22 Желтоқсан, 2016

«Жасыл экономика» жаңалықтары

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

energia e futuroКүн батареяларын орнатпақ

Француздың Total мұнай-газ компаниясы таяудағы 5 жылда өз иелігіндегі 5 мың жанар-жағармай стансасына күн батареяларын ор­нат­пақ. Компания таратқан ақпа­рат­­қа сәйкес, жобаның жалпы құны 300 миллион доллар тұрады екен. Мамандардың есептеуінше, орна­тылатын күн батареялары арқы­лы өндірілетін электр қуаты 200 мың тұр­ғыны бар қаланы толық қам­тамасыз ете алатындай қуатқа тең. Осы жаңалық арқылы Total электр қуатына кететін шы­ғын­дарды жыл сайын 40 миллион долларға үнемдемек. Le Figaro басылымының хабарлауынша, қазіргі уақытта Total-дың әлемнің әр түпкірінде орналасқан 16 мың жанар-жағармай стансасы бар. соның 5 мыңына күн бата­реялары орнатылмақ. Бұл станса­лар­дың 800-і Францияның өзінде орналасса, 2,5 мыңы Африка құрлығында екен.  

Керемет конденсатор

АҚШ-тың Орталық Флорида университетінің ғалымдары алдағы уақытта ұялы телефондар, электромобильдер және баса да электронды техникаларға орнатылып жатқан батареялар мен аккумуляторларды ауыстыра алатындай конденсаторлар жасап шығаруға кірісті. Бұл жаңа акку­мулятордың кереметтігі сонда, ол 1 секундтың ішінде қуатталып, апта бойы жұмыс істей алатындай қабілетке ие екен. Былайша айтқанда, кәдімгі литий-ионды аккумуляторларға қарағанда, 20 есе артық жұмыс істей алады. Оның үстіне кәдімгі батареялар 1,5 мың қуаттау циклына жараса, жаңа балама 30 мың қуаттау циклына төтеп бере алады екен. Бұл жаңа аккумулятордың негі­зін өз бетшесінде электрон­дар­дың үлкен санын сақтай білуге қабі­летті графен құрайды. Оның үстіне мұндағы электр қуаты хи­мия­лық реак­циялар арқылы жұ­мыс істейтін литий-ионды акку­му­ля­торға қарағанда мүлдем басқа қағи­даттар бойынша әрекет ететін көрінеді. Қазіргі нанотехнологиялар же­тістігі нәтижесінде пайда болған бұл жаңа аккумулятордың көлемі мен салмағы да дәстүрлі баламалардан әлдеқайда шағын көрінеді.  

Жел қуатын пайдаланады

Microsoft компаниясы АҚШ-тың Канзас және Вайоминг штат­тарындағы жел электр стансаларынан 237 мегаватт электр қуатын сатып алу жөнінде келісім жасады. Әзірге келісімнің қаржылық көлемі құпия ұсталуда. Дегенмен, Microsoft-тың бас заң кеңесшісі Бред Смидтің мәлімдеуінше, жыл соңына таман компанияның өндірістік орталықтарында пайдаланатын электр қуатының 44 пайызы жел мен күн және су көздері арқылы алынатын болады. Ал енді 2 жылдан кейін бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жетеді. Қазіргі күні Microsoft 20 мегаватт күн және 285 мегаватт жел энергиясын пайдалану жөнінде келісім жасасқан. Bloomberg New Energy Finance басылымының болжамы бойынша, 50-ге жуық америкалық компа­ния 2025 жылға дейін жалпы жиын­ты­ғы 17,4 гигаватт қуатты жел мен күн энер­гиялары арқылы алу жө­нін­де келісімдер жасасатын болады. Мұның өзі жаңғырмалы қуат көздеріне иек арту алда­ғы уа­қытта күшейе түсетінін білдіреді.  

Жел энергиясы қондырғыларын шығармақ

Батыс Қазақстан облысындағы «БатысЭнергоПром» ЖШС қуат­ты­лығы 2 кВт-ға дейін жететін жел энергиясы қондырғыларын шы­ғару ісін өнеркәсіптік желіге көшір­мек. Жел қуатын өндіруге лайық­талған бұл құрылғы шопан­дар мекендері мен сая­жайларды энер­гиямен қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, кәсіпорын базасында күн қуатын өндіретін құралдар шығару жөнінде жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Әзірге сынақ негізінде шығарылған күн энергиясы жүйесі үстіміздегі жылы Ақжайық ауданындағы «Мұқас» шаруа қожалығының өндірістік базасында жұмыс істеп тұр екен. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»