Елімізде балабақша жетіспеушілігі көптен айтылып келе жатқан проблема. Бір ғана Қарағанды облысында мыңдаған ата-ана кезекте тұр. Обалы не керек, мектепке дейінгі мекемелер ашылмай жатқан жоқ, жыл соңына дейін тағы да бес-алты балабақша іске қосылуы тиіс. Жақында ғана 150 орындық «Дарынды бала» жекеменшік балабақшасы ашылып, жұмыс істей бастады.
Қарағандының «Оазис» шағын ауданында орналасқан балабақша бүлдіршіндерді «Талант-менеджмент» бағдарламасы бойынша оқытып-үйретеді. Бұл осы бағдарлама негізінде ашылып отырған екінші балабақша. Мұнда, бірінші кезекте, баланың бойынан қандай да бір дарынның ұшқынын тауып, соны жетілдіруге, сәбиді ширатуға ден қойылады. Аталған бағдарламаны осы балабақшаның негізін салған Айнагүл Хамитова психология ғылымдарының докторы Айжан Изақовамен бірлесіп, 2014 жылы жасаған. Алғашқы «Дарынды бала» орталығы да сол кезде ашылып, 2015 жылы 45 орындық осы аттас балабақша пайда болды. Айнагүл ханым, сонымен қатар, әлеуметтік шаралармен де белсенді шұғылданады.
– Бала деген жан-жақты дамып, жақсы тәрбие алуы керек. Алғашқы балабақшада 40 баланың тәрбиесімен 17 педагог шұғылданса, қазір одан да көп. Балалар әртүрлі: біреулеріне музыка ұнаса, енді біреулері оны тыңдағысы да келмейді, бір балақайдың тәбеті жақсы болса, екіншісінің алдына қойған асқа қарағысы да жоқ, – дейді Айнагүл Хамитова. – Біз оларды ештеңеге күштей алмаймыз, тек олар мұның бәрі өзіне қажет екенін түсініп, түйсініп, жеке басының ынтасымен жасауына ықпал етеміз.
«Дарынды баланың» күнделікті кестесі бойынша музыка, шахмат, сурет пен актерлік шеберлік бойынша сабақтар жүргізіледі, әдеби, спорт үйірмелері, бассейн жұмыс істейді. Осындай негізгі деген үйірмелерді басқа жақтан іздеп жүргеннен осы бір шаңырақтың астында ұйымдастырылғаны – табылған ақыл. Балабақша психологтары бала тәрбиесіне қатысты ата-аналармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізіп, арнайы дәрістер өткізеді.
– Алғашқы «Дарынды бала» балабақшасын ашуға бір жарым жыл даярландық, – дейді Айнагүл Хамитова. – Қазір тұрақты тәрбиешілеріміз, бала бағушыларымыз және салалық педагогтарымыз бар. Тағамдар сапасына жіті көңіл бөліп, ішкі психологиялық ауанның дұрыс болуын қадағалап отырамыз. Балалар да, ата-аналар мен қызметкерлер де үнемі өзара емен-жарқын байланыста болуы шарт. Екінші балабақшаны үш ай ішінде аштық, екеуінің арасы да жақын.
Басшының айтуынша, жұмысқа қабылданатын мамандар жан-жақты сынақтан өткізіледі. Әр баланы ширатып, оның бойындағы қабілеттерді жетілдіру үшін қызметкерлерге қойылатын талап та жоғары. Қызметкердің кәсіби білім-білігінің жоғары болуы өз алдына, ол балаларды өз баласындай жақсы көріп, оларды баурай білуі керек. Жақында ұжымға жаңадан тағы да 25 адам қабылданбақ, олардың көбі жас мамандар. Балабақшаның өз оқыту секторы мен әдістемелік кеңесі бар. Жаңа қызметкерлер осы жерде біліктілігін арттыратын бағдарлама жақында бүкіл қоғамның назарына ұсынылмақ. Қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті бұл бағдарламаны Қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың өңірлік орталығының қарауына ұсынды.
Екінші «Дарынды баланы» Айгүл Хамитова өз қаражатына ашқан. Балалар мұнда білім бөлімі арқылы мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданады. Балабақшаға кезекті азайтуға аз да болса үлес қосып отырған бұл мекемеде бала тәрбиелеу ақысын қарапайым отбасының қалтасы көтереді.
– Алғашқы «Дарынды бала» 40 орындық еді, оған қазір тағы да 25 баланы орналастыруға болады, – дейді орта және жалпы білім беру бөлімінің маманы Әлия Базарбай. – Екінші балабақшаға балалар қабылдау қазір жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Қарағанды қаласының «Күнгей» және «Степной» шағын аудандарында да жаңадан екі жекеменшік балабақша ашылды.
– Мектепке дейінгі мекемелерді дамытуға мүмкін жағдайдың бәрі де жасалып отыр, – дейді Әлия Санатқызы. – Жекеменшік балабақшалар көбейіп келеді, оларға мемлекеттік тапсырыстар беріледі.
Иә, бұл да болса балабақша кезегінде тұрған ата-аналарға көп көмек. Дегенмен, Қарағанды қаласында әлі алты мыңдай сәби кезекте тұр. Жыл соңына дейін осындай жеке бірнеше балабақша ашылуы тиіс. Таяуда Қарағандының Крылов көшесінде бір балабақша ашылса, бірнеше күннен соң Керамическая көшесінде 100 орындық және Майқұдық тұрғын аумағында 320 орындық екі үлкен балабақша ашылады. Сонымен қатар, «Кең дала» шағын ауданында 400 балаға арналған «Шаңырақ» атты мемлекеттік балабақша іске қосылады. Сонда кеншілер қаласындағы балабақшаға деген сұраныс біршама азаятын сыңайлы. Жауапты орындар алдағы уақытта да қарап отырмайды, келесі жылы ашылатын мектепке дейінгі мекемелер бұдан да көп болады деген үміттеміз.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ
Суретті түсірген
Дмитрий КУЗМИЧЕВ