Түбі бір туысқан түрік жұрағатының Қазақстанға ықылас-пейілі ерекше. Олар жыл сайын Түркістандағы Халықаралық Қазақ-түрік университетіндегі емханаға келіп, Қазақстанда әзірге мүмкіндігі шектеулі оталар жасап қайтатын.
Бұл жолы Түркиядан арнайы келген дәрігерлер делегациясы облыс басшысы Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, жұмыс барысы жайлы әңгімелесті. Жас балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту, нәрестелер өлім-жітімін төмендету мақсатындағы тәжірибесімен бөлісуге келген жұмыс тобына Түркия үкіметі жанындағы Ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі агенттік ұйытқы болған. Делегацияны агенттіктің оқу бөлімінің бастығы Мустафа Хасим бастап келді.
Екіжақты кездесуде тараптар бауырлас қос мемлекеттің қарым-қатынасы мен бірлескен жобалар жайын сөз етіп, жаңадан басталатын шеберлік сабағының нақты міндеттері бойынша әңгімелесті. Түркиядан келген мамандар облыстағы балалар мен босанатын әйелдерге медициналық көмек көрсету қызметінің дәрігерлеріне – неонатологтарға, офтальмологтарға, педиатрларға, акушер мамандарға, неонатальдық мейірбикелерге теориялық және практикалық дәрістер оқып, біліктілігін жоғарылату бойынша арнайы оқыту курсынан өткізеді. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының халықаралық технологиялар орталығының базасында өтетін шарада жаңа туған балаларда кездесетін түрлі сырқаттар кезінде тиімді реанимациялық көмекті сапалы жүргізе білуге, науқас және дені сау жаңа туған балаларға мамандандырылған күтім жасауға, жас сәбилердің көру қабілетінің төмендігін уақтылы анықтауға оқыту бағдарламалары жоспарланған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері жаңа туған балаларға реанимациялық көмек көрсету бойынша заманауи симуляциялық манекендерде тәжірибе жасап дағдыланады.
Осындай оқыту бағдарламасымен таныстырған түркиялық дәрігерлер мұндай тәжірибе алмасу шараларының бұған дейін әзербайжандық дәрігерлермен ұйымдастырылып, оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Түрік дәрігерлерінің дәрісі кезінде ерекше көзге түсіп, арнайы емтиханнан сүрінбей өткен бірқатар медицина қызметкерлеріне сертификаттар табысталып, оларға Түркияда білімін жетілдіруге жолдама беріледі. Түбі бір ағайынның көмегі дәрігерлеріміздің біліктілігін көтеруге осылайша септігін тигізіп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы