Бұл елде саяси күштердің күресі белсенді жүреді. Біреулер оны демократияның жоғары деңгейі санаса, екіншілер демократияға жат, көпшіліктің пікірімен санаспау деп есептейді. Өткен жұмадан бері Польша сейміндегі қақтығысқа да солай баға беріліп жатыр.
Манила мен Вашингтон келіспейтін сыңайлы
Филиппин президенті Родриго Дутертеден әр нәрсе күтуге болады. Сөйтсе де оның: «Ей, Америка, білесің бе сен, Филиппиннен табаныңды жалтыратуға дайындал!» деген сөзінен кейін бұл екі елдің арасында жағдайдың мықтап шиеленіскенін аңғарасың.
Бұған дейін де Дутерде АҚШ-тың, оның басшыларының атына біраз ғайбат сөз айтып үлгерген. Бұл елдің елшісін «иттің баласы» десе, Барак Обаманы жезөкшенің баласы деп сипаттаған. Соған қарамай, АҚШ президенті «20 мықты ел» басшыларының басқосуында филиппиндік әріптесімен кездесіп, әңгімелескенде, жұрт мұны Обаманың кеңдігіне балаған. Содан кейін Дутерде де Вашингтонға қарай тым зәр шаша бермеген. Тіпті, жаңа сайланған президент Трамптың атына біраз мақтау сөз де айтқаны бар. Мұны жұрт АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартпақ ойы болған-ау деп қабылдаған еді.
Сонда Филиппин басшысының мына айқайының сыры неде? Сірә, Вашингтонның да шыдамы таусылған болар. 15 желтоқсанда АҚШ «Мыңжылдық бағдарламасы» бойынша жүзеге асырып келе жатқан Филиппинге қаржылық көмек беруін тоқтататынын мәлімдеді. Оған себеп – бұл елде заңды мойындамау және азаматтық еркіндік нормаларының бұзылуы екен. Мұны бұзған да ел басшысының өзі болып отыр. Бұрындары елде есірткіге қарсы күрес ұранымен мыңдаған адам сотсыз өлтірілді дегенді ақпарат құралдары, оппозиция айтып жатса, Дутерде оны енді өзі айтып отыр. Вашингтон соған сүйеніп мәлімдеме жасады.
Иә, Филиппин президенті 12 желтоқсан күні жұрт алдында сөйлеген сөзінде қылмыскерлерді сотсыз өлтіруге өзінің қалай қатысқанын айтып берді. «Мен мұны Даваода (сонда ол мэр болған) жасадым. Полициядағы жігіттерге көрсету үшін. Егер мен жасай алсам, сендер неге жасай алмайсыңдар, дедім», деді. Оның бұл сөзі әлемге тез тарады. Оны есітісімен Вашингтон жоғарыдағы мәлімдемесін жасады.
Бірақ бұған Дутерде айылын жиятын емес, «біз Американың ақшасынсыз да күн көреміз...» деді. Және оған «егер сендер осылай жасасаңдар, біз де солай жасаймыз» дегенді қосып қойды. Ондағысы – екі ел арасында 1998 жылы жасасқан келісім бойынша бұл елде АҚШ өзінің әскери базасын ұстай алады. Дутерде сол келісімді бұзамыз деп қорқытқан сыңайлы. Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша АҚШ Филиппинге 434 миллион доллар қаржы көмек берген екен. Әрине, енді олар көбірек бермесе де, Филиппиннің күн көретіні белгілі. Бірақ дос елін жауға айналдырғаннан бұлар не ұтады дейсің.
Дос дегеннен шығады, Дутерде АҚШ-қа осы шүйлігуі кезінде Ресеймен одақтасу мүмкіндігін де алға тосты. Сендер болмасаңдар, басқалар табылады дегені ғой. «Олар (орыстар) кемсітпейді, ішкі ісіңе араласпайды», дегенді де айтып үлгерді. Кім біледі, БҰҰ-ның Бас хатшысын ақымақ деп, Еуроодақты сайтанның сапалағы деп, бір елдің елшісін иттің баласы деп сипаттайтын адаммен, соның елімен одақтасып, абырой табу да қиын-ау.
Жалпы, Филиппин президенті өзінің ақылға сыймайтын әрекеттерімен, мәлімдемелерімен ерекшеленген басшы болып отыр. Ол билік құрған жарты жылдай уақытта елде есірткіге қатысты деген айыппен 5,6 мың адам сотсыз өлтіріліпті. Мұны әскердің, полицияның, еріктілердің қолымен жүзеге асырған көрінеді. Әсіресе, еріктілер белсенділік көрсетіп, 3,6 мың есірткішіні жойған екен. Мұндай жосықсыздық алда жалғаса бере ме деген сұрақ туады. Жауабы қиын сұрақ.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист