Астана вокзалының іші-сырты ығы-жығы халық. Желтоқсан басталса болды, жолаушы нөпірі күрт артатыны – жылдағы жағдай. Биыл да сол, баратын бағыттарына билет іздеп сабылғандардың қарасын санай алмайсыз. Кассаға бас сұғып, қай өңірге билет сұрасаңыз да «жоқ» деген жауап аласыз. Есесіне, сіз іздеген «қат қағаз» делдалдардың қалтасында бар. Ал оның құны ұшақ билетінің бағасынан да «ұшып» тұр.
Рас, соңғы кездері көлік логистикасының қай саласында да іргелі істер атқарылуда, ілгерілеу бар. Теміржолда да оң өзгерістер байқалады. Жұртшылық жол жүру билеттерін үйлерінен шықпай, онлайн түрде ала алады. Кассалар алдындағы қисапсыз кезекті сейілткен терминалдар күндіз-түні жұмыс істеп тұр. Вагондар жаңартылуда. Жолаушыларға қызмет көрсететін тасымалдаушы компанияларға қойылатын талап та, бақылау да күшейген. Десе де, мереке қарсаңында және мереке күндері билеттің жеткіліксіздігі, делдалдарды құрықтауға дәрменсіздік аңғарылады.
Обалы нешік, кеше көпке белгілі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жыл тоғысар тұстағы жолаушылар сұранысын қанағаттандыру мақсатында әртүрлі бағыттардағы пойыздарға қосымша 80 (!) вагонның тіркелетінін хабарлаған. Қазіргі уақытта «Алматы-Астана», «Алматы-Семей» және «Алматы-Арыс» бағыттарына қатынайтын қосымша пойыздарды шығару да қарастырылып жатқан көрінеді. Сонымен қатар, тұңғыш рет отандық «Тұлпар-Тальго» зауытында жасалған кең кузовты жаңа үлгідегі вагондармен жасақталған екі жүрдек пойыз жолға шығады. Оның бірі «Алматы-2-Астана» бағытында қатынаса, екіншісі келесі жылдың алғашқы күнінен бастап «Алматы-2-Шымкент» арасын жол қылады. Сұраныстың артуына байланысты қосымша вагондар тіркеуді өзге де тасымалдаушы компаниялар қолға алмақ. Алайда, мұндай қозғалыс билет тапшылығын түбегейлі шеше алар емес.
Неге? Бар түйткіл жоғарыда сөз еткен делдалдарда болып тұр. Билетті бизнеске айналдырған олар, мәселен, Астана-Алматы арасына қатынайтын пойыздың 30-желтоқсандағы жолда жүру құжатын бақандай отыз мың теңгеге пұлдауда. Ал өз бағасы орташа есеппен 7-8 мың теңге тұрады, яғни, үш есеге артық саудалануда. «Біз билетті кімнің қандай мақсатта сатып алатынын білмейміз. Және қазіргі таңда жолаушылардың билетке қол жеткізуі барынша оңтайландырылған: қаланың қай жерінде де темір жол кассалары, терминалдар жұмыс істеп тұр. Сондықтан делдалдарды бақылау құзырлы мекемелердің еншісіндегі шаруа болуы тиіс», дейді компания өкілдері.
Кез келген жолаушы керек билетін ай бұрын ала алмайтыны анық. Жолға шығу уақыты таяғанда билет тапшылығына кездеседі. Содан кейін заңсыз сатушылардың қалтасын толтыруға мәжбүр. Мұны кім бақылайды, келеңсіздікке шектеу қоятын қандай мекеме, құзырлы органдар бұл ахуалдан хабардар ма? Бұл жағы, әлбетте, бізге беймәлім. Айтпақшы, вагондардағы бос орындарды саудалайтын жолсеріктер де баршылық екенін жасыра алмаймыз. Тасымалдаушы компания қызметкерлерін парақорлыққа итермелейтін де билет таппаған өзіміз екенін ешкім жоққа шығармайды.
Қос түйткілдің де себебі билет тапшылығында. Ал жолда жүру құжатына мереке қарсаңында сұраныстың еселеп артатынын білетін делдалдар оны саудаға қойылғаннан түрлі жолдармен иеленіп, бағасын еселеп пұлдайды дедік. Ендеше, құзырлы органдар осындай «бизнесмендерді» құрықтаса, игі. Билет тапшылығы біршама шешілер ме еді?..
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»