2 қыркүйек күні Қазақстан құрама командасы Түркия командасынан 2:1 есебімен ұтылды. Алайда, қалай ұтылды десеңші? Керемет ойын көрсетіп, осы жылдың ең әдемі голын соғып ұтылды.
Сол кеште бәрі болды. Ұлан Қонысбаевтың керемет голы да болды, соғылмаған пенальти, есептелмеген гол, кездесу соңында жеңіліс те болды. Әйтсе де біздің жігіттер керемет ойнады!
Бұл ойынның алдында біздің құрамамыз Түркиямен 90 минөт тең ойнар деп ойлаған адам аз болар. Олар ФИФА рейтингінде 24- орында тұрса, біздің кұрамамыз – 126- орында. Мұның өзінен футбол әлемінде біз түрік бауырларымыздан қандай алшақ екендігімізді түсінуге болды.
Кездесу басынан бастап-ақ біздің кұраманың ойыны өзгергені көрінді. Ұлттық құраманың тізгінін Мирослав Беранек алғалы ойынымыз күннен күнге жақсарып келе жатқанын айту керек. Бірінші минөттерден-ақ түрік футболшылары шабуылға шықты. Бірақ біздің қақпаны Александр Мокин тасқамалдай сақтап отырды. Түріктердің шабуылына біздің жігіттер Гридиннің баспен ұрған соққыларымен жауап берді. Соққылардың екеуі де бағанадан жоғары өтті. Дегенмен, таймның ортасында Сельчук Инанның ауадан берген пасынан кейін Бурак Йылмаз допты жерге түсірмей теуіп, қақпаға кіргізді. Бұл жерде Александр Мокин қақпадан ерте шығып, қате жіберіп алғанын айту керек. Сонымен 1:0. Бірінші тайм осындай есеппен бітті.
Екінші таймда ойын әлдеқайда қызығырақ өтті. Чех маманы Мирослав Беранек үзілісте біздің жігіттерге не айтқаны белгісіз. Не айтса да, үзілістен кейін қазақстандықтар алаңда сәйгүліктей желе бастады. Бұл көп ұзамай өз нәтижесін берді. Түркия құрамасының біздің қақпамызға жасалып жатқан шабуылдарының біреуінде Юрий Логвиненко допты алға шығарып, оны Ұлан Қонысбаев іле сала оң қапталмен ала жөнелді. Түркияның тасқамал қорғанысынан өте алмайтынын біліп, Ұлан 20 метрдей жерден допты әуелете Волкан Демирельден асырып жібере салды. Доп тоғыздықтан табылды. Қонысбаевтың бұл голы ел ішінде талай айтылатыны анық. Сөйтіп, Ұлан құрама тарихындағы ең әдемі голды соқты. Түріктер қақпамызды одан әрі тори бастады. Алайда Мокин өз орнында болды. 10 минөт өте келе біздің қақпамызға пенальти берілді. Доп Мұхтаровтың қолына тиіп кетіпті. Соққыны жасауға Бурак Йылмаз келді. Доп бағанаға тиіп, кері серпілді. Ойын теледидардан көрсетілсе, экран алдында отырған талай қазақ “Уфф!!!” деп тыныс алар еді-ау.
Алайда, сынақтар мұнымен біткен жоқ. Ойынның бітуіне 13 минөт қалғанда сол Бурак допты біздің қақпаға баспен кіргізді. Қуанышқа орай, француз төрешілері бұл голды санамады. Олардың ойынша бұл жерде қақпашыға шабуыл жасалыпты. Бұл шешіммен түрік футболшылары талай таласты. Бірақ гол саналған жоқ. Төреші ойынға 4 минөт қосты. Қосымша уақыттың екіншісінде Түркия құрамасының ойыншысы Сельчук Инанға қызыл қағаз көрсетілді. Ол алаң жиегінде Генрих Шмидтгальге қарсы қауіпті ойнаған еді. Бұдан соң Сергей Гридиннің доп соғатын жақсы мүмкіндігі бар еді. Алайда, оның добы қақпадан санаулы сантиметр ары кетті. Ойынның соңына санаулы секөндттер қалғанда Мұхтар Мұхтаров Буракпен соқтығысып, француз төрешісі біздің қақпаға айып соққысын берді. Соққыны орындауға Арда Туран келді. Арданың соққысынан ыршыған доп Юрий Логвиненконын аяғына тиіп, біздің қақпаға кірді. Ойын аяқталды, есеп 2:1! Сонымен “Тюрк Телеком Аренада” болған спектакль, біз үшін драмамен бітті!
Бұл ойын қазақ футболының әлі де болашағы бар екенін айқын көрсетті. Басты мәселе дұрыс бапкер табуда екен. Қазір осы ойыннан кейін жанкүйерлердің көбі Беранек ұлттық құрамаға бапкер болып келгелі бері жылдар бойы тастай қатқан сеңнің қозғалғанын айтуда. Шынымен де чех маманы біздің құрамаға жаңаша ойлауды, жаңаша көзқарасты әкелгені көрініп тұр. Әйтпесе, біздің түріктерден Ыстамбұлда алғаш рет 4:0, одан кейін Алматыда 6:0, сосын Астанадағы су жаңа «Астана – Арена» стадионында 3:0 есебімен жеңілгенімізді бәрі жақсы біледі. Енді міне, тағы да жеңілсек те алдыңғы ойындардағыдай ірі есеппен емес, бар-жоғы бір доп айырмашылығымен жеңілдік. Бұл кездесуде Қазақстан құрамасының қалай ойнағанын футболдан хабары бар адамның бәрі көрді. Оны біреулер теледидардан, басқалары интернет сайттардан көріп отырды. Өкініштісі сол, осы жолы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тағы да сырт алаңнан миллиондаған жанкүйерлерге матчты ұсына алмады. Біз сияқты қалада тұратын азаматтарға кез келген жерде интернет не кабельді телеарна арқылы футболды іздеп жүріп көре алатынымыз жасырын емес. Ал кешке өрістен келген малын қораға қамап, күні бойы футболды күтіп жүрген ауыл ағайынының матчты тамашалай алмағанда қандай күйге түсетінін түсінген адам жақсы біледі. Абырой болғанда осы матчты спутниктік «KZ SPORT 1» телеарнасы көрсетті. Ал біз ұлттық арна көрсетпеген соң, www.vmire.tv сайтына кіріп матчты тамашалай алдық. Басқа интернет сайттар да ойынды көрсетіп жатты. Енді келесі, 6 қыркүйек күні Әзербайжанмен болатын Бакудегі ойынды, одан кейін Бельгиямен өтетін кездесуді «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирден ешқандай кедергісіз көрсетсе, осы айдан бастап толық мемлекеттік тілге көшкен аталған арнаны миллиондаған жанкүйер одан сайын қызыға тамашалайтыны сөзсіз. Біз осындай ойындарды таза қазақ тілінде репортаж беріп, көрсету арқылы футбол десе ішкен асын жерге қоятын өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілге құрметпен қарауды үйретіп, тіл үйренемін деген талпынысына жағдай туғызатын едік қой. Ал Түркияда осы ойынды 12 телеарна көрсетті деп естіп жатырмыз. Жалпы, Анадолы елінде 22 спорт телеарнасы жұмыс істейді екен. Алдыңғы күні соның 12 телеарнасы бір демде матчты көрсетіп шықты. Оның үстіне ойын біткен соң күні бойы барлық арналардан сараптамалық материалдар, қызықты көріністерді қайталау, футболшылармен сұхбаттардың бәрі-бәрі көрсетіліпті. Міне, Ислам дінінен кейін екінші орында тұратын футболға деген Түркияның құрметі осындай. Кешегі ойында футболға деген құрметті Мемлекет басшысы Абдолла Гүл де көрсетті. Ол кезінде өзі де «Бешикташ» клубында ойнаған болатын. Сол кезде оның негізгі құрамда 6 ойын ойнап, дипломатиялық жұмысқа ауысқанын білеміз. Осы матчты ол бастан-аяқ тамашалап, демін ішіне тартып отырды. Кездесуде біздің Ұлан Қонысбаевтың 55 минөтте есепті теңестіргенде, ел президенті ғана емес, манадан бері айғай-шуға басып, жігіттерін жігерлендіріп отырған 40 мыңнан астам түрік жанкүйерлерінің бір сәтте сап тиылғанын да көрдік. Осы голдан кейін түріктер қазақтарды бір қалпақпен ұрып алатын құрама емес екендігін мойындады деуге болады. Тағы айтатын нәрсе, аталған ойынды «Тюрк Телеком Арена» стадионында 2,5 мыңнан астам қазақстандық жанкүйер тамашалады деген дерек бар. Кеше осы деректі нақтылау үшін елден матчты тамашалауға барған азаматтардың бірі Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Жандос Медимановтан сұрастырғанымызда, ол өзінің оншақты туысқанымен ойынды көргенін, Астанадан Түркияның Қазақстандағы елшілігі жасаған жеңілдікпен барып қайтуға 68 мың теңге жұмсағанын, осындай билеттерді 70-тен астам отандастарымызға таратқанын айтты.
Қорыта айтқанда Түркиямен ойын бізге Әзербайжанмен ойынның алдында сынақ алаңы болғаны сөзсіз. Біздің келесі қарсыласымыз да оңай шағылатын жаңғақ емес. Дегенмен, намысқа тырыссақ Бакуде олардың алдын орауға болады. Тек құрамада Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Давид Лория сияқты ойыншылардың болмай жатқаны өкінішті. Смақов құрамадан кететінін оншақты күн бұрын айтқан. Жастарға орнымды беремін деп өзі құрамадан кетіпті. Әзербайжанмен ойынға Мұхтар Мұхтаров та қатыспайтын болды. Оның орнына Михаил Рожков немесе Қайрат Нұрдәулетов шығады деген дерек бар. Көбіне Нұрдәулетовтің есімі жиі аталады. Айтқандай, осы ойында Түркия ойыншыларына Қайрат пен Ұланның және Шмидгальдің ойын өрнегі көбірек ұнаған көрінеді. Ал Мұхтаров жарақат алған соң құрамада біршама уақыт ойнамайтын болады. Ол Түркиямен ойында Арда Туранмен соқтығысып, мұрнын қатты зақымдап алыпты. Сол кезде Арда өзінің кінәсін түсініп, ойын аяқталған соң Fair play ережесі бойынша Мұхтардан кешірім сұрауға барғанда Шымкенттің «Ордабасы» командасының ойыншысы өзінің шешесі мен келіншегі түрік болса, екі жасар баласының аты Арда екенін айтқанда Арда Туран үстіндегі майкасын шешіп, Мұхтарға бауырластық сезімін білдіріпті.
Сөз соңында айтатын тағы бір нәрсе, матчтан кейін ФИФА және УЕФА өкілдері Түркияның Қазақстан қақпасына ойын кезінде соққан добы есептелуі керектігін айтып, бірақ ол саналмаған соң қапталдағы төрешінің жұмысына төмен баға беріп, оның балын кемітіп тастапты.
Енді құрамамыздың келесі ойыны 6 қыркүйек күні Әзербайжанмен болады. Ол ойыннан біз тек жеңіс күтеміз. Себебі өткен ойыннан кейін олай айтуға негіз бар!
Рахман ӘБДИЕВ.