Үлкендердің өмірінің мәні – баланы қуанту. Бала шаттанса шын көңілімен шаттанып, мұңайса бар пейілімен мұңая қалады емес пе? Ата-ананың да бар пейілі баласында, қайтсем жүзіндегі кірбіңді жоямын, қандай сыйлық жасаймын, қалай қуантамын деумен күн кешеді. Міне, әне-міне дегенше жаңа жыл да келіп қалды. Балалар үшін нағыз күтпеген сый не болуы мүмкін? Әрине, үлкен әрі маңызды сыйлық – оның болашағына салынған инвестиция. Осы жылдың, яғни, 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін балаңыздың атына білім депозитін ашыңыз. 2018 жылдың қаңтарында банктің 14 пайыздық сыйақы мөлшерлемесіне қоса, мемлекет төлейтін 5-7 пайыздық жыл сайынғы алғашқы сыйлықақыға да ие боласыз.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы осы күні көптеген ата-ана БАҚ арқылы мол ақпарат алды деп есептейміз. Сол ақпараттарда Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің артықшылықтарына, ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Көпшіліктің ол туралы хабардар болуына мүдделілік басым. Себебі, тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр енді толған мемлекетіміздің алдына қойып отырған ірі мақсатының бірі – дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Ол үшін аға ұрпақтың ақылы мен білімін, тәжірибесі мен рухани әлеуетін пайдаланумен бірге өркениет жетістігін түгел меңгерген, өркениетке үлес қоса алатын білімді ұрпақ өсіру қажет. Естеріңізде болса, 1997 жылы Елбасымыз халыққа Жолдауында тұңғыш рет «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын жариялаған еді. Ондағы көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген, саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатумен бірге әлемнің ең дамыған жиырма елінің қатарына кіру болатын. Бұл біздің қоғамдық өміріміздегі ең құнды құжаттардың бірі екені ақиқат. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы экономикалық қиыншылықтарға, енді ғана тәуелсіздік алған жас мемлекеттің саяси тәжірибесінің кемшіндігіне қарамай алға үлкен мақсат қоя білу, дамыған елдердің қатарына қосылу, мықты мемлекет құру туралы идея айта білу Елбасының көрегендігін көрсететін қасиет. Бұл құжаттың құндылығы алыс болашаққа жоспар құруында, сол жолдағы негізгі бағыттарды айқындауында. Әрине, одан бері де қоғамдық өмірімізде талай стратегиялар жасалып, талай құжаттар қабылданып жатыр емес пе? Бірақ «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы көпшіліктің көкейіне үміт сәулесін құйған, «болашақта өзіміз болмасақ та, ұрпағымыз мықты мемлекетте өмір сүреді екен-ау» деген ойға жетелеген алғашқы құнды құжат болатын. Осы тұрғыдан келгенде көпшілігіміздің миымызда мықты мемлекетте өмір сүру үшін саналы, білімді ұрпақ өсіру керек деген идеяның кодталып қалғаны да жасырын емес.
Иә, саналы да білімді ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Оларға қоғамға, елге қызмет жасауды қалай үйретеміз? Жыл өткен сайын жоғары оқу орындарында оқытудың қиыншылықтары сезілу үстінде. Мемлекеттен бөлінетін грант саны да шектеулі. Бірақ мемлекетіміздің қол қусырып қарап отырмағаны да түсінікті. Өйткені, заманына сай білім алу, кәсіп меңгеру қай қоғамда да өзекті. Сол үшін білім саласын реформалау, ол реформада білім беру жүйесін барынша заманауи ортаға, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға сәйкестендіріп реттеп отыру мемлекеттің шаруасы. Бұл тұрғыда мемлекетіміздің халықтың жарқын болашағы үшін атқарып жатқан шаруасының бірі – жас ұрпақтың білім алуына жағдай жасауы, сол үшін жүйе қалыптастыруы. Және ол жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін мүдделілік танытып, жарнамалап, қадағалап, әрдайым жаңа деректерді алға тартуы да келешекке салынатын инвестицияның игілікті әрі мол болуын көздеуден туындаған әрекет деп түсіну керек. Несін жасырайық, келешекке салынатын инвестицияның мол болуы, яғни, балалардың атына ашылатын есепшоттар санының күннен-күнге артуы – біздің жарқын болашағымыздың кепілі емес пе?
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы әрбір ата-ана өзінің болашақтағы шығындарын азайтатыны анық. Мектеп бітірген балаға, дұрысы, ақылы оқуда оқитын студентке жыл сайын не әрбір семестр кезінде ірі көлемде ақша төлеп тұрғаннан гөрі сол ақшаны ерте бастан жинап, оның үстіне банк пен мемлекеттің сыйақысын алып, болашақты кепілдендіру әлдеқайда дұрыс екенін көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Біздің елімізде бұл жүйенің жұмыс істей бастағанына үш жылдың жүзі болды. 2013 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданып, мұның аясында Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы өзінің үйлестірушілік, бақылау және қадағалаушылық жұмысын бастап кеткен. Жүйенің кереметтігі – жоғары білім алуға жұмсалатын қаражатты 30 пайыздан 70 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретінінде, қаржылық түсімінің жоғарылығында. Ал жинақтау салымының немесе депозитінің бірегейлігі – мұнда жыл сайынғы банктің 19-21 пайыздың сыйақысына қоса 5-7 пайызға дейінгі сыйлықақының мемлекет тарапынан үстемеленетіндігі. Бұл орайда, «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан өте белсенді жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен, банк-қатысушыларды тарту жоғары деңгейде жүруде. Бүгінде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктер ретінде «Халық банкі», «Нұрбанк», «Цеснабанк» акционерлік қоғамдарын атай аламыз.
2016 жылдың 1 желтоқсандағы деректері бойынша, 15 937 жинақтаушының 7,8 миллиард теңге салым салғаны белгілі болды. Ал 2015 жылдың ақпан айында мемлекеттің алғашқы 4,7 млн теңге көлеміндегі сыйлықақысы, 2016 жылы – 325,6 млн теңге көлеміндегі сыйлықақысы бөлінді. Білім алушылар туралы мағлұматтарға қанық болу үшін «Қаржы орталығы» АҚ осы уақытқа дейін ЖОО-лармен 103 келісім, колледждермен 510 келісім жасасқан.
Қазіргі таңда Қазақстандағы оқу орындарында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында келісім жасасқан 214 салымшы білім алуда. Осы жүйе үшін ең бір айта қаларлықтай оқиға – бір мезетте 7 700 балалар үйінің тәрбиеленушілерінің атына «Бөбек» қоры тарапынан салым ашылуы. Одан бөлек, 2015 жылы «Нұр Отан» партиясының бірлесіп ата-ана қамқорлығынан тыс қалған 2 мыңнан аса балаға салым ашылған. Осылайша тағдыр талқысына түскен он мыңнан аса баланың атына салым ашылды. Олардың келешекте жақсы білім алуы, азамат қатарына қосылуы мақсатты түрде кепілдендірілді. Бұл орайда, «Өзіңнен баста» қайырымдылық акциясының да депутаттар корпусы мен спорт-бизнес қауымдастықтары, мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көргенін айту ләзім. Нәтижесі жаман емес сияқты. Өткенде ғана Олимпиада чемпионы Василий Левиттің балалар үйінің тәрбиеленушісі Алтынбек Бәйгебергеновтің атына салым ашуы соның айғағы.
Міне, «Қаржы орталығы» АҚ-та, түстеп айтқанда, Мемлекеттік білім беру жүйесінде жасалып жатқан жұмыстардың реті осындай. Орталық қатысушы банктерді көбейтуді, жылына бес мыңға дейін салымшы тартуды жоспарлап отыр. Ондағы мақсаты – әлеуметтік жағдайды жақсартып, ғылым мен техниканы дамытып, қоғамның тұрақтылығын, береке-бірлігін қамтамасыз ету және дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін білімді ұрпақты көбейтуге атсалысу. Құрметті ата-аналар, өз ұрпағыңыздың келешекте бақуатты да сапалы ғұмыр кешуі үшін сіздер де осы жүйеге қатысыңыздар!
Дәурен СӘДУАҚАСОВ