Шымкенттің бір топ тұрғыны өрістегі малдарының ұшты-күйлі жоғалып кете беретіндігінен полицияға шағымданған. Осындай оқиғалар жиілеп кеткеннен кейін Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің тәжірибелі полицейлерінен жасақталған жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл іске кіріседі.
Мұндай шұғыл топ құрылғанынан оншалықты хабары жоқ ұрылар қылмыс үстінде қолға түсіп қалады. Сөйтсе, қаншама отбасының ырыздығын жеп, дандайсып кеткен ұрылар алыстан келмепті, мал ұрланған ауылдың екі тұрғыны болып шыққан. Біреуі 1982 жылы, екіншісі 1998 жылы туған күдіктілер еш жерде жұмыс істемейді екен. Жұмыс істемейді екен деп біреу бала-шағасын бағып бермейді. Ал еңбек етіп нан табуға екеуінің де оншалықты құлқы жоқ. Сондықтан қауіптілеу болса да ұрлық жолды таңдапты.
Полицейлер тексере келгенде ұрлық құрылымы бір-ақ ізге құрылғанын анықтаған. Таңертеңгілік малдарын өріске айдап салатын тұрғындар оның соңынан сабылып жүретін қарауыл қоймайды. Сондықтан сауын сиырлар бұзауы үшін келгенімен, суы, оты мол жерден торпақ-тана, ұсақ мал кете қоймайды. Осының бәрін ой елегінен өткізген екеу құрығын қылтыңдатып, жүгенін сылдырлатып дегендей, көз байланған шақта өріске келе қалады. Кішігірім малды қаумалап ұстап алып, уақыт кең болса боршалап сойып алады да машинаға тиеп тайып тұрады. Қазір не көп, арзан етке аларман көп. Қайдан алдың деп тергеп жатқан олар жоқ. Базарда ет сататын қасапшылар оңай олжадан өлсе айырыла ма, тағы әкел деп жалаңдап тұрады.
«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, малы ұрланған адамдардың бейқамдығы мен полицейлердің жайбарақаттығын пайдаланған екеу, тіпті тапа тал түсте де өріске барып, мал әкететінді шығарған. Кейін олардың 18 мал ұрлығына қатысы барлығы анықталған.
Бүгінде олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Олардан ұрланған малдан түскен ақшаның бір бөлігі қайтарылды. Полицейлер мал иелеріне қырағы болуларын тапсырып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы