«ИЫҰ ықпалдастық қорына» 500 000 АҚШ долларын аударады
Осыған дейін өз еркімен мойнына алған міндеттерге сәйкес, Қазақстан «ИЫҰ ықпалдастық қорына» гуманитарлық дағдарысқа душар болған Сомалиге көмек ретінде 500 000 АҚШ долларын аударатын болады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті №967 Өкімі 26.08.2011 жылы шығарылған болатын, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
17 тамызда Ыстамбұл қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың төрағалығымен өткен ИЫҰ Атқарушы комитетінің жедел министрлер отырысы Сомалиге көмек көрсету мен ықпалдастықты үйлестіруге бағытталған еді. Жиналыс жұмысына Сомали Президенті Шариф Ахмед, Түркия Премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоған, ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы, министрлер және басқа да 36 мүше мемлекеттердің жоғары мәртебелі өкілдері қатысты.
«Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы ретінде мұсылман ағайындарымызға нақты көмек берумен шектелмей, Президент Н.Назарбаевтың маусым айында Астанада айтқан Ұйым шеңберіндегі азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін құру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында ИЫҰ бағытындағы әріптестерімен ынтымақтастықты белсендендіре түсуге ниетті, – деп атап өтті өз сөзінде Е.Қазыханов. – Жедел іс-әрекеттермен қатар, біз ұзақ мерзімді азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағын да қарастыруымыз қажет деп сенемін».
Министрдің айтуынша, Сомали үшін құрылып отырған қор төрт орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік ашады, оған азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету және экономикалық қайта жандану кіреді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше жағдайлар қорынан бөлініп отырған, республикалық бюджетте 2011 жылға Қазақстан аумағындағы және шетелдердегі табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға қарастырылған қаражат Сомалиге ресми гуманитарлық көмек ретінде «ИЫҰ ықпалдастық қоры» есебіне аударылатын болады.