Кешегі кеңестік жүйенің солақай саясатына байланысты осыдан ширек ғасыр бұрын Мұстафа Шоқайдың атын ешкім ашық атай алмайтын еді. Шоқай ұрпақтары мен туыстары қудалаудан қашып, Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болса, ағасы Мырзеке мен інісі Нұртаза Мұстафаның туысы болғаны үшін 1937 жылы атылып кетті. Ал елдегі ата-әжелеріміз Мұстафаның атын атаудан қорқып, «жоғалып кеткен», немесе «оқыған бала» деп жұмбақтап сөйлейтін.
Бүгінгі күні халқымыздың ұлы перзентінің атымен мақтанатын болдық. Мұндай күрделі өзгеріс еліміздің егемендік, мемлекетіміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты болғанына дау жоқ. Тіпті, 1989-1990 жылдары-ақ әр жерде Мұстафа Шоқайдың аты аталып қалып жатты. Алғаш Әнуар Әлімжанов «Халықтың өткен жолы, адамның өткен жолы немесе Мұстафа Шоқайды еске ала отырып» деген тарихи мақала жазды. Содан Хамза Абдуллин, Мырзатай Жолдасбеков, Қалдарбек Найманбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Бүркіт Аяғанов, Бақыт Садықова, Бейбіт Қойшыбаев, Әбу Тәкенов, т.б. еліміздің жазушылары мен әдебиетшілері, тарихшылары мен саясатшылары Мұстафа Шоқайдың шындығында кім екенін дәлелдеп, қалам тарта бастады. Ал бұл Алаш ардақтысының кіршіксіз тазалығын, үлкен парасат пен адамгершіліктің иесі екенін, Отанына, халқына деген адалдығы мен сүйіспеншілігін, тынымсыз күрескерлігін және коммунистік (кеңестік) идеология қанша жала жапса да, оның елімізге ешқандай да жау емес, керісінше, шынайы тілеуқор болғандығын оның зайыбы Марияның «Менің Мұстафам» атты естелігінен айқын көреміз. Бұл естеліктің қазақ тілінде Ыстанбұлда басылып шығуына 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшысы Қалдарбек Найманбаевтың сіңірген еңбегі елеулі болды.
Сондай-ақ, «Мұстафа Шоқай – ол кім?» деген сұраққа сол кезде Франциядағы елшілікте қызмет атқарған Бақыт Садықова қарындасымыз жауап берген болатын. Мұстафа Шоқай туралы ең алғаш батыл да ашық қалам тартып, кітап жазғандардың қатарында Әбжәми Байшуақов, журналист Сарбұлақ Ибрашев пен қауіпсіздік комитетінің полковнигі Әмірхан Бәкіров болды. Осылайша елімізде Мұстафа Шоқай туралы тың ізденістер, мақалалар, оның өз еңбектері ақпарат беттерінде көптеп шыға бастады. Осы кездің өзінде қайраткер қаламгер Камал Смаилов ағамыз: Мұстафа Шоқайды «Дүниежүзілік деңгейде көрінген ең бірінші қазақ», - деп оның саяси еңбегін дәл бағалаған еді.
Осы бір қарбалас кездері облыста Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қор құрылды. Өңір басшылары бұл жұмысты маған тапсырды. Бұған менің бір жағынан әкемнің соғыста тұтқында болып, одан ақталып елге оралғанда Мұстафаның туысы деп қайтадан тағы да Қарлагқа 25 жылға айдалып құрбан болғаны, екінші жағынан, елдегі мәліметтерді арқау етіп, атамыз жөнінде мақала жаза бастағаным да түрткі болған шығар.
Қордың алғашқы аяқ алысына келсек, сол кездегі Сырдария ауданының әкімі Оңалбек Сәпиевтің тікелей қолдауымен Мұстафаның туған ауылы Сұлутөбеде ескерткіш ашылып, салтанатқа сыртта жүрген туыстары шақырылды. Көп ұзамай Шиелі ауданының орталық алаңында да Мұстафаның ескерткіші қойылып, ас беріліп, айтыс, спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Облыста осылай Мұстафа Шоқайға арналған түрлі іс-шаралар жалғаса түсті. «Мұстафа Шоқай – тәуелсіздік күрескері» атты республикалық ғылыми конферен-
ция ұйымдастырылып, оған академик Әбдімәлік Нысанбаев, профессор Мәмбет Қойгелдиев, Бақыт Садықова, Қажымұрат Әбішов қатысып, баяндама жасап, Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік күрескері екенін одан әрі аша түсті. Облыс орталығында бір көшеге Мұстафа Шоқай аты беріліп, Мұстафа Шоқай атындағы мектептің алдына ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, туған ауылы Сұлутөбеде жаңадан салынған мектеп Мұстафа Шоқай атымен аталды.
Мұстафа Шоқайдың аты елімізде одан әрі кең танылуына оның еңбектерінің елге жетуі септесті. Бұл бағытта Иманғали Тасмағамбетовтің Премьер-Министр болып тұрған кезіндегі Францияға барып Мұстафаның Ножан-Сюр-Марндағы тұрған үйінің жанына ескерткіш-тақта орнатумен қатар, 8000 беттік 117 папкадағы қолжазбаларының фотокөшірмесін еліміздің орталық мұражайына алып келіп тапсыруы үлкен оқиға болды. Сол сияқты, Түркиядағы дүниежүзілік татарлар диаспорасының төрағасы Акчораның «Түрксой» басшысы Дүйсен Қасейіновке тапсырған Мұстафа Шоқайдың хаттары мен қолжазбалары да елге жетті.
Атақты саясаткердің есімінің қайта оралуынан Ресей де сырт қалмады. 2008 жылы Санкт-Петербург Гуманитарлық Қоры мен наградалар жөніндегі өндірісаралық біріккен комитеті Мұстафа Шоқайды Санкт-Петербург Ғылымы мен мәдениеті және өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Петербург тұлғасы» («Личность Петербурга») медалімен марапаттап, Қазақстанның Ресейдегі бас консулы арқылы Мәдениет министрлігіне тапсырған болатын. 2009 жылы Мәскеуде шыққан «Общественная мысль Русского зарубежья: Энциклопедия» атты басылымда «Чокаев Мустафа» атты көлемді мақала басылды.
Мұстафа Шоқай еңбектерінің негізінен «Яш Түркістан» журналында жарық көрген мақалаларының алдымен екі, содан соң үш томдық болып, 1998-1999 және 2007 жылдары Алматыдағы «Қайнар» баспасынан жарық көруіне оның директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбаев ерекше үлес қосты. Осының алдында, яғни 2006 жылы Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы жарық көрген еді. Ал 2012 жылы басталып, 2014 жылы аяқталған Мұстафа Шоқай шығармаларының толық он екі томдық жинағын шығарудағы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты бас болған, танымал мұстафатанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Есмағамбетовтің айрықша қажыр-қайраты кімді болса разы еткендей. Мұның алдында зерделі зерттеушінің «Әлем таныған тұлға» атты көлемді монографиясы жарық көрген болатын.
Сонымен қатар, Бақыт Садықованың «История Туркестанского легиона в документах», «Мустафа Чокай в эмиграции», ыстанбұлдық қандасымыз Әбдуақап Қараның түрікше, қазақша, кейін француз тілдерінде «Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығармашылығы», Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа Шоқай», т.б. монографиялар, кітаптар жарық көрсе, ұлы күрескер өмірі мен мұрасы туралы көптеген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Осы жерде мынандай бір деректі келтіре кетсек артық болмас. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының 2015 жылы шығарған «Библиографиялық көрсеткішінде» Мұстафа Шоқайдың өмірі мен саяси қызметі, мұрасы туралы 2309 әдебиет тіркеліпті.
Елімізде мұстафатану жұмыстары кино-драматургия саласында да кең қанат жайып дамып келеді. Оған куә ретінде кинорежиссер С.Нарымбетовтің және жазушы Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» атты киносы мен спектаклін атауға болады. Ақын Қасымхан Бегманов ұйымдастырған «Мұстафа Шоқай ізімен» атты экспедиция жұмысы да көптеген жайлардың бетін ашты. Оның Мұстафа атын Түркістан легионымен байланыстырған саржағал баспасөздің кертартпа журналистерімен екі рет соттасып, Мұстафаны ақтап алуы да үлкен ерлік болды.
2013 жылдың 27 желтоқсанында, яғни Мұстфа Шоқайұлының дүниеден қайтқан күні туған ауылы Сұлутөбе жанындағы 1-май ауылында Мұстафа Шоқай атындағы мешіт үйі ашылып, аруағына ас беріліп, құран бағышталды. Мешітті кәсіпкер меценат, облыстық мәслихат депутаты Шәутай Тілеуберген өз қаржысымен салдырып еді.
Мұстафа Шоқай есімінің халық жадында қайта жаңғыруына өзінің туған облысының басшылары ерен еңбек сіңіріп келеді. Соның арқасында ұлы күрескер соңғы жиырма жылдай мекен еткен Францияда да бірсыпыра маңызды істер жүзеге асты. Көптеген дипломатиялық келіссөздер негізінде мақсатты іске қол жеткізілді. Ножан-Сюр–Марн қаласындағы тұрған үйінің жанына Мұстафаның ескерткіш-бюсті орнатылды. Сол ескерткіш орнатылған алаң мен Мұстафаның тұрған үйінің жанындағы «Фонтан алаңы» қала әкімінің шешімімен биылғы қыркүйек айынан бастап «Мұстафа Шоқай алаңы» деп аталады.
Мұстафа Шоқайдың атын танытып, асыл мұраларын насихаттауда оның туғанына 125 жыл толуы ерекше асу болды. Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзі бас болып, Астана, Алматыдан көрнекті ғалымдарды шақырып, республикалық деңгейде конференция өткізді. Шиелі ауданы мен Мұстафаның туған ауылы Сұлутөбедегі ескерткіштері жаңартылды. Қорқыт ата атындағы университетте «Мұстафа Шоқай ғылыми-зерттеу орталығы» ашылып, ол өз жұмысын бастап кетті.
Торқалы тойға байланысты Алматыда да Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының басшылығымен халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған Түркиядан, Әзербайжаннан, Өзбекстаннан белгілі ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады. Мұстафа Шоқай туралы тың деректер айтылып, келелі-келелі мәселелер қозғалды.
Білетіндер Мұстафа Шоқай еңбектері әлі елге толық жете қойған жоқ дейді. Мысалы, Өзбекстанның архивтерінде Мұстафаның беймәлім еңбектері болуы мүмкін көрінеді. Демек, мұстафатану әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз. Мұстафаның мол мұрасы өзі көксеген арманға жеткен тәуелсіз Қазақстанға қызмет етуі қажет.
Базарбай АТАБАЙ,
Мұстафа Шоқай қорының төрағасы, Шиелі ауданының құрметті азаматы
ҚЫЗЫЛОРДА