22 Желтоқсан, 2016

Конвенция, кодекс және келісім

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, бекітілген күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қаралды. Соның ішінде Қазақстан мен Словения үкіметтері арасында қол қойылған Табыс пен капи­талға қосарланған салық салуды болдырмау және салық салу­дан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция мен оған жасалған хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы біршама ұзақ тал­қы­ланып, депутаттар тарапы­нан қызығушылық тудырды. Заң жобасы туралы баяндама жаса­ған Қаржы министрі Бақыт Сұл­тановқа он депутат сұрақ берді. Соның ішінде депутат Әбді­манап Бектұрғанов конвенцияда бір елдің резидентінің жылжымайтын мүліктен алынатын табысына екінші елде салық салынуы мүмкін деп көрсетілгенін айта отырып, бұл қосарланған са­лық болмай ма деп сұрады. Оған министр мүлік қай елде тір­келген болса, салықты сол мем­лекет қана салатынын айтты. Де­путат Евгений Козлов конвенцияда адамның еңбегіне қарай төленетін ақылардың бірнеше түрі көрсетілгенін, соның ішінде біз­дің мемлекетте еңбекақы мен зейнет­ақы ғана барын айтып, қал­ған ақыларға нелер жатады деп сұрады. Оған министр олардың бәрі де табысқа жататынын, ал табыс­тың барлық түрінен салық алынатынын жеткізді. Депутат Зәуреш Аманжолова уағдаласушы мемлекеттердің бірінде салық заңнамасы өзгерген жағдайда конвенция қалай қолданылатыны айтылмағанына назар аударып, осындай жағдай­да салық қалай салынатынын сұрады. Оған министр атаулар өзгергенімен, салық салу прин­ципі өзгермейтінін жеткізді. Ахмет Мурадов қазақстандық теңіз­шілер мен ұшқыштар қазір халықаралық деңгейлерде жұмыс істеу мүмкіндігін алғанын айта келіп, егер Словенияда сондай адам­дарымыз жұмыс істейтін бол­са, оларға салық қалай салынады деп сұрады. Министр оған табыс­тарды қай мемлекет төлесе, салық­ты да сол ел ұстайтынын айтты. Осындай тұрғыдағы сұрақтар аяқталған соң қосымша баяндама тыңдалды. Оны Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жасап, заң жобасының бұдан бұ­рын да қабылданған осындай құ­жаттардан ешқандай өзгеше­лігі жоқ екенін атап өтті. Кон­вен­цияның мақсаты – екі ел ара­сын­да шағын және орта биз­несті дамытуда экономикалық ынты­мақтастықты кеңейтуге және инвестиция салуға қолай­лы жағдай жасау. Барлық комитеттердің оң қорытындысы бар, қосымша бюджет шығынын қажет етпейді, деді ол. Талқылау барысында заң жобасын тұтастай мақұлдау жөнінде бір ғана ұсыныс түсіп, депутаттар онымен келісті. Осы күні отырыс Сот-сарап­тама қызметі және Халық денсау­л­ығы мен денсаулық сақтау жүйе­сі кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын екінші оқы­лымда қарап, тұтастай ма­құл­дады. Заңнамалар сот-сарап­тама қызметін жетілдіруге қатыс­ты құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жыл­дарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасын іске асы­руға, бірыңғай сот сараптамасы органын құруға, жеке сот сарап­шылары институтын дамы­туға, сондай-ақ, сот төрелігі про­це­сіне қатысатын азаматтар мен ұйым­дардың құқықтық қор­ғалуын, сот сарапшысы лауазы­мы­ның беделін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осы күні Қазақстан мен Сербия үкіметтері ара­сында Халықаралық автомобиль қатынасы туралы жасалған келі­сімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытын­ды әзірлеуге келісім берілді. Со­нымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасында Ембі полигонын пайдалану және жалға беру туралы 1995 жылдың 20 қаңтарында жасалған келісімді және осы полигонды жалдау туралы шарт­тың қолданысын тоқтату жөнін­де 1996 жылдың 18 қазанында жасалған хаттаманы ратификация­лау туралы заң жобасы бойынша да қорытынды әзірлеуге уақыт белгіленді. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттардың орталық атқарушы билік органдарына жасаған сауалдары жария етілді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»