20 Желтоқсан, 2016

Зырянда оңалту орталығы, Риддерде спорт кешені ашылды

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
unnamed-1 Шығыс өңірінде Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесі кең көлемде аталып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында облыстың аудандары мен қалаларында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мәселен, Зырян ауданында ашылған 80 орындық оңалту орталығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық қызмет көрсетеді. Бұған дейін Зырян ауданының тұрғындары ем-дом алу үшін облыс орталығындағы оңалту орталығына арнайы келетін. Енді зыряндықтар психологиялық қолдау көрсету, физиоемдеу және емдік дене шынықтыру бөлмелерімен, сондай-ақ вакуумдық, аспалы емдеу жүйесі аппараттарымен және жаттығу құралдарымен жабдықталған оңалту нысанының қызметін пайдалана алады. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысып, әлеуметтік әлеуетті арттыру жолында мемлекеттік қолдау жылдан жылға артып келе жатқанын жеткізді. unnamed-2 Айта кеткен ләзім, бұл нысанның құрылысы ұзақ уақытқа созылған еді. Облыс әкімі Д.Ахметов назарға алғанан кейін жанданып сала берген құрылысқа республикалық бюджеттен 409,9 миллион,  облыстық бюджеттен 22,8 миллион теңге жұмсалды. Сонымен бірге Риддер қаласында 200 орындық көпсалалы спорт кешені ашылды. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев қатысты. Құны 180 миллион теңгені құраған кешенде баскетбол, футбол, волейбол сынды спорт түрлерінен бөлек, жеңіл атлетика, күрес, дзюдодан жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жуықта кешенге қарасты көркем гимнастика мектебі ашылады деп жоспарлануда. unnamed-3 – Олимпиадалық спорт түріне жататын көркем гимнастикаға жастар арасында қызығушылардың қатары артып келеді. Сондықтан алдағы уақытта көркем гимнастика мектебін ашуды жоспарлаудамыз, – деді Риддер қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Нұрғалиев. Кешеннің ашылу салтанатына орай, 2003-2004 жылы туған жасөсіпірімдер арасында шағын футболдан облыс біріншілігі өтті. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы