21 Желтоқсан, 2016

Суретшілер спортты насихаттады

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінде еліміз Тәуелсіздігі мен Қазақстан ұлттық олимпиялық комитетінің 25 жылдығына арналған суретшілер конкурсының қорытындысы шығарылды. Конкурс Қазақстан ұлт­тық олимпиялық комите­ті­нің президенті Тимур Құ­лы­­баев­тың бастамасымен ұйым­дастырылды. Ол бей­нелеу өнері арқылы спорт­ты насихаттап жүрген отандық суретшілердің шығарма­шылық­тарына қолдау көрсету мақсатында өткізілді. Ал бай­қау шартына сәйкес, оған қатыс­қан туындылар Қазақстан спортының 25 жылдағы жетіс­тік­тері мен олимпизм идеологиясын бейнелеулері тиіс болатын. Нәтижесінде, жеті айдың ішінде конкурсқа еліміздің кәсіпқой суретшілерінің 30-ға жуық еңбегі келіп түсті. Сарапшылар комиссиясы осы жұмыстарды саралай келіп, Бейбіт Әсемқұлдың «Жарқын болашақ» атты картинасын бірінші орынға лайықты деп тапты. Осы еңбегі үшін қылқалам шеберіне арнайы сертификат пен 5 миллион теңге тарту етілді. Сыйлығы 3 миллион тең­гелік екінші орын «Самғау» деген полотносын ұсынған Жеңіс Нұрлыбаевқа берілді. Қа­зылар алқасы сондай-ақ, 1 миллион теңгелік сертификаты бар үшінші орынды «Жеңіл атлетика» деген еңбегімен келген Сембіғали Смағұловқа тапсырды. Конкурсқа қатысу­шылардың қалғандары Ұлттық олимпиялық комитеттің ынталандыру сыйлығын алды. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан» АСТАНА