22 Желтоқсан, 2016

38 күн қалды

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алатаудың баурайында XXVIII қысқы Универсиаданың сөреден шығатын мерзіміне айдан артық уақыт қалды. Қазірдің өзінде Алматыда Студенттік ойындарды қабылдайтын нысандардың сақадай-сай дайын тұрғанын атап өтуге болады. Бұдан бірқатар мезгіл бұрын Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Студенттік спорт федерациясы Универсиадаға қатысуға үміткерлер тізімі жасалып біткенін жария еткен еді. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының мәлімдеуінше, қазіргі таңда аталмыш шараға 227 спортшы дайын тұр. Олардың 121-ін жігіттер, 106-сын қыздар құрайды. Бүгінде олармен жаттықтырушылар, дәрігерлер, массаж жасаушылар жұмыс жүргізуде. Ал тізімнің ортасында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, фристайлшылар Юлия Галышева, Павел Колмаков, Жанбота Алдабергенова, конькишілер Роман Креч, Станислав Палкин, шорт-трекшілер Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша секілді еліміздің белгілі спортшылары бар. Кейінгі кездері бұлардың соңғылары – шорт-трекшілер шын мәнінде күллі әлемді дүрліктіріп, өздерінің аттарын жалпақ жұртқа жақсы қырларынан танытып жатыр. Біз мұның жарқын үлгісін соңғы сәттері Оңтүстік Кореяның Канныне қаласында мәреге жеткен Әлем кубогының төртінші кезеңінен де көрдік. Енді Универсиадада қалған спорт түрлерінің өкілдері де өздерін биіктен көрсететін шығар деген үміттеміз. Еске сала кетейік, XXVIII Дүниежүзілік Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматыда өтеді. Оның бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасында), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі  енген. Жарыстарға 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Универсиада өткізілетін уақытта 3 мың ерікті, оның ішінде көптеген шетелдік еріктілер атсалысады. Студенттер арасындағы спорт ойындарына 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келеді деп күтілуде. Сайыстарды әлемнің 80 еліндегі 1 млрд адам теледидар арқылы тамашаламақ.