ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ СЕКТОРЫН ДАМЫТУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕ
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
Қазіргі таңда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ел экономикасының ірі секторларының бірі болып отыр. Осы салада 200 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Бүл Қазақстан өндірісінде еңбек етіп жатқан халықтың жалпы санының 18 пайызын құрайды. Коммуналдық кәсіпорындардың кіріс көлемі 500 млрд. теңге шамасында. Бұл мемлекеттің жалпы өнімінің 3 пайызынан асып түсетін қаражат.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бір бірімен тығыз байланысты екі бағыттан тұрады. Оның біріншісі коммуналдық қызмет саласы. Оған тұтынушыларды сумен, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жұмыстары, кәріз жүйесі, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары кіреді. Екіншісі – тұрғын үйлердің өзін күтіп ұстау, пәтер иелері мен қызмет көрсету мекемелері арасындағы қарым-қатынасты реттеу мәселелері, көп пәтерлі тұрғын үйлердегі жалпыға ортақ мүліктерді басқару мен пайдалану жұмыстары.
Қазіргі күні су, газ, электр қуатын жеткізіп беруші желілердің, кәріз жүйелерінің бірқатары ескіре бастады. Коммуналдық салаға жасалынған талдау осындай инженерлік нысандардың 70 пайызы тозығы жеткендігін көрсетіп берді. Соның ішінде, әсіресе, тазалау қондырғылары (74 пайыз) мен ауыз су (73 пайыз) жүйелері көптеп тозғандығы белгілі болды.
Осының әсерінен қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасындағы жылу энергиясының жоғалуы 35 пайызға, ауыз судыкі 32 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл – үлкен шығын. Егер жағдай осылай кете беретін болса, онда қызмет тиімділігі төмендей бермек.
Сондықтан Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын одан әрі реформалау ісінде бірінші кезекте инженерлік желілер мен қондырғылардың техникалық жағдайын жақсарту мәселесіне баса назар аударуда. Осыған орай ресурстар мен қуаттарды үнемдеу технологияларын енгізу ісіне көбірек көңіл бөлінбек.
Аталған бағытта өткен жылдың өзінде едәуір жұмыстар атқарылды. 2009 жылы осы мақсатқа деп 61 миллиард теңге бюджет қаржысы бөлінген болатын. Оның 60,7 миллиард теңгесі немесе 99 пайызы игерілді. Қаржыны игеру барысында 81 мың жұмыс орны құрылды. 862 жоба жүзеге асты. Атап айтқанда 284 шақырым жылу желісі, 737 шақырым электр желісі, 284 шақырым газбен жабдықтау желісі, 1029 шақырым сумен қамту желісі жөндеуден өткізілді және ішінара жаңадан салынды.
Кез келген жұмысты жүзеге асыру үшін ең алдымен қаржының қажет екені түсінікті. Сондықтан Үкімет коммуналдық қызмет саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесін ойластыруда. Осыған орай қазір әзірлену үстіндегі “Мемлекеттік – жеке меншіктік әріптестік туралы” заң жобасына қосымша ұсыныстар енгізілуде. Бұл ұсыныстар коммуналдық салаға бағытталатын инвестицияларға мемлекеттік қолдау жасау шараларын қарастырады. Қаржыландыру ісіндегі коммуналдық қызмет саласының ішкі мүмкіндіктерін арттыруды көздейді.
Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мен қайта жаңғыртудың қазақстандық орталығы құрылды. Оның алдына бірнеше міндет жүктелді. Олар – саланы дамыту мен қайта жаңғыртуға бағытталатын жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттен тыс көздерді іздестіру, ТКШ саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субьектілерді несиелеудің жолдарын қарастыру, ресурстар мен қуаттарды үнемдеу технологияларын, ТШН-ды басқарудың қазіргі замандық әдіс-тәсілдерін енгізу секілді міндеттер. Егер мемлекет осындай жолдар арқылы еліміздің коммуналдық саласын дамыту ісіне жеке меншіктің, әсіресе, бизнес субьектілердің ынта-ықыласын оятып, олардың қаржысы мен күш-жігерін іске қоса алса, саланың жағдайы қазіргімен салыстырғанда, көп жақсара түсетіндігі анық.
Дегенмен, осы уақытқа дейін тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласының дамуына бөгет болып келе жатқан сең қозғалды деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” Жолдауында “тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты тәртіпке келтіретін уақыт жетті” деп айрықша атап көрсеткен болатын. Елбасының берген тапсырмасына орай Үкімет бұрын әртүрлі обьективті себептерге байланысты қозғаусыз қалып келе жатқан осы мәселеге енді жіті мән бере бастады. Өткен жылы қолға алынған “Жол картасының” аясында жөндеу жұмыстарына көп қаржы бөлді. Саланың жағдайын жақсартудың жүйелі шараларын қарастырып, белгілеу үстінде. Осы үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Соның бірі үстіміздегі жылдан бастап еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту және дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдама жүзеге асырыла бастамақ. Осы бағдарлама негізінде 5 жылда 300 миллиард теңгенің қаржысын игеру көзделінеді. Мұның 200 миллиард теңгесі республикалық бюджет есебінен, қалған бөлігі жергілікті бюджеттер есебінен бөлінеді деген ұйғарым бар. Сонда әр жыл сайын аталған мақсатқа шамамен 60 миллиард теңгеден жұмсалынып отырады. Қаржының басым бөлігі инженерлік желілерді жаңалау және жөндеу жұмыстарына бағытталады.
Аталған тұжырымдамаға сәйкес елді мекендерді сумен қамту мәселесінде бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру көзделеді. Қаржыны үнемдеу және жіті қадағалап отыру үшін инвестициялық жобаларды таңдау ісіне белгілі бір өлшемдер белгіленіп, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелері орталықтандырылған түрде әзірленеді. Тұжырымдаманы жүзеге асыруды үш кезеңге бөлу көзделінуде.
Бірінші кезеңде облыс орталықтарындағы сумен қамту және су қайыру нысандарының жағдайына зерттеу жүргізіліп, Көкшетау қаласы бойынша жаңғырту жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Екінші кезеңде Атырау және Шымкент қалаларының техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу жұмыстары аяқталады. Ал 2012-2014 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде басқа қалалардың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп, осы бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Үкімет алға қойып отырған жұмыстың тағы бір бағыты тұрғын үй секторын дамыту. Өткен жылы осы мақсатта “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң қабылданған болатын. Саланың проблемалары жеткілікті зерттеле келе енді осы заңға қосымша өзгерістер енгізу көзделуде. Ведомствоаралық комиссия қарап бекіткен бұл қосымшалар мен өзгерістер мынадай мәселелерді қарастырады.
Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорын құру. Қазіргі күні еліміздегі мемлекеттік тұрғын үй қорлары әкімдіктер мен кәсіпорындар деңгейінде шашыраңқы түрде қалыптасып отыр. Ал мемлекеттік орталық органдардың тұрғын үй қоры көрсетілмеген. Сондықтан бұл іс бірыңғайландыруды қажет етеді.
Екінші, қызметтік тұрғын үйлерді беру тетіктерін нақтыландыру және оңтайландыру. Осыған дейін әкімдіктер мұндай тұрғын үйлерді нақты азаматтарға тікелей беріп келген еді. Енді әкімдіктер қызметтік тұрғын үйлерді ұйымдарға (сот, прокуратура, полиция) береді де, олар қызметкерлерге заң тәртібіне сәйкес өздері тапсыратын болады.
Үшінші, бұзылуға жатқызылған апатты үйлерден шығарылатын азаматтарға тұрғын үй берудің жеке кезегін енгізу. Қазіргі күні мұндай санаттағы азаматтар жалпыға ортақ кезекке тіркелетіндіктен көптеген машақаттарды бастан кешіруде, ақыр аяғында тұрғын үйсіз қалып жатқандары да бар. Ал жеке кезек бойынша тіркеу олардың жағдайын жақсарта түсетіндігі анық. Заңға міне, осындай өзгерістер енгізу көзделінуде. Дегенмен, оқырмандар теріс түсінікте қалмас үшін әзірге бұл өзгерістердің ұсыныс деңгейінде екендігін тағы да атап көрсетпекпіз.
Қазіргі күні еліміздің тұрғын үй секторында 270 миллион шаршы метрді қамтитын тұрғын үй қоры бар. Мұның 98 пайызы жеке меншік болып табылады. Осы тұрғын үй қорын қалыпты жағдайда ұстау үшін жоғарыдағыдай жаңа шаралар белгіленбек.
Сонымен, Кәрім Мәсімовтің Үкіметі еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторының жұмысын реттеуге бел шешіп кірісе бастады. Осы мәселе Үкіметтің осы аптада өткен биылғы жылғы бірінші отырысында ақпараттық деңгейде қаралды. Онда елімізде өткен жылы ғана құрылған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасы Серік Нокин сөз алып, жоғарыдағы жағдайларды баяндады. Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тұрғын үй-коммуналдық секторын дамыту ісі алдағы уақытта неғұрлым тиянақты талқылауды қажет ететіндігін атап көрсетті. “Халық үшін бұл мәселенің маңызы зор, сондықтан біз осы тақырыпқа әлі оралатын боламыз”, деген Премьер-Министр бұл мәселенің алдағы Үкімет отырыстарының бірінде күн тәртібіне қойылатындығын айтты.
КЕДЕНДІК ОДАҚ: АЛЫС-БЕРІС, БАРЫС-КЕЛІСТІҢ КЕШЕНДІ КЕҢІСТІГІ
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Міне, барыс бейнелі болашаққа батыл қадам басып бара жатқан егемен еліміз жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап, экономикалық қауымдастықтың тарихи жаңа үлгісіне қадам басып отыр. Сонау бір қызыл империя құлаған кезден бастап кеңестік кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттерді экономикалық интеграцияға шақырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өміршең бастамалары ТМД, ЕурАзЭҚ сияқты экономикалық және саяси қауымдастықтар негізінде дамып, ақыры Достастық елдері арасындағы жаңа бірыңғай экономикалық кеңістік – Кедендік одаққа ұласты.
Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “бөлінгенді бөрі жейді, біріккендер берекеге кенеледі” деген тарихи қағиданы басшылыққа алып, интеграцияға балама жоқ екендігін жалықпай айтып, өміршең бастамалармен дәлелдеп келеді. 2006 жылы 16 тамызда өткен ЕурАзЭҚ-тың мемлекет басшыларының ресми емес басқосуында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ЕурАзЭҚ шеңберінде кедендік одақ құру туралы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттеріне болашақ кедендік одақтың келісімдік-құқықтық базасын жасау міндеті жүктелді. Осы шешімді жүзеге асыру мақсатында тараптар ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің аясында тұрақты түрде отырыстар өткізіп, кедендік одақ құру үшін қажетті халықаралық келісім-шарттардың жобаларын белгілеу және үйлестіру жұмыстарымен айналыса бастады. Қазіргі күнге дейін кедендік одақтың келісімдік-құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында 38 халықаралық келісім-шарт жасалынды. Сонымен бірге, кедендік одақ шеңберінде ЕурАзЭҚ-тың базасында қабылданған 13 халықаралық келісім жұмыс істейтін болды.
2009 жылдың 27 қарашасында Минск қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің басшылары Кедендік одақтың Кедендік кодексі туралы келісімге қол қойды. Бұл тарихи құжат 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап толық күшіне еніп, 3 мемлекет арасында жаңа экономикалық интеграциялық құрылым – Кедендік одақ жұмыс істей бастайды. Сонымен бірге, осы басқосуда 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік тарифі бекітілді. Сондай-ақ, кезең-кезеңмен күшіне енетін кедендік-тарифтік реттеу саласында мынандай құжаттар күшіне енеді:
– Кедендік одақтың тарифтік артықшылық жүйесін пайдаланатын дамушы елдер тізімі;
– Кедендік одақтың тарифтік жүйесінің артықшылықтарын пайдаланатын дамыған елдердің тізімі;
– тасымалданған кезде тарифтік артықшылық берілетін дамушы және біршама дамыған елдерден әкелінетін және сол елдерде шығарылатын тауарлардың тізімі;
– бірыңғай кедендік тариф ставкаларынан ерекшелінетін және өтпелі кезеңде тараптардың бірі тасымал кезінде кедендік баж салығын салатын тауарлар мен ставкалардың тізімі;
– Кедендік одақ комиссиясы консенсус арқылы баж салығының тасымал ставкасын өзгертетін ерекше тауарлардың тізімі.
Комиссия қызметін ұйымдастыру негізіндегі тарифтік емес реттеу саласындағы бірқатар құжаттар бекітілді:
– ЕурАзЭҚ шеңберінде үшінші бір елмен сауда жасау барысында Кедендік одаққа кіретін мемлекеттерде ішке тасымалдауға және сыртқа шығаруға тыйым салынатын немесе шектеу қойылатын тауарлардың бірыңғай тізімі;
– шектеу қою туралы ереже;
– Кедендік одақ комиссиясының ережелерінің тәртібі;
– Кедендік одақ аясындағы Экспорттық кеңес жөніндегі ереже;
– Кедендік одақ комиссиясының секретариаты құрылымының жаңа мәтіні;
– 2010 жылға арналған Кедендік одақ комиссиясының шығындарының сметасы.
Кедендік одақ шеңберінде қол қойылған барлық халықаралық келісімдер тараптар мемлекет ішіндегі жағдайларды реттегеннен кейін және Кедендік одақтың жоғары органы (мемлекет басшылары және үкімет басшылары деңгейінде) тиісті шешім қабылдағаннан кейін ғана күшіне енеді. Қазіргі күнге дейін Кедендік одақ шеңберінде 14 халықаралық құжат күшіне еніп, жұмыс істей бастады. Олар:
1. 2000 жылғы 10 қазандағы ЕурАзЭҚ құру жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттама;
2. Кедендік одақтың шарттық-құқықтық базасын белгілейтін және одан шығуды немесе кіруді реттейтін халықаралық келісім-шарттардың күшіне ену тәртібі туралы хаттама;
3. Кедендік одақ комиссиясы туралы келісім-шарт;
4. Кедендік одақ құру және бірыңғай кедендік кеңістік жасау туралы келісім-шарт;
5. ЕурАзЭҚ шеңберінде санитарлық және фитосанитарлық шараларды, техникалық реттеулерді жүргізу саласындағы келісілген саясат жүргізу жөніндегі келісім;
6. Кедендік одақ тауарларымен сыртқы және ішкі саудада кедендік статистика жүргізу жөніндегі келісім;
7. Бірыңғай кедендік тарифтік реттеу туралы келісім;
8. Тарифтік квотаны қолданудың шарттары мен тетіктері жөніндегі келісім;
9. Бірыңғай кедендік тариф ставкаларынан ерекшеленетін және ерекше жағдайда тасымалданатын тауарларға кедендік баж ставкаларын қолданудың жағдайлары және тәртібі жөніндегі хаттама;
10. Тарифтік жеңілдіктер жасау жөніндегі хаттама;
11. Кедендік одақтың бірыңғай тарифтік артықшылықтар беру жүйесі туралы хаттама;
12. Үшінші бір мемлекетке қатысты тарифтік емес реттеулер жүргізу туралы бірыңғай шаралар туралы келісім;
13. Бірыңғай кедендік аумақта үшінші бір елдерге қатысты сауда жасаған кезде қолданылатын тәртіптер туралы келісім;
14. Тауарлармен сыртқы сауда саласындағы тауарларды лицензиялау ережелері туралы келісім.
КЕДЕНДІК ОДАҚ КОМИССИЯСЫ
2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Кедендік одақ комиссиясын құру туралы келісім-шартқа қол қойды. Осы келісім-шарт бойынша аталмыш комиссия тұрақты түрде жұмыс істеп Кедендік одақ аясындағы барлық мәселелерді реттеп отыратын болады. Кедендік одаққа кіретін мемлекеттер шеңберінде бұл комиссия қабылдаған шешімдердің орындалуы міндетті болып саналады. Бұл Кедендік одақтың аталмыш органының тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады. Сол сияқты аталмыш келісім-шарт бойынша кедендік одақ құрушы мемлекеттер сыртқы сауданы реттеудің нақты салаларында комиссияның құзырына бірқатар ұлттық өкілеттіктерді міндетті түрде кезең-кезеңмен беру қарастырылған. Мемлекет басшыларының 2009 жылғы 27 қарашада қабылдаған шешімдеріне сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кедендік тарифтік және кедендік емес реттеу салаларындағы өкілеттілік комиссия құзырына толық берілген.
Комиссия құрамына әрбір тараптан бір өкілетті тұлға кіретін болады: Беларусь Республикасынан – Үкімет төрағасының орынбасары Андрей Кобяков, Қазақстан Республикасынан – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Ресей Федерациясынан – Үкімет төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов. Комиссияда қаралатын мәселе бойынша шешім 2/3 тәртібімен көп дауыс беру негізінде қабылданатын болады. Бұл ретте комиссиядағы әрбір мемлекетке қатысты дауыс былай бөлінген: Қазақстан – 21,5 дауыс, Беларусь – 21,5, Ресей – 57 дауыс. Егер Комиссия қабылдаған шешімге тараптардың біреуі келіспейтін болса немесе қаралған шешім қажетті көп дауысқа ие бола алмаған жағдайда мәселе Кедендік одақтың жоғары органында қаралып, шешім консенсус бойынша қабылданады. Сонымен бірге, комиссия Кедендік одақтың құқықтық базасын қалыптастырған халықаралық келісім-шарттар негізінде кейбір мәселелер жөнінде консенсус арқылы шешім қабылдауға құқылы. Бүгінгі күнге дейін Кедендік одақ комиссиясының 12 отырысы болып өтті.
КЕДЕНДІК ТАРИФТІК ЖӘНЕ ТАРИФТІК ЕМЕС РЕТТЕУЛЕР
Кедендік одақтың кедендік-тарифтік реттеу тетіктерінің негізі мүше мемлекеттердің үшінші бір елге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізу жөніндегі бірыңғай кедендік тарифі (БКТ) болып табылады. Осы ретте айта кететін бір мәселе, Қазақстанның импорттық кедендік баж салығы ставкаларының жалпы санында (тауарлық номенклатура бойынша 10 белгі дәрежесіндегі 11144) БКТ-ны қалыптастырудың алғашқы кезеңінде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің баж салығының 40 пайызы (4500 код) бір-бірімен сәйкес келді. Міне, осы тізім БКТ-нің базалық кестесі ретінде алынды. Сөйтіп, 3 мемлекеттің үкіметтерінің алдына кедендік баж салығының 60 пайызын біріздендіру міндеті қойылды.
Кедендік баж салығын біріздендіру жұмысы барысында мынандай негізгі мәселелерге сүйенуге тура келді, ол бірінші, өзінің өндірістік құрылымы болу.
Белгіленетін кедендік баж салығы отандық өндірісшілерді қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. Егер мемлекеттің аталмыш тауар өндіретін өндірісі болмаған жағдайда, тұтынушылардың мүдделері толық ескерілуге тиіс.
Екінші, импорт құрылымы. Егер импорттың негізгі мөлшері ТМД мемлекеттерінің үлесіне тиетін болса немесе мұндай тауар аталмыш мемлекетке бірқатар жылдардан бері импортталмаған жағдайда аталмыш тауар кедендік баж салығының ставкаларын өзгертуге қатысты тауарлар қатарына жатпайды. БКТ-ны белгілеу кезінде Қазақстан 400 тауар түрлерін импорттаған кезде кедендік баж салығы ставкаларының ең төменгі мөлшерін қолдану жөнінде өз құқығын сақтап қалды. Бұл ретте өтпелі кезеңде мұндай тәртіп экономикамызды әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде импортталатын тауарларға қатысты қолданылатын болады. Мәселен, елімізде мұнай-химия саласының кәсіпорындарын дамыту, қалайы, қағаз және басқа тауарларды өндіруді арттыру жөніндегі бірқатар ірі жобалар іске қосылған, оның ішінде бірнешеуі шетел капиталының қатысуымен жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, өтпелі кезеңде дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, мұнай-химия саласына қажетті шикізат, қалайы, целлюлоза, қағаз өнімдерінен жасалған бірқатар бұйымдар, құрал-жабдықтар және басқа кейбір тауар түрлеріне ерекшеліктер берілетін болады.
Тағы бір атап көрсететін мәселе, Қазақстан Республикасының “Инвестиция туралы” заңының аясында “мақсатты импорт” атты тағы бір жеңілдік түрін кіргізу де жоспарланып отыр. Бұл режімге Кедендік одаққа мүше мемлекеттер аумағында сол мемлекеттердің үкіметтері белгілеген инвестициялық жобаларға байланысты пайдаланылатын технологиялық құрал-жабдықтар, оларға қажетті қосалқы бөлшектер, шикізаттар, басқа да материалдар жатқызылады. Олар импорттық баж салығынан босатылады.
Кедендік одаққа мүше мемлекеттер аумағында шығарылмайтын немесе шығарылған күннің өзінде техникалық талаптарға сәйкес келмейтін шикізат түрлеріне де жеңілдіктер жасалады. Қазақстан тарапы 10 жыл мерзімге, яғни 2010 жылдан 2019 жылдар аралығында шеттен әкелінетін тростникті қант-шикізатына импорттық баж салығын салмау жеңілдігін сақтап қалды.
Сондай-ақ, жеңілдетілген баж салығы тізіміне кірмеген мына тауарлар түрлері бойынша тиісті жеңілдіктер жасау жөнінде де арнайы келісім жасалынды.
Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері әкелетін 995 деңгейіндегі алтын құймалар. Бұл механизм алтынды инвестициялық құрал ретінде сатуды дамыту үшін қажет.
Кедендік одаққа мүше мемлекеттер халықаралық келісім-шарттар негізінде 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдаған кедендік баж салығы жөніндегі жеңілдіктер. Бұл жер қойнауындағы шикізатты игеру барысындағы халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Олимпиядалық және азиялық ойындарды өткізуге қажетті тауарларды баж салығынан босату.
Кедендік одақтың негізгі шарттарының бірі, үшінші бір мемлекетке қатысты ортақ сауда саясатын жүргізу болып табылады. Оған ортақ тарифтік емес саясат жүргізу мәселесі де кіреді. Осы мақсатқа орай 2009 жылғы 27 қарашада мемлекет басшылары дәрежесінде өткен Мемлекетаралық кеңесте “Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының кедендік одағында бірыңғай тарифтік емес реттеулер туралы” шешім қабылданды.
Іс жүзінде бірыңғай тарифтік емес реттеулерге мыналар енгізілген:
1. Кедендік одақтың комиссиясы тарифтік емес реттеулер жүргізу туралы шешім қабылдайды, атап айтқанда:
-экспортқа тыйым салу;
-экспортқа немесе импортқа сандық шектеулер қою;
-экспортқа немесе импортқа айрықша құқық беру;
-сыртқы сауда саласындағы лицензиялау;
-экспортқа немесе импортқа бақылау жасау.
2. Бүгінде Мемлекетаралық комиссияның және Кедендік одақ комиссиясының шешімімен Кедендік одаққа мүше мемлекеттер тарапынан тарифтік емес реттеулер жасалатын тауарлардың бірыңғай тізімі бекітілді.
3. Бірыңғай тарифтік емес реттеу шаралары экспорттық немесе импорттық тауарларды лицензиялау әдісімен жүзеге асырылатын болады.
Осы ретте ескертетін бір мәселе, импортқа, экспортқа және транзитке 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін беріліп қойған лицензиялар мерзімі біткенше күшін жоймайды. Ал 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кедендік одақтың мүшелеріне жаңа бірыңғай лицензиялар берілетін болады. 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін рұқсат бойынша жүргізілген тауарлардың импорты, экспорты және транзиті 2010 жылдың 1 шілдесіне дейін сақталады. Ескертетін жағдай, 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап бағалы металдар мен тастар лицензияланатын болады.
КЕДЕНДІК РЕТТЕУ
Кедендік одақтың Кедендік кодексі 2008-2010 жылдарда ЕурАзЭҚ шеңберінде кедендік одақ құру жөніндегі іс-қимыл жоспарына және 2007 жылғы 6 қазандағы кедендік одақ құру және бірыңғай кедендік аумақ қалыптастыру туралы келісім-шартқа сәйкес жасалынды. Кодекс қабылдау Кедендік одаққа қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумақ құру, сонымен бірге сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін барынша қолайлы жағдай туғызу мақсатында кедендік үдерістерді жеңілдету және үйлестіру қажеттігінен туындады.
Үш мемлекетке ортақ бұл Кеден кодексі Қазақстан Республикасының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Оның негізіне Киотта хаттамасы алынған. Кодекс құрылымы 8 бөлімнен, 50 тараудан, 372 баптан тұрады. Жаңа Кодекстің басты мақсаты Кедендік одақта бірыңғай кедендік кеңістік қалыптастыру, Кедендік одақ аумағында транзит үшін ортақ ахуал қалыптастыру, кедендік тіркеулер мен кедендік бақылаулардың күшін жою болып табылады.
Сөйтіп, Беларусь, Қазақстан және Ресей барыс жылының алғашқы күндерінен бастап экономикалық интеграцияның жаңа үлгісі – тәуелсіз мемлекеттер арасында ерікті түрде құрылған Кедендік одақ құрамына топтасты. Бұл жаңа құрылымның басты артықшылығы, Кедендік одақ құрамына ену арқылы қазіргі жаһандану дәуіріндегі болжаусыз экономикалық дауылдарға бірлесе қарсы тұратын болады. Отандық тауар өндірушілер үшін өнім өткізу рыногы ондаған есе ұлғайып, ел экономикасының бәсекелестікке қабілеттілігі шыңдалмақ.