Жуырда Сенат кейбір заңнамалық актілерге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап, қабылдады. Бұл қоғамның көптен күткен құжаттарының бірі еді. Біз қабылдаған заң туралы сенаторлар Г.Ким, С.Еңсегенов және Д.Құсдәулетовтің пікірлерін жазып алған едік.
– Георгий Владимирович, қабылданған заңның маңызы туралы пікіріңізді білсек.
– Бұл заң бүгінгі таңда аса қажет, өзекті мәселені шешуге бағытталған. Біріншіден, ол Мемлекет басшысының қауіпсіздік мәселесін басымдықпен шешетін заң жобаларын әзірлеу жөнінде үстіміздегі жылдың қыркүйек айында берген тапсырмасын орындауға бағытталған. Екіншіден, біздің еліміздің халықаралық келісімдер бойынша алған әлеуетті қатерлер мен тәуекелдерді азайту жөніндегі міндеттерін іске асырып, әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздік институттарымен интеграциялануды көздейді. Үшіншіден, бұл заң Қазақстанның терроризм бойынша дүниежүзілік индексіндегі орнын жақсартады.
Қазір біз 162 мемлекеттің арасында 94-орын алып тұрмыз. Біздің көршіміз Ресей 30, Қытай 23-орында. Сонымен қатар, бұл заң бизнестің терроризмнің кесірінен келетін қаупіне байланысты тежелуін де төмендетеді. Әзірге бұл индекс бойынша біз 66-орындамыз. Міне, заңның осындай пайдалы жақтары бар.
– Сәрсенбай Құрманұлы, қабылданған заңның қажеттілігі туралы не айтар едіңіз?
– Терроризм және экстремизммен күрес бүгінгі таңда әлемдегі ең өзекті проблеманың біріне айналып отыр. 2015 жылы ғана терроризмнің кесірінен дүние жүзінде 29 375 адам қаза болған екен. Жаһандық экономикаға тигізген әсері 89,6 млрд АҚШ долларына тең екені анықталған. Біздің елімізде де терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту қажеттігі алға тартылып отыр. Мемлекет басшысының өзі 2016 жылдың 1 қыркүйегінде Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Қазақстан барлық әлем елдері секілді терроризммен бетпе-бет келді» деген болатын және аталған қатерлерге қарсы күресті өрістету үшін жаңа заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма берген еді. Мына заң сол тапсырманы іске асырып отыр.
– Заң сол талапты толығымен орындайтынына сенімдісіз бе? Олқы тұстары жоқ па?
– Өкінішке қарай, олқы тұстары бар. Мәселен, жаңа заңмен Қылмыстық кодекстің 15 бабына өзгерістер енгізілген. Олар терроршыларға қарсы жаза мөлшерін 2 жылға ғана арттырумен шектелген. Терроризм мен экстремизм қауіпті қылмыс екенін ескере отырып, жаза мерзімін 2 жылға ғана арттыру оның пәрменділігін көрсетпейді деп ойлаймын. Болашақта бұл мәселеге қайта оралу керек шығар.
Сонымен бірге, қылмыс құрамы бірдей, қылмыстық әрекеттер бағытталған объектісі де бірдей жағдайдағы жазаның екі түрлі болғаны сұрақ тудырады. Мысалы, 173-бапқа өзгеріс енгізілген. Бұл бап бойынша халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасаған лаңкестерге берілетін жаза белгіленген. Осы бап бойынша жаза екі жылға ғана арттырылған. Ал дәл осындай қылмыс құрамын жасап, халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасаған лаңкестерге берілетін 255-бапқа енгізілген өзгеріс қылмыскерлерді бас бостандығынан айырумен қатар, өлім жазасын беруге дейін өсірілген.
Әрине, бұл жерде Қылмыстық кодекстің тарауларына байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Дегенмен, алдағы уақытта терроризм мен экстремизмге қатысы бар адамды жазалау туралы баптарды тереңірек зерделеу қажет деп ойлаймын.
– Дулат Рашитұлы, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте жаңа заңның негізінде қандай шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Заң терроризм мен экстремизм бағыттарында қылмыстар жасағандарға жазаны ауырлатуды көздейді. Сондай-ақ, ататын қару айналысын бақылауды арттыруды, көші-қон үдерістерін қадағалауды және терроризмге қарсы заңнаманың сақталуын күшейтуді қарастырады. Осы өзгерістердің бәрі әлемде және елімізде орын алған террористік актілерге жауап ретінде жасалған.
Сонымен қатар, заңдағы кейбір шаралар постфактумдық сипатта екені көрініп тұр. Заң жасалған қылмыстық әрекеттердің салдарын қарастырады. Меніңше, мемлекет алдын алу шаралары мен қылмыстың себептерін де ескеруі керек. Сондықтан еш нәрсені де кейінге қалдырмай тап бүгіннен бастап терроризмге қатысты превентивтік шаралар кешенін қабылдау керек деп санаймын. Тұрғындар арасындағы радикалды көзқарастағы және радикалдар ықпал ететін адамдар тобымен жұмыс істеу керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының теріс діни ағыммен уланған лаңкестер отырған колонияларға имамдарды жіберіп, дұрыс уағыз айтуы қажеттігі туралы жуырдағы бастамасы өте орынды болды. Жастардың үлкен тобы радикализмге нақты жазасын өтеу орындарында тартылады.
Мәселен, жуырда Алматыда араб тілін үйретеміз деген желеумен адам жинап, іс жүзінде террористік әдебиеттер таратқан топ әшкереленді. Осындай топтарға қарсы жұмыстар да тұрақты жүргізілуі керек.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»