26 Желтоқсан, 2016

Аллотей: Мен Қанат Исламды нокаутқа түсіремін

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
WBO Intercontinental белбеуі үшін болған жекпе-жекте қазақстандық Қанат Исламнан (22-0, 18 КО) жеңіліп қалған ганалық боксшы Патрик Аллотей (35-3, 28 КО) қазақстандықпен тағы да жұдырықтасқысы келетінін айтты, деп хабарлады Vesti.kz. Боксшының айтуынша, ол төрешілер дұрыс шешім шығармады деп есептейді екен. "Мен соңғы жекпе-жекте ұпай саны бойынша жеңдім (Ганада жұдырықтасқан отандасы Джорджио Амизуды айтып отыр). Амизумен жекпе-жек оңай болған жоқ. Оны нокаутқа түсіргім келді, бірақ мұнда бастысы жекпе-жекті бақылауда ұстауым керек болды. Әдіс бойынша жекпе-жек сәтті болды", - деді Аллотей. Сонымен қатар, боксшы әлем чемпионы болуды мақсат тұтатынын айтты. "Келесі жекпе-жегімнің қашан өтетінін білмеймін, себебі менің промоутерім жоқ", - дейді ол. Сұхбат барысында ганалық боксшы Қанат Исламмен тағы да жұдырықтасқысы келетінін айтты. "Тағатсыздана күтіп жүрмін. Себебі төрешілер дұрыс шешім шығармады. Бұл жекпе-жекте жеңіске жеткенімді білемін. Реванш болса, мықтырақ екенімді дәлелдеймін. Мүмкіндік беріңіздер, сонда мен Исламды нокаутқа түсіремін", - деп мәлімдеді ол. Ал осыған дейін Қанат Исламның жекпе-жекті нокаутпен жеңуге жарақаты кедергі болғанын мәлімдеген болатын. Ганалық боксшы бұған қатысты былай пікір білдірді: "Қанат өзін-өзі алдап жүр! Қолын жарақаттап алуын мен мәжбүрледім. Менің де екі қолыма зақым келді, бірақ мен бұл жайлы ешкімге айтпадым да. Егер ол мені нокаутқа түсіремін деп сенсе, тағы бір кездесейік. Қанат Исламды құрметтеймін, бірақ жекпе-жек Қазақстанда өтпесе, нәтиже басқаша болар еді", деді ол. Естеріңізге сала кетсек, Қанат Ислам мен Патрик Аллотейдің жекпе-жегі Алматыда 29 қазанда өткен болатын.