Қазақ тілінің қадірін арттырып, көсегесінің көгеруіне іс қағаздары мен ресми құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуінің көмегі көп қой. Биылғы жылдың 9 айында Жамбыл облысы әкімінің аппаратынан, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінен жолданған шығыс құжаттары 100 пайыз мемлекеттік тілде орындалыпты. Тек, Сарысу ауданы әкімдігінен шыққан құжаттардың қазақ тіліндегісі 99,0 пайызды, Қордай – 97,0, Меркі – 95,0 пайызды құраған. Басқармалардың да барлығында дерлік бұл талаптың орындалуы 100 пайызды құрайды.
Жамбыл облысындағы 7524 мемлекеттік қызметшінің 7242-і мемлекеттік тілді жетік меңгерген. 231-і оқып түсіне алатындар, ал 51 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Мемлекеттік тілді мүлдем меңгермеген қызметшілер негізінен Жамбыл облысы ішкі істер департаменті мен Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жұмыс атқарады екен.
Сондай-ақ, Меркі, Мойынқұм аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы жинақ папкалары мүлдем жоқ. Яғни, мемлекеттік бағдарламаның орындалуы барысында ауылдық округтермен жүргізілген жұмыстар туралы мәлімет жоқ деген сөз. Ал аудан, ауылдық округ әкімдерінің қолдарымен жолданған шығыс хаттарда өрескел грамматикалық қателер өріп жүр. Тіпті, жолданған хаттардың басым бөлігінде хаттың басы және соңы мемлекеттік тілде, негізгі мәтіні мен қосымша кестелері орыс тілінде жазылғандары да болыпты.
Осы ретте облыстағы мемлекеттік қызметшілер арасында алғаш рет тіл сауаттылығын арттыру және орфографиялық тіл нормаларына мән беру, сауатты қоғам болудың маңыздылығына назар аудару мақсатында «Тіл сауаттылығы – басты міндет!» атты онлайн режімінде ашық жаппай диктант жазу акциясы өткен. Бұл акцияға барлық аудан мен Тараз қаласынан 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысып, нәтижесінде үш-ақ қызметші барлық мәтінді қатесіз орындап, «5» деген баға алыпты. Сондай-ақ, 57 қызметшіге «4» деген баға, 161-іне «3» деген баға қойылған. Ал 447 қызметші, яғни қатысушылардың 67 пайызы «екілік» арқалап қайтқан.
– Үш тілді оқыту курстарына 2347 тыңдаушы тартылған, – дейді Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева. – Ал мемлекеттік тілді оқыту курсында 1526 тыңдаушы оқуда. Биыл тілдік орта қалыптастыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандық бөлімшелерде үш тіл бойынша (қазақ, орыс және ағылшын тілі) тыңдаушылар арасында қосымша үйірме жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда үйірмелерге жазылған тыңдаушылардың саны – 284 адам. Барлық курстар аптасына бір рет жүргізіледі. Әйтсе де, тыңдаушылардың оқыту курстарына қатысу деңгейі көңіл көншітпейді. Курстарға жазыла тұра, түрлі сылтаулармен толық аяқтамай, сабақ келесі күнге жылжытылып, оқыту мерзімі ұзартылуда. Осыған байланысты, мекеме басшылары тарапынан осы мәселеге назар аударып, оқу процесіне тыңдаушылардың толық қатысуын міндеттеу және бақылау жүргізу қажет деп санаймын.
Қалай айтсақ та, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін көтеру мен маңыздылығын кеңінен насихаттау жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Биыл тіл саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаражат 2012 жылмен салыстырғанда 46,3 пайызға өсті. Жамбыл облысындағы 87 этностан құралған 304 951 өзге ұлт өкілдерінің 61 пайызға жуығы – қазақ тілін еркін меңгергендер. Бұл өзге ұлт ұлыстарының мемлекеттік тілдің келешектегі толыққанды сұранысына сеніп, жарқын болашағына үміт артуының бірден-бір дәлелі болса керек.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы