22 Желтоқсан, 2016

Даналық даңғылы

283 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
01-01Нұрсұлтан Назарбаев туралы толғау

Саясат пен парасат

Әлемдегі бес мыңнан астам ұлт пен ұлыстың жүз тоқсан екісі ғана тәуелсіз болып, мемлекеттік деңгейге жетті. Соның бір де бірегейі – Тәуелсіз Қазақстан! Қасиетті қара жерді жаратқан, күмбездей көк аспанды шегесіз орнатқан құдіреті күшті, мейірім-шапағаты мол Алла Тағаланың қазақ халқына сыйлаған ерекше екі бақыты бар. Оның бірі – ата-бабаларымыз, ақ жау­лықты асыл аналарымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік, екіншісі – Тәуелсіз­діктің көк байрағын нық ұстап, халықты «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Елге» – бақыт­ты болашаққа бастап келе жатқан Прези­дент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған – ұлы. Нұрсұлтан – ұлт бағына туған тұлға! Оның тұлғалығын бізден бұрын да сырт көз сыншылар танып қойған. Қара қылды қақ жарып, әділін айтатын халықаралық сарапшылар Назарбаевты әлемдік саясаттың серкелері – кешегі Фран­клин Делано Рузвельт, Мұстафа Кемал Ата­түрік, Махатма Ганди, Шарль де Голль, бүгінгі Ли Куан Юмен, Махатхир Мохам­мадпен қатар қояды. Бұл жалаңаш сөз, жалпылай мадақ емес, оған ол зәру де емес. Бұл ой-пікіріміз­дің ажарын ашып, айқындайтын мың мысал, дәлел, деректің бірер мысқалын ғана айта­лық. Бағзыдан қалыптасқан мем­ле­к­етті бас­қару да оңай емес. Быт-шы­ты шық­қан қиран­дының орнынан жаңа мемлекет құрып, қалып­тастыру – инемен құдық қазғанмен, тақыр шөлейт жерді Жиделібайсынға айналдырумен тең. Жаңа тұрпатты мемлекетті құрған Нұрсұлтан Әбішұлының өз сөзімен айтсақ: «Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бас­тап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айнал­дырдық. Сол ырысты өсу мен өркен­деудің негізі етіп алдық». Осы тұста Қазақстан дамуының өзіндік моделі туралы Президент сөзі ойға оралып тұр: «Біз — алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсір­ген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен ел­дік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз». «Ұлт жоспары – қазақ­стан­дық арманға бастайтын жол» деп атал­ған Жолдау мемлекеттік идеяның түп қазығы – біздің жалпыұлттық аңсарлы бас­тау ала­тынын жан-жақты ашып көрсетуге бағыт­талды. «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт жос­парын орындаудың практикалық кезеңі бас­талды», деген сөз жалаң ұран емес». Елбасының өзі таңдап, талғап алған бұл бағдаршам бағыт еліміз үшін адастырмас ақжұлдызға айналды. Бұл стратегияның кең пішілген кемел ойлы тактикасы да бар. Осыған орай Президент былай деп жазды. «Уақыт бізді таңдады! Біз сол уақытқа өзіміздің мемлекеттік мөріміз – тәуелсіз Қазақстанның атын жаздық. Өйткені, біз жаңаша армандауды, жаңаша жол табуды үйрендік. Ел мен қоғамды дамытудың нақты міндеттерін алға қоюды үйрендік. Біз үйрене отырып, үлгілі жолға түстік. Бұл жол – енді біздің жол, Қазақстан жолы. Осылайша, Тәуелсіздіктің 25-жылына қазақстандық жаңа арманмен аяқ бастық. Оның басты мақсаты – «Қазақстан-2050» Сратегиясын жүзеге асырудан толық көрі­нетін болады. Осы ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса да­мыған 30 мемлекеттің қатарына кіруін межелеп отырмыз. Бұл – қазақстандық арман. Аңсарлы арманды абыроймен орындау жолында туған еліміздің бірлік пен ынтымақ танытып, жұмыла еңбек етуі – барлық жеңістеріміздің алтын тұғыры болып, абыройлы биігіне айналмақ». Ғасыр мен ғарышты қатар игеріп келе жатқан Тәуелсіз Қазақстан «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Елге» нық сеніммен аршындап барады! Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр! Тарих үшін қас-қағымдай ғана қысқа уақытта Қа­зақстан ғасырларға тең таңғажайып табыс­тарға жеткенін бүкіл әлем көріп, таңдай­лары тақылдап таң қалып отыр. Елдің бәріне белгілі жайларды тізбелеп жатпай-ақ, Төраға болып төрге озып, Ас­тана Саммитін өткізгенімізді, Біріккен Ұлт­­тар Ұйы­мы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақ­ты емес мүше болғанымызды айтсақ та жет­­кілікті. Қа­зақ халқы бүгінде бұрын үш ұйық­таса тү­сіне кірмеген бақытқа кенеліп отыр. Осының бәрі алдағыны көретін, алысты болжайтын кемел ойлы кемеңгер Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана да дара, салиқалы, сарабдал, парасатты саясатының жемісі.  

Тұмарлы жер, тұғырлы ел

«Адам – жердің мүлкі», депті үндістердің көсемі Сиэтл АҚШ президенті Франклин Пирске 1855 жылы жазған хатында – Вашингтондағы үлкен кісі. Сіз біздің жерімізді сатып алу жайлы айтыпсыз. Ал оныңыз біздің көкейімізге қонбайды. Аспан аясын, жер жылуын сату, сатып алу мүмкін бе екен?! Жердің жібек желі, өзен-көлдің ажар-реңі біздің меншікті мүлкіміз емес, оны бізден сатып алу деген не сөз? Бұл жердің әрбір төмпешігі біздің халық үшін аса қадірлі. Орман-тоғайымыздың әрбір жапырағы, өзен-көл жағасының әрбір құм-қиыршығы, әрбір ағашымыздың бойындағы шырын сол қызылтәнді адам атаулыға қасиетті нәр... «Адам – өмірдің өрнегін тоқушы емес, ол – сол өрнектің бір тал жібі ғана. Өрнектің сәнін бұзғаны – өмірінің сәнін бұзғаны. Біз: жер – адамның мүлкі емес, адам – жердің мүлкі деп білеміз. Біз: дүние біртұтас, бір атаның баласындай қаны бір, жаны бір деп білеміз. Жеріміздегі қызылтәнді ақырғы адам көз жұмып, аруағы аспан әлеміндегі ақша бұлтқа айналып кетсе де, халқымыздың өлмес, өшпес рухы орман- тоғайымызда, өзен-көлімізде мәңгі-бақи өмір сүреді. Себебі: бұл жер – менің халқыма, яғни бөбегіне жүрегі елжірей еміренетін ана!». Сен бұл жерді түптің түбінде сатып алар болсаң, оны бізше сүйе біл. Оны бізше ая­лай біл. Оны есіңнен бір сәт шығара көрме. Оны балаларыңның бесігі деп біліп, бү­кіл жан-жүрегіңмен аяла, корға, сақта, құ­дайдың бізді сүйгеніндей мейіріммен сүй! Үндістердің көсемі Сиэтлдің сиямен емес, жүрек қанымен, жан-тәнімен, ділімен жазылған хаты – адамзатқа айтылған өсиет. Бұл – бүгінге ғана емес, ертеңге де керек сөз! Жер – тіріде төрің, өлгенде – көрің. Жер­сіз елдің де, ердің де күні қараң. Жерсіз өмір жоқ! Мұны бір кісідей білетін Елбасы «Ұлы Даланың ұлағаттары» атты кітабының «Ел мен Ер, ер мен жер» атты бөлімінде: «Жер­ден асқан байлық жоқ: жер болса – ел болады, ел болса – ер болады» деп аса салиқалы, қорғасындай салмақты айтқан болатын. Осы тұста Елбасының тағы бір сөзі қалам ұшына оралып тұр: «Ел мен жердің қасиеті мен киесі – ұлы жәдігер. Ұлттық бай­лық, ұлттық ұлағат. Тілімізде «жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөз бар. Өйткені, жердің тарихы, оның тағдыры әрбір адам­ның да өмірбаяны, ащылы-тұщы­лы ғұмыр­намасы секілді. Біз осы жерде өмірге келдік, ұлт болып ұйыдық, халық болып қалыптастық. Хан көтеріп, қатар­ға кір­дік, мемлекет болып мерейімізді өсірдік». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі мен ісінің арасында айырма болған емес. Халықты дүрліктірген жер жайлы түйт­кілдер, күмән мен тұман – Прези­денттің қатесі емес, биліктің биік баспалдағында жүрген кейбір төрешіл басшылардың қатесі. Нұрсұлтан Әбішұлы сол солақайлыққа соққы бере отырып, дер кезінде шұғыл шешім қабылдады. Сөйтіп, Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған нормаларына 2017 жылға дейін тоқтау салды. Бұл жолы да қиын түйінді Президент өзіне тән даналықпен шешті. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айт­сақ: «Туған еліңнің тұтастығы мен бір­лігі жолындағы халықтың ой-пікірлері қа­шан­да қостауға, терең түсіністік танытуға лайық».  

Ұлттың ұлы қазынасы

Өнер – ұлттың ұлы қазынасы. Өнерсіз – өмір айсыз түн. Ғылыми жұмысын бүгінгі күндері де сәтті жалғастырып жүрген атақты физик, Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов: «Физика ғылымын дамыту үшін орта мектептерде әдебиет пәні сабағын арттыру керек», деп жазды. Осы тұста әлемдік деңгейдегі ұлы ақын Олжас Сүлейменовтің ана бір жылы ел газеті «Егеменде» жарияланған: «Шекспирі жоқ елде Ньютон да тумайды», деген қанатты сөзі ойға оралып тұр. Ғалым мен ақын ойының үндестігі тегін емес. Мұның терең сыры мәртебелі өнердің киесі мен иесінде болар, бәлкім?! Елбасы: «Талантсыз халық болмайды. Кез келген өнерді меңгерген адам өзгелерден өзгешелеу болып тұрады. Ал көп өнерді меңгерген адам қоғамның құрметінде, халықтың ала­қанында болады», – дей келіп әкелік қамқор көңілмен әркез есте жүрер ескерту де айтыпты. Сақтыққа шақырған сол сақа сөз мынау: «Талант – көне грек еліндегі салмақ өлшемі. Демек, таланттың да өз салмағы бар. Оның салмағын бойындағы дарының, ойыңдағы танымың, жүректегі жарығың өлшей алады. Шын талант күншілдіктің ауылынан алыс болады...», дейді. Алайда, оның қорғанышы қылаудай ғана. «Талантқа көмектесу керек, дарынсыздар өзі де жол табады», деген тәмсіл содан қалған. Сондықтан дарындыға жақтас болу керек. Шын таланттың шындығы шымыр, соған сүйен. Өсекшінің әр сөзі қыңыр, одан бойыңды аулақ сал. Өсекшінің сөзі өртемесе де, күйе жағады. Содан сақ болғайсың». Талантты тәңірі береді. Сол тәңір бер­ген талантты құрметтеудің үлгісін көр­сетіп келеді біздің еліміз. Соған көп дәлел­дің бірі – Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­дағы қиын кезеңнің өзінде Мемлекет бас­шы­сының пәрменімен тағайындалған Пре­зи­дент және үкімет стипендияларын зиялы қауымның жүз өкілі – әдебиет пен өнер қайраткерлері 23 жыл бойы үздіксіз алып келеді. Кітаптарымыз Мемлекеттік тапсы­рыс­пен шығып, мерейтойларымыз жо­ғары деңгейде өтіп жатыр. Көрші елдердегі қаламдастарымыз мұндай қамқорлыққа бөленбек түгіл мерейтойларын өткізуге қатаң тыйым салынғандығын өкінішпен айтады. Олар: «Назарбаевтай Президенттерің бар сіздер қандай бақыттысыздар», деп бізге қызыға қарайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір тағылымды сөзі ойға оралып тұр: мем­лекеттің рухани-мәдени дамуы оның болашағына жарқын жол ашады. Мемлекет те – өнердің қолдаушысы. Өйткені, өнердің өрісі кең, өнерлі халықтың өркені ұзақ. Халықтың бай мәдениеті мен әдебиетін, өнері мен ғылымын дамыту, салт-дәстүрін құрметтеу, оны жаңа заман талабына сай өркендетіп отыру – мемлекеттік саясаттың ең маңыздысы. Ендеше, өнер – халықтың сарқылмайтын рухани қазынасы. Тәуелсіздік алған жылдары халық­тың тұрмыс-тірлігінде көптеген қиыншы­лықтар болды. Көп нәрсе жетпей жатты. Бірақ, соған қарамастан, мемлекетіміз азаттықтың алғашқы жылдарынан бас­тап ел мәдениетіне қолдау көрсетудің сындарлы бағдарламасын жасап, руханияттың шеттеп қалмауына барынша жол ашудың бағытын ұстанды. «Ораза, намаз – тоқтықта», деген сөз бар. Бірақ бұл сөзді уақытша қиындықтан қашудың амалы деп қабылдауға болмайды. Егер өз мақсатыңды жан-жақты түсінсең, қайта қиын кезде қайраттан, тар кезде тәуекел ет. Сонда жан дүниең жарасымын табады», деп жазды. Бұл «өнердің еңсесі биік, бәсі бағалы екенін бала кезден сезініп өскен» көреген көсемге лайық сөз! Сол сөздің үдесінен шығып келеді Елбасы. Оған жыл сайын лайықтыларға, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, екі жылда бір рет отандық озық туындыларға Мемлекеттік сыйлық беріліп келе жатқандығы айқын айғақ. Елбасы атап айтқандай: «Өнер – ұлттың рухани келбеті. Мемлекеттің мәртебесі мен мерейінің шынайы көрінісі. Өнерлі халықтың өркені де баянды».  

Шынайы сезім, шын сөз

Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын ұлылардың бүкіл өмірі – ұлағат. Олардың сөзі де, ісі де ірі. Ұлының аты – ұлы! Олардың арманы да, бақыты да ұлы. Олар өзінің емес, ұлтының, елінің жайын ойлайды. «Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез, қайда жүрсем де бір сәтке де тыныш таптырмайды», депті Елбасы. Осы шынайы сезім, шын сөздің айқын бір көрінісін ұлт бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірінен айқын көріп, анық танимыз. Бұған Елбасының: «Менің мұратым – елімнің бүгінгі бейбіт өмірі, ертеңгі нұрлы болашағы. Келер ұрпақтың алғысы мен ризашылығы біздің бүгінгі істеріміздің жарқын нәтижесіне тікелей байланысты. Осы жолда халық бірге болса, қамал аламыз. Осы жолда мақсат ортақ болса, қуатымыз тасып, күш-жігеріміз еселене түседі. Сол жолда мемлекет пен халық мүддесі ұштасып жатса, мәртебелі міндет – осы», деген сөзі айқын айғақ. Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр. Алты атанның өзі де тарта алмас сол аса ауыр жүкті арқалаған Елбасының асыл мұраты – бүгіні бекем елінің келешегі кемел болуы үшін ұлттың айрандай ұйыған бірлігі мен ырысты, келісті ынтымағын сақтай отырып, Мәңгілік Ел орнату. «Біз Ұлы Дала елінің кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге жалғаймыз. Оның ұлы тарихын жаңа дәуірде жарқыратып жаңадан жазамыз. Жаңа ғасыр – үшінші мыңжылдыққа Қазақстанның қолтаңбасын басамыз.Мұратымыз – Мәңгілік Ел! Ақтық демім қалғанша, әл-дәрменім талғанша, халық жүгін көтеруден қашпаймын. Бұл – менің президенттік те, перзенттік те парызым. Қадіріңді білер халық болса, одан артық бақыт жоқ. Кеудемде жаным барда халқым менен не күтсе де көтеремін», деп жазды Елбасы. Жүректен шығып жүрекке жеткен, жан толқытқан ұлы сөз бұл! Ұлылықтың ұлағатты бір белгісі – өзі үшін емес, елі, халқы үшін қуану. Соған айғақ болар анық сөз мынау: «1991 жылдың желтоқсан айының әр күні, әр таңы менің жадымда жаңғырып, сол кезде кеудені кернеген шаттық пен салтанат жанымды әлі күнге тербеп келеді. Сол күні, бір жағынан – жаңа туған сәбидей, бір жағынан – ғасыр жасаған қариядай күйде болғаным есімде. Шынайы бақыт сезімін бастан кешіп, шалқар шаттыққа бөлендім. Жеке басыңның қуанышы мен бақыты бір бөлек те, туған халқыңның қуанышы мен бақыты мүлде басқа екенін сол жолы ерекше түсіндім. Тебірендім, толқыдым. Бабалар аманатын орындау бақыты, елді ертеңгі күніне бас­тау парызы менің маңдайыма жазылғанын Жаратушының ерекше сыйы, айрықша мүмкіндігі деп түсінемін. Бәлкім, тарихтың таңдауы, халықтың қолдауы деген жөн болар?!» Біз ұққан тұлғалылықтың бір қыры осы. Бұл Елбасының жүрегін жарып шыққан ұлы сөз, біз үшін алтыннан қымбат асыл сөз! Нұрсұлтан Назарбаев мұны сөзімен ғана емес, әлем мойындаған ерен ерліктерімен де дәлелдеп келеді. Жақында Парламент қабылдаған сая­си, тарихи құжат – Қазақстан Респуб­ли­касы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Деклара­циясында Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың көрегендігі мен жасампаздығына жоғары баға берілді. Біз – сол жоғары баға­ны қуана қостаған көптің біріміз. «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел (қазіргі Астана қаласы) – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақ­тың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деп жазыпты Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында. Ұлт бағына туған тұлға Нұрсұлтан Назар­баев – ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов арма­нын жүзеге асырған кемел ойлы кемеңгер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі мен ісі – даналық даңғылы, адастырмас ақ жұлдыз!  Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы «Түркі әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының иегері АЛМАТЫ