа бір ауыз сөзге келместен бір күндік жалақыларын аударды. Бұл қайырымдылық істен студенттер кеңесі де сырт қалмады, барлығы 1,5 миллион теңге жиналды. Бұл қаржы үйі өртеніп далада қалған отбасыға жаңа үй ғана емес және жиһаз сатып алуға да жетті», – деді аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Саркисян. dsc_0633 «Адамдардың қайырымдылығынан асқан қасиетті дүние жоқтығына көзім жетіп тұр. Өзімнің айлық жалақыма мұндай үй сатып ала алмас едік. Қыстың көзі қырауда не істерімізді білмей, аңтарылған жайымыз бар еді. Бізге көмек қолын созған қайырымды жандардың барлығына алғысым шексіз», – деді Ербол Базаров. Сонымен қатар, облыстық Достық үйінің өкілдері жас, көп балалы отбасына сыйлықтар және Қостанай қаласындағы №24 «а» бастауыш мектебінің оқушылары салып  беріп жіберген  суреттерді  тапсырды. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»