23 Желтоқсан, 2016

Ет өндірісін 1,3 есе арттыру жоспарлануда

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ет өндірісі 1,3 есе артпақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мәлімдеді. «Бағдарламаның басты мақсаты – нарықтарда аса қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету. Өз кезегінде, оған қол жеткізу үшін 4 бағдарламалық мақсат пен 16 міндет тұжырымдалды. Екінші бағдарламалық мақсат ауыл шаруашылығының басымдыққа ие түрлерінің көлемін арттыруға бағытталған. Ол үшін мал шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру міндеті тұр. Осыған байланысты жануарларды азықтандыру рационын сақтау арқылы жем-шөп дайындау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Яғни, елдік ауқымдағы жем-шөп балансын әзірлеу қолға алынады. Үшінші бағдарламалық мақсат – АӨК-ті дамыту үшін негізгі ресурстар түрлерін тиімді пайдалану. Бұл орайда АӨК субъектілерін субсидиялау мен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес компаниялары арқылы несиелендіру жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізу жоспарлануда. Аталған жүйені жетілдіру аясында тиімсіз 6 субсиядиялау түрі жойылып, 34 субсидиялау түрінің критерилері өзгереді», – деп атап өтті Е.Ахметов. Сонымен қатар, департамент директоры өсімдік шаруашылығы тиімділігін егіс алқаптарын диверсификациялау арқылы арттыруға болатынын айтты. Осы мақсатта өңірлердің ерекшелігі мен дақылдар бойынша егістік алаңдарының есебі жүргізілді. Алдағы уақытта босатылған аумақтар арпа, сұлы, жүгері егістіктерімен алмастырылады. Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".